Израильдың әлемдегі мақсаты не?
Жер шарында Жерорта теңізінің алып толқындары жиегін шайып жатқан кішкентай ғана мемлекет бар. Ол – Израиль. Жағрапиялық жағынан қарасаңыз, жер көлемі өте кішкене, табиғи ресурсы шағын, айналасы белгісіздік пен алапат тарихтың шаңы бұрқыраған теперішті аймақ. Бірақ дәл осы шағын аумақ әлемдік саясаттың басты айнасына айналып, талай мыңдаған жылдар бойы өрілген тағдыр иірімдерін бойына сіңірген.
Израильдің әлемдегі мақсаты не? Бұл сұрақты әр ұрпақ өзіне әр дәуірде қойып келеді. Мысалы, біреу Израильді «әрдайым соғысқа дайын тұрған қамал» дейді, еңді бірі «ғылым мен технологиядан қуат алған жаңа заман державасы» дейді. Үшіншілер «өткен ғасырдың жарасын жазамын деген халықтың рухани мекені» деп түйсінеді. Алайда, біздің түсінігімізше, шын мәнінде Израильдің ұмтылысы да, мақсаты да көп қабатты. Бұл мақаламызда сол қабаттардың арасынан көрінетін негізгі бағыттарға әдеби түрде үңілуді мақсат еттік.
Қауіпсіздік — мәңгілік жаңғырық
Израильдің бүгінгі тынысы, өткеннің қасіретін естен шығармау. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында үнсіз күйреп, әлемді үнсіз таң қалдырған Холокост қасіреті еврей халқының жүрегінде жара болып қалды. Сондықтан Израильдің бүгінгі сыртқы саясаты, ең алдымен, қауіпсіздікке бағытталған. Ел саясатының өзегін құрайтын осы түсінік – жай ғана қорғаныс емес, тағдырдың талқысына жауап ретінде туған табиғи инстинкт.
Израильдің әскери доктринасына қарасаңыз, ол тек шекараны күзетумен шектелмейді. Бұл — аман қалуға бағытталған философия. «Темір күмбез» атты зымыранға қарсы жүйе – тек технологиялық жетістік емес, қауіп-қатерді аспанда қарсы алуға арналған қалқан. Әр дауылдан кейін күн шығатыны секілді, әр қауіптен кейінгі тыныштықты сезіну – Израиль үшін ең үлкен жеңіс.
Таяу Шығыс – мыңдаған жылдардың тарихы қатпарланған аймағы. Онда бір күн тыныш болса, ертеңінде дауыл көтерілетіні ежелден белгілі. Израиль осы дауылдардың ортасында орналасқан.
Оның аймақтық мақсаты – теңіз ортасында тұрған шағын арал сияқты өзін шайқаған толқындардың екпінін бақылау.
Иранның ядролық бағдарламасы – Израиль үшін тек саяси поблема емес, өзін-өзі сақтау сұрағы. Сириядағы ұзаққа созылған соғыс – көршінің басындағы өрт. Газа мен Батыс жағалаудағы қақтығыстар – жақыннан естілетін дүрсіл. Осындай алмағайып жағдайда Израиль аймақтағы күш тепе-теңдігін өзгертпеуді, өзіне қауіп төндіретін бағыттарды әлсіретуді ойлайды.
Дегенмен тарихта болмаған жаңа бетбұрыс — Израильдің кей араб елдерімен орнатқан дипломатиялық байланысы. Кезінде, өзара қас болған мемлекеттер бүгін ортақ мүдде табуда. Бұл – аймақтық саясаттың жаңа парағы.
Жер көлемі шағын, табиғи қорлары кем, ел қалайша әлемдік экономикада алдыңғы қатарға шықты? Бұл сұраққа жауап — білім, еңбек және технологияда. Израиль өзін «стартаптар елі» деп атайды. Студенттер, жас кәсіпкерлер, инженерлер – бәрі негізгі мақсат үшін жұмыс істейді: әлемді алға жылжытатын жаңа шешім ұсынады.
Киберқауіпсіздік, медициналық технологиялар, су ресурстарын басқару, ауыл шаруашылығын цифрландыру – Израильдің әлемге ұсынған жаңалықтары. Бұл ел – технологияны тек пайдалы кәсіп емес, ұлттық саясаттың бөлігі ретінде қарастырады. Өйткені инновация – экономикалық тәуелсіздіктің кепілі.
Израиль — тек мемлекет емес. Ол әлемнің әр түкпіріне тараған миллиондаған еврейлер үшін рухани орталық. Осы себепті Израильдің әлемдік саяси мақсатының негізгі бұтағы – диаспораның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды мәдени тұрғыдан біріктіру.
Сонау Парижде, Нью-Йоркте, Лондонда, Алматыда немесе Буэнос-Айресте өмір сүріп жатқан еврейлер үшін Израиль — тек тарихи отан ғана емес. Ол – олардың ғасырлар бойғы үмітінің жалғасы. Израиль оларға қай кезде де пана болуға дайын екенін жариялаған. Бұл – елдің ішкі идеологиясындағы ең сезімтал, ең маңызды тұс.
Кез келген журналист, дипломат немесе сарапшы Таяу Шығысқа барса, ең алғаш қозғалар жағдай — Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс. Бұл тек екі халықтың арасындағы дау-дамай демейік, әлемдегі ең күрделі, тарихи, саяси, діни тұрғыдан шиеленіскен түйіндердің бірі.
Израиль үшін бұл жағдай — саясат пен қауіпсіздік ғана емес. Ол – елдің халықаралық имиджінің сынағы. Газа секторындағы қақтығыстар, Батыс жағалаудағы жағдай, Иерусалим мәртебесі – бәрі де Израильдің мақсаттарын әлем алдындағы сұрақтар.
Израиль бұл жағдайды бақылауда ұстауға тырысады. Қауіпсіздік тұрғысынан да, саяси тұрғыдан да. Өйткені бұл түйінді шешу — тек Израильге ғана емес, бүкіл әлемге ортақ міндет.
АҚШ-пен стратегиялық одақ — Израильдің тірегі
Израильдің әлемдік саясаттағы орнын түсіну үшін АҚШ-пен қарым-қатынасын айналып өту мүмкін емес. Бұл одақ — стратегиялық, тарихи, саяси, мәдени байланыстарға негізделген.
АҚШ Израильге әскери көмек көрсетеді, технологиялық серіктестік орнатады, аймақтық саясатта қолдау береді. Ал Израиль АҚШ-тың Таяу Шығыстағы сенімді серігіне айналды. Бұл байланыс Израильдің әлемдік саясаттағы мақсаттарын жүзеге асыруда негізгі күштің бірі.
Таяу Шығыстағы күрделі жағдайларға қарамастан, Израиль әлемнің түкпір-түкпірінде гуманитарлық көмек көрсетеді. Апатты аймақтарға дәрігерлерін, құтқарушыларын жібереді. Бұл тек көмекке мұқтаждарға қол созу ғана емес, әлем алдында өзін жаңа қырынан танытуға бағытталған жұмсақ күш саясаты.
Израиль үшін әлемдік мақсаттың тағы бірі — өзін тек қақтығыстармен ғана емес, ғылыммен, мәдениетпен, технологиямен байланысты ел ретінде таныстыру.
Израильдың әлемдегі мақсаты — бір ғана жолмен түсіндіруге келмейтін күрделі құрылым. Ол – қауіпсіздік үшін күрес, ол – инновация арқылы алға ұмтылу, ол – диаспораны біріктіру, ол – аймақтық тұрақтылықты қалыптастыру әрекеті.
Израиль — тарихтың ауыр мұрасы мен бүгінгі әлемнің жаңа талаптары тоғысқан жер. Осы тоғыста мемлекет өзінің болашағын құруға тырысуда.
Жел қарсы соққанда да тік тұратын, қатал дауылда да берілмейтін емен ағашы болады. Израиль дәл сондай алып ағаш секілді өз тамырын тереңге жіберіп, дауылмен күресіп келеді. Оның әлемдегі мақсаты — сол күресте өзін жоғалтпау, өз орнын табу, өз үнін естірту.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz