Абай және Әлихан
Дереккөздеріндегі Абай кітапханасы
I бөлім: Абайдың Сенатқа жазған хаты
II-бөлім
Шындығына келсек, Абай кітапханасының нақты көлемін анықтап беретін хатқа түскен екі-ақ құжат бар. Анығына келгенде үш құжат. Үшінші құжат туралы сөз сәл кейінірек. Әуелгі сөз көпке белгілі екі құжат: Американ жазушысы әрі журналисі Джордж Кеннанның «Сибирь и ссылка» кітабы мен Әлихан Бөкейханның 1905 жылы, Абайдың қайтыс болғанына жыл толуына орай орыс тіліндегі «Семипалатинский листок» газетінің №250-252-сандарында жарық көрген «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» атты азнама мақаласы хақында.
Джордж Кеннанның «Сибирь и ссылка» кітабы әуелі 1891-жылы Лондонда, содан соң 1906 жылы Санкт-Петербургте орыс тіліне тәржімаланып, жарияға шыққан. Аталмыш кітабында Джордж Кеннан жер аударылған орыс революционерлерімен қатар Абай Құнанбаев туралы да сөз қозғайды.
Ол былай дейді: «Леонтьев маған Семей қаласы кітапханасының қалай жұмыс істей бастағанын баян етті. Кітапхананың жер аударылып келген мұңлықтарға ғана уаныш емес екенін, қала халқының ой өрісінің кеңейтерлік рухани азығына айналғанын да айтып өтті.
– Керек десеңіз, бұл кітапхананы қазақтарға шейін пайдаланады. Мен Ибрагим Кунанбаев деген қарт қазақты білемін. Ол – кітапхананың байырғы оқырманы. Тіпті, ол Милль Бокль, Дрепер сынды авторларды да оқиды.
– Семейде Милль мен Дрепердің еңбектерін оқуға дәрмені жетерлік қазақтардың болғаны ма? – деп, бір студент таңдана дауыстады.
– Маған сенсеңіздер осы. Ол қазақпен кездескен алғашқы күннің өзінде-ақ, ол өзінің білім парасатымен мені таңғалдырды. Ол менен индукция мен дедукцияның айырмашылығын түсіндіруді сұрады. Содан бері оның ағылшын философтарының еңбегін егжейлеп зерттеп жүргенін және атаған авторлардың әммесін түгел оқығанына көз жеткіздім.
– Сонымен сіз, ол қазақты сол оқығандарын түгел түсінеді деп ойлайсыз ба? – деп, манағы студент жігіт қайта өршеленді.
– Дрепердің «Европаның ой өрісінің өркендеуі тарихы» атты кітабы жайынан мен одан екі түн эмтихан алдым. Соған қарағанда оның түсінгеніне сенемін...» (Садық Қасиманов. «Абай есімі американ әдебиетінде». Мақала. «Қазақ әдебиеті». 25 декабрь 1964 жыл. №52. (727))
Саяси көзқарасы үшін 1884 жылы Семейге жер аударылып келген А.А.Леонтьевтің өз аузымен айтылып, американ жазушысы әрі журналисі Джордж Кеннан хатқа түсірген бұл жазба – XIX ғасырдың 80 жылдарының бірінші жартысында-ақ белгілі болған Абай кітапханасы хақындағы бірінші дерек.
Айта кетуге тиіспіз: А.А.Леонтьев – Семей қаласына 1884 жылы жер аударылып келген. (М.Бейсенбаев. 15-бет. Абай және оның заманы. Алматы, «Жазушы»-1988) Семей кітапханасы 1883-жылдан бастап жұмыс жасай бастаған. Американ саяхатшысы әрі журналисі Дж Кеннан Семейге 1884-85-жылдары келеді. Леонтьев Абайды «кітапхананың байырғы оқырманы» деуіне қарағанда, Абай кітапхана ашылған 1883 жылдан бастап, яғни, Леонтьевтің Семейге келуінен бұрын кітапхана оқырманы болған секілді. Леонтьев Абайды «қарт қазақ» деп атаса да, бұл кезде Абайдың жасы 38-де. Абай өмірінің осы кезеңі туралы М.Әуезов: «Өз айтуынша, отыздың ішінен бастап орыс оқымыстыларының көп кітаптарын оқып, қырыққа таман келген уақытта бұрынғы дүниенің асты-үстіне шығып өзгерді. «Күншығысым-күнбатыс, күнбатысым-күншығыс болып кетті», – дейді. (М.Әуезов. 55-бет. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Монография. Т20. Алматы, «Жазушы»-1985)
Джордж Кеннанның «Сибирь и ссылка» кітабын Абай кітапханасы хақындағы көпке белгілі бірінші құжат деп атасақ та, Әлихан Бөкейханның Абайдың қайтыс болғанына жыл толуына орай 1905-жылғы «Семипалатинский листок» газетінің №250-252 – сандарында жарық көрген «Абай (Ибраһим) Кунанбаев» атты азнама мақаласында да «Абай кітапханасы» сөз болады. Орыс тілінде жазылған бұл мақаласында Ә.Бөкейхан: «...Абай познакомился с Пушкиномъ, с Лермонтовымъ, Толстымъ, Тургеновымъ, Салтыковымъ, Белинскимъ, Добролюбывымъ, Писаревымъ. В последствий Абай прочелъ «Опыты» Спенсера, «Позитивную философию» Льюиса, «Умственное развитие Европы» Дрепера, Статьи из старых книг «Современника» Н.Г.Чернышевского, знал об его судьбе», – деп жазады. (Ә.Бөкейхан. 308-бет. Таңдамалы. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. Алматы 1995) (Қазақшасы: Абай, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков, Достоевский, Белинский, Добролюбов, Писарев шығармаларымен таныс болған. Содан соң Абай Спенсердің «Опыты» (автор бұл жерде Спенсердің «Опыты научные, философские и политические» еңбегін айтып отыр. Н.М.) Льюистің «Позитивная философиясын» (Оң ықпалды философия. Н.М.) Дрепердің «Умственное развитие Европы» (Европаның ақыл-ойының өркендеуі. Н.М.) еңбектерін және ескі «Современник» журналы арқылы Н.Г Чернышевскидің мақалалары мен оның тағдырын жақсы білген. Еркін аударған Н.Махан.)
Абай кітапханасы хақында мағлұмат берген американдық журналист Дж Кеннан мен Әлихан Бөкейхан ақпаратында біраз айырмашылық бар. Леонтьев Дж Кеннанға Абай оқыған орыс классиктерін емес, Абай білетін сол тұстағы батыс философтарын ғана атап, Абай кітапханасын айтарлықтай тарылтқан. Оның негізгі себебі, Леонтьев: «Ресей империясының территориясына алғаш қадам басып тұрған американ журналисі Дж.Кеннан орыс классиктерінің шығармаларымен таныс емес болар. Сондықтан Абай оқыған орыс классиктері туралы ақпарат Дж. Кеннанға қызық болмайтын шығар», – деп ойлаған секілді.
Орыс тілді қауымды Абаймен жан-жақты таныстыруды мақсат еткен Ә.Бөкейхан өзінің Абай туралы жазған азнама мақаласында Абай кітапханасы туралы ғана емес, Абай шығармаларының рухани үш қайнар көзі, Абайдың ақындық талант күшінің қуаты, ол өмір сүрген заман, өскен ортасы, генологиялық тегі, білім алған мектептері туралы да толық мағлұмат береді. Әлихан Абай бойындағы ірі ақындық қуатты сол заманның өзінде-ақ бірінші болып байқап, Абай шығармалары халыққа танылып, жарық көріп, жарияға шығуы керек деді. Өзі осы іске мұрындық та болды.
Әлихан аталмыш мақаласында: «Оргинальные сочинения Абая и его переводы из Пушкина (отрывок из «Евгений Онегина») Лермонтова, Крылова собраны его сыном Турагылом и в не продолжительном времени будут изданы Семипалатинским Подотделом Императорского Россиского Географического общество, под редакцией А.Н Букейхана.
Абай, как это покажут его стихи, представляют недюжинную поэтическую силу и составляет гордость киргизского (казахского Н.М.) народа. Еще не было киргизского (казахского Н.М.) поэта, как возвысшевшего духовное творчество народа, как Абай. Чудные его стихи, посвященные четырем временам года (весна,лето, осень и зима) сделали бы честь знаменитым поэтам Европы», – дейді. (А.Букейхан. «Семипалатинский листок». №250-252. 1905 г.Әлихан Бөкейхан 310-бет. Таңдамалы. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. Алматы, 1995)
(Қазақшасы: Баласы Тұрағұл жинастырған Абайдың ғажайып шығармалары мен оның Пушкиннен («Евгений Онегиннен» үзінді) Лермонтовтан, Крыловтан жасаған аудармалары А.Н.Бөкейхан редакциясы арқылы Императорлық Ресей Географиялық қоғамының Семей бөлімшесінен жарық көрмекші.
Абай өлеңдері оның аса қуатты ақындық талантын көрсете отырып, қазақ халқының мақтанышына айналды. Осыған дейін қазақта халықтың рухани байлығын биікке көтерген Абайдай ақын болған емес. Оның жылдың төрт мезгіліне арнаған (көктем, жаз, күз, қыс) ғажайып өлеңдері Еуропаның атақты ақындарының құрметіне ие болған болар еді. Еркін аударған: Н.Махан)
1905 жылы Әлиханның осы айтқан сөздеріне қарай отырып, Абайдың аса биік ақындық қуатын бірінші болып танып, Абай шығармалары халыққа танылып, жеке кітап болып баспадан жарық көруі керек деп бастама көтеріп, өзі сол іске мұрындық болғаны үшін де «Абайтанудың» бастауында Әлихан Бөкейхан тұр дейміз.
Әлихан 1905 жылы Абай хақында жазған азнама мақаласында: «Абай шығармалары жақын арада Ә.Бөкейхан редакциясы мен Императорлық Ресей Географиялық қоғамының Семей бөлімшесінен жарық көрмекші», – десе де, Әлиханның 1906 жылдың 8-қаңтарында Тұзқала (қазіргі Павлодар қаласы) маңында тұтқындалуы – Абай шығармаларының жарық көріп, жарияға шығуының кейінге ысырылуына себеп болған сыңайлы.
Осы оқиға жөнінде белгілі әлихантанушы ғалым С.Аққұлы: Әлихан отаршыл Империяның I мемлекеттік думасының депутаттығына түсу үшін сайлауалды науқанын өткізу және іс арасында өзі редакциялап шыққан Абай шығармаларының қол жазбасын баспаға тапсыру ойымен, 1906 жылдың 8-қаңтарында Омбыдан Семейге келе жатқан жолында – Тұзқала іргесіндегі орыс-казактарының Ямышевский кентінде тұтқынға алынады. Қолжүгі (портфелі) ішіндегі Абай қолжазбасымен бірге тәркіленеді... Қол жүгімен бірге тәркіленген қолжазба – қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдері екенін, 5000 патша рубліне тең екенін айтып, оны сақтандыруды қатаң талап етеді», – деп жазып, тарихи-мұрағаттық құжаттар арқылы дәлелді куәлік береді. (С.Аққұлы. Әлихан Бөкейхан – тұңғыш абайтанушы. Мақала. Абай және Алаш сабақтастығы. 35-бет. Еуразия Ұлттық университеті «Абай академиясы» ғылыми зерттеу институтының жобасы.)
Тұтқынға түскен Әлихан Абай өлеңдерінің қолжазбасын 5000 патша рубліне балаған. Сол кезеңде, базардағы жақсы бір жылқының құны 5 рубль екенін ескерсек, Әлихан, Абай өлеңдерінің қолжазбасын мың жылқыға балап отыр. Бұл – қыруар байлық. Осыдан-ақ Әлиханның Абай шығармасына деген көзқарасын анық байқауға болады.
1906 жылы Әлиханның тұтқындалуына байланысты, Абай шығармаларының жарияға шығуы амалдың жоғынан кейінге ысырылып, 1909-жылы Әлиханның ықпалымен Санкт-Петербургтегі Ильия Бураганский баспаханасынан жарық көргені белгілі.
1905 жылы Абай турасындағы мақаласында Әлихан Абай шығармалары жақын арада Ә.Бөкейхан редакциясымен жарық көреді десе де, біздің ойымызша, 1909 жылғы Абайдың тұңғыш жинағына Әлихан Бөкейхан редакциялық жұмыс жасай алмаған секілді. Егер, Еуропаша оқыған, жан-жақты білім иесі Әлихан Абайдың тұңғыш жинағына редакциялық жұмыс жасағанда, онда «отбасылық жағдайы», «жеке басының жағдайы», «ел адамдарын өкпелетіп аламыз» деген оймен жинақтан себепсіз түсіп қалған Абайдың көптеген өлеңдері жинаққа еніп, 1909 жылғы Абайдың тұңғыш жинағы бүгінгісінен әлдеқайда толымды болып шыққан болар ма еді? – деп ойлаймыз. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме болғандықтан, тақырыпты бұдан әрі қаузап, тереңдете беруді жөн санамадық.
Сонымен, 1905 жылы Абай хақында жазған Әлихан мақаласынан ұққанымыз: Ә.Бөкейхан ақын шығармалары мен оның кітапханасының жәй-күйімен жақсы таныс болған. Осы орайда, Әлихан Абай кітапханасының көлемін кімнен, қайдан білген? Әлде олар таныс болған ба? – деген заңды сұрақтың туындары хақ. Ғылым үшін ұсақ-түйек деген ұғым жоқ. Сондықтан да, тақырыбымыздан сәл қиыс болса да, Әлихан мен Абайдың жеке қарым-қатынастығы туралы бірер сөз.
Әлихантанушы ғалым С.Аққұлы «Әлихан Бөкейхан – тұңғыш абайтанушы» еңбегінде: «Әлиханның туған інісі Смахан Төре 18 қойын дәптерден тұратын «Әлекеңнің өмірі» атты естелігінің 1 – дәптерінде «Әлиханның шешесінің әкесі (Тобықты Мамай батырдан) Дулат батыр. ...Дулаттың екі қызы: Бірі Бекжан – Әлиханның шешесі, бірі – Бошантай (Рызықбай шешесі) – Худайберді әйелі, Құнанбай келіні» (Бөкейхан.С.С Әлекеңнің өмірі. Жұлдыз-1996. №3) – деп жазады. Демек, Әлихан мен Шаһкәрім Құдайбердіұлы екеуі – туған бөлелер», – дей келіп, Әлихан Абай айналасын жақсы білген деп, Әлиханның «Кәкітай» атты азнама мақаласынан мысалдар келтіріп: «Абай мен Әлиханның 1896-1904 жылдары Семей облыстық статистикалық комитетінің мүшелері ретінде комитеттің жиындарында көрісу мүмкіндігін де ешкім теріске шығара алмайды», – дейді. (С.Аққұлы. 18-25-беттер. Абай және Алаш сабақтастығы. Еуразия Ұлттық университеті, «Абай Академиясы» ғылыми зерттеу институтының жобасы. Нур-Султан 2020)
Дау жоқ, Әлихан Абай айналасын өте жақсы білген. Бұл ойымызға Әлиханның Шәһкәрім шығармалары хақындағы әдеби-сын мақалалары мен «Кәкітай» атты азнама мақаласы толық дәлел. Әлиханның «Кәкітай» атты азнама мақаласы көлемді болмағаны мен Әлихан мен Кәкітайға байланысты деректерге, мәліметтер мен тың тұжырымдарға өте бай.
Осы аталған мақаласында Әлихан Кәкітай туралы: «Әуелі Кәкітайды 1900 жылы күзді күні көрдім. Онда заман тып-тыныш, бірігіп қылар іс жоқ. Біз сынаса алмадық. 1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп балаларына хат жаздым. 1905 жылдың әпрелі аяғында Кәкітай Абайдың жазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді. ...Кәкітай біздің үйде бір жұма жатты... Анық таныстық... Содан бері саясат ісінде бір адам болдық», – деп жазады. (Ә.Бөкейхан. 418-бет. Таңдамалы. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. Алматы, 1995 жыл)
Мақаладағы жазбаға қарағанда, Әлихан Кәкітайды алғаш рет 1900-жылы көрген. Ол Кәкітайды 1905-жылдан бастап жақсы біледі. Оларды жақындастырған Абай шығармаларын кітап етіп бастыру ісі.
Сөз реті келген соң айта кетейік: Әлихан мен Шәһкәрімнің бөле екені рас. Бірақ, туған бөле емес. Смахан Төре айтатын Құдайберді әйелі Бошантай (Рызықбай шешесі) бұл – Құдайбердінің екінші әйелі, Мамай Тобықты, Дулат батырдың қызы. Ал, Шәһкәрім – Құдайбердінің бірінші әйелі, Арғынның Қаракесегінің ішіндегі Байбөрінің биі Алдабергеннің қызы Дәметкеннен туған.
Әлихан Шәкәрімнің туған бөлесі болғанның өзінде де, ол Абайдың көзі тірісінде ақын айналасымен, әсіресе, бөлесі Шәкәріммен анау айтқандай тығыз қарым-қатынаста болмаған секілді. Егер Әлихан Абайдың інісі әрі шәкірті Шәкәрімді бөлесі ретінде жақсы білсе, қалайша ол Кәкітаймен алғаш рет 1900 жылы танысады.
Абайдың туған інісі Ысқақтың баласы Кәкітай – Абай бауырында ақынның тәрбиесін көріп, Абайдың балалары Әбіш, Мағауиялармен бірге бір үйде өскен. Әлихан Абайдың бауырында өскен Кәкітаймен өзі айтқандай 1900 жылы танысып, 1905 жылдан бастап жақсы біле бастаса, 1904 жылы қайтыс болған Абаймен Әлиханның жүз көрісіп, қарым-қатынаста болды деуге анау айтқандай негіз жоқ. Бұл – бір.
Екіншіден, байыппен қарар болсақ, талантты көсемсөзші (публицист) Әлиханның азнама мақала жазуда ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы бар. Оның «Абай (Ибрагим) Кунанбаев», «Кәкітай», «К.А.Вернер», «В.П.Облинский», «Михаэлис» секілді азнама мақалаларында, қайтыс болған адамды оқырмандарға жан-жақты таныстырып, ол туралы барынша мол мағлұмат береді. Ол «Кәкітай» атты азнама мақаласында Кәкітай мен өзінің қалай танысқанына тоқталып, өздері өмір сүрген заман мен Кәкітай туралы барынша мол ақпарат берген. Егер, Әлиханның Абаймен жеке таныстығы болса, онда ол Абай туралы жазған азнама мақаласының бір жерінде міндетті түрде оны атап өткен болар еді. Себебі, жан-жақты білімдар Әлихан, Абайды ешкім түсінбей тұрған заманның өзінде-ақ Абайдың кім екенін өте жақсы білген. Білмесе, 1905 жылы Абай туралы жазған азнама мақаласында: «Абай өлеңдері оның аса қуатты ақындық талантын көрсете отырып, қазақ халқының мақтанышына айналды. Осыған дейін қазақта халықтың рухани байлығын биікке көтерген Абайдай ақын болған емес», – деп жазар ма еді? (Ә.Бөкейхан. 310-бет. Таңдамалы. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. Алматы, 1995 жыл)
Міне, осылай Абайдың кім екенін өте жақсы білген Әлиханның ақынмен жеке таныстығы болса, онда ол Абай туралы сезіп білген әсерін қағаз бетіне түсіріп, Абай туралы жазған мақаласының бір жеріне міндетті түрде кіріктірген болар еді деп ойлаймыз.
Енді, Әлиханның Абаймен Семей облыстық статистикалық комитетінде кездесуі хақында екі ауыз сөз.
Біз мына мәселені түсініп алуымыз керек: Төңіректегі оқымысты адамдардың басын қосқан Семей облыстық статистикалық комитеті мүшелерінің көпшілігі Абай секілді комитеттен тұрақты жалақы алып тұратын қызметкерлер емес, өз қалауымен ерікті түрде жиналған зиялы қауым өкілдері болатын. Сондықтан, олардың облыстық статистикалық комитеттің жиындарынан қалмай қатысуы – міндетті болмаған.
Екіншіден, 1896 жылдан бастап Семей облыстық статистикалық комитеттің мүшесі болған Әлиханның Абаймен кездесу мүмкіндігінің ықтималдылығын жете түсіну үшін, Абай өмірінің соңғы он жылына назар аударған жөн. 1891 жылы ең жақсы көретін інісі Оспанның, 1895 жылы сүйікті ұлы Әбдірахманның қазасы, содан соң, 1898 жылы Мұқыр сайлауында Абайдың соққыға жығылуы – ақын жүрегіне өшпес із қалдырып, жаралайды. Абай өмірінің осы аталған дертті жылдары туралы М.Әуезов: «Жаңағы жылдар (автор бұл жерде Абай үшін ерекше дертті 1891,1895,1898 жылдарды айтып отыр. Н.М.) бұрынғыдан біржола тиылғанына, өмірден біржола суынып қажи бастағанына себеп болған. Алды үміт, арты өкініш өмірден енді түңілген сияқты. Осы жылдарда Абай өлімді де ойлай бастайды... Атақты «Өлсем орным қара жерді» жазады. Абай 98-99-жылдардың қысынан кейін Семейге біржола бармайтын болған», – дейді. (М.Әуезов. 153-бет. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, «Санат» 1997 жыл)
1891 жылдан бастап, жеке өміріне трагедиялы хәл араласа бастаған Абайды, Семей облыстық стат. комитет секілді ерікті қоғамның жиналысына сонау Шыңғыстан ат сабылтып келіп, үзбей қатысып тұрды деп ойлау – Ақын өмірін түсінбегендігіміз болар еді.
Жоғарыда келтірілген дәйектерге сүйене отырып айтпағымыз: Абай мен Әлихан кездеспеген-ау. Егер олар кездессе, ол кездесу туралы деректер бір жер болмаса бір жерден шаң берісе керек еді.
Біз қазір Әлихан Абаймен жүзбе-жүз кездеспеген секілді десек те, Әлихан Абай өлеңдерін әсіресе, ақын өмір сүрген тұстағы қазақ қоғамы хақында мол мағлұмат беретін қарасөздерін жетік білген секілді. Бұлай деуіміздің себебі: Әлиханның 1899 жылы «Дала уалаятының газеті» мен «ОП къ «Акмолинским областным ведомостямъ» газетін де жарық көрген. «Қ оязындағы молдалар баяны», «Қ оязының қызметтегі қазақ адамдарының бір қылған ісі», «Баспаханаға хат», «Тұрмыс жайында болған хабарлар» секілді мақалалары Абай өлеңдері мен қарасөздерінде баяндалатын жағдайлармен үндес шығып жатуы былай тұрсын, халыққа ой салу мақсатында көпшілікке қарата айтылған сұрақтарына дейін бірдей болып жатады. Тек қана Әлихан мақалаларында публицистикалық сарын басым болса, Абай қарасөздерінде білінер-білінбес дидактика бар. Бар айырмашылық осы ғана. Ойды жүйелеу мен негізгі ойда айтылатын тұспалды ирониялық-сарказм қос авторда да менмұндалап тұрады. Әлихан Абай шығармаларын біліп қана қойған жоқ, ол қазақ қоғамындағы түрлі өзекті мәселелерді сөз етуде, Абайдан көп үйренгені көзге анық көрініп тұр.
Сөз басында айтып өткеніміздей, Әлихан Абай шығармаларын ғана емес Абай кітапханасын да өте жетік білді. Абай кітапханасы хақында түсінік қалыптастырған ірілі-ұсақты мұрағаттағы деректер, естеліктер мен жазба еңбектер арасында Әлиханның Абай турасында жазған мақаласының алар орны ерекше.
Әлихан Абай кітапханасы хақында жазған тұста, Абай оқыған кітаптарды сөз ететін Дж. Кеннанның ағылшын тілінде жазылған «Сибирь и ссылка» кітабы орыс тіліне тәржімаланбаған болатын. Кітап орыс тіліне Әлиханның Абай туралы жазған мақаласынан кейін бір жылдан соң, 1906 жылы жарияға шықты. Сонда, Әлихан Абай кітапханасы туралы мәліметтерді қайдан, кімнен алған?
Біздің ойымызша, Әлихан ақын өмірі мен оның кітапханасының көлемін өзі жақсы білетін Абайдың ақын шәкірттері Шәкәрім мен Көкбай ақыннан және баласындай болып бауырында өскен, туған інісі Ысқақтың баласы Кәкітай арқылы білді деп ойлаймыз. Себебі, Әлихан Кәкітай мен Шәкәрімді жақсы біліп қана қоймай, олармен өмірде қоян-қолтық араласты да. Тек бұл емес, Әлихан – ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларын кәсіби деңгейде талдаған алғашқы әдеби сыншы да болды.
Тағы да бір айтпағымыз: Абай кітапханасының көлемін анықтауда таразының бір басында Кәкітай, Көкбай ақын мен Шәкәрім тұрса, екінші басында Әлиханның өзі де, Абай да мүше болған облыстық стат. коминетіндегі Семей оқымыстылары тұр деп білеміз. Олай дейтініміз, өзі мүше болған Семей облыстық статистикалық комитетіндегі оқымыстылардан Әлиханның Абай туралы сұрастыруы да бек мүмкін... Себебі, Батыс пен Шығысты тең меңгерген Абайдың білімдарлығы сол тұстағы Семей оқымысты зиялыларына түгел мәшһүр болған.
Екінші бөлімнің соңы. Жалғасы бар...
Нұрғали Махан
Abai.kz