АҚШ пен Иран бір-біріне соққы жасады
Сәуір айының басында АҚШ пен Иран арасында атысты тоқтату режимі күшіне енгеніне қарамастан, Ормуз бұғазы аймағында жағдай қайта ушықты. Осы аптада тараптар бір-бірінің әскери нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді.
Бұған дейін дүйсенбі күні АҚШ Ормуз бұғазында мина орнатпақ болған кемелерге шабуыл жасаған еді. Ал бейсенбіге қараған түні әскери іс-қимылдар жаңа деңгейге өтті:
28 мамырға қараған түн (сағат 01:30 шамасы): АҚШ әскері Иранның әскери нысанына соққы беріп, 4 ирандық дронды атып түсірді. Сонымен қатар, Бендер-Аббастағы бесінші дронды ұшыруға дайындалып жатқан ирандық басқару пункті шабуылға ұшырады. Иран БАҚ-тары бұл уақытта жарылыс дыбыстары естілгенін растады.
АҚШ-тың уәжі: Пентагон өкілдері бұл шаралардың таза қорғаныс мақсатында жасалғанын және Ормуз бұғазындағы коммерциялық кемелер мен америкалық сарбаздардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталғанын алға тартты.
Бейсенбі (сағат 04:50): Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Бендер-Аббастағы шабуылға жауап ретінде Американың әуе базасына соққы бергенін жариялады. Алайда, нысанның нақты қай аймақта орналасқаны хабарланбады.
АҚШ пен Иран арасындағы зымырандар мен дрондар қақтығысынан кейін, бейсенбі күні Кувейт қарулы күштері өз аумағындағы әуе қорғанысы жүйелерін толық іске қосты.
Қазіргі уақытта қос тарап та атысты тоқтату режимін сақтауға ниетті екенін айтқанымен, бұғаздағы әскери белсенділік аймақтық тұрақсыздық қаупін арттырып отыр.
Abai.kz