Дүйсенбі, 1 Желтоқсан 2025
Әне, көрдің бе? 60 0 пікір 1 Желтоқсан, 2025 сағат 17:02

Зеленский соғыстан қашқандардан үлгі алмады

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды.

Соңғы 80 жылда еліне басқыншылық жасалған сәтте алды-артына қарамай қашқан талай басшыларыды білеміз. Көп жағдайда олар соғыстың алғашқы күні немесе ел астанасы құлар кезде ұшып кетіп отырған.

Мұны біреулер қауіпсіздік үшін, біреулер шетте отырып саяси күресті жалғастыру үшін кеткенін айтып жатады.

Мысалға, Ауғанстан басшысы Ашраф Ғани 2021 жылы Кабул құлаған күні елден кетіп қалғанын білеміз. Осыған ұқсас жағдай Вьетнамда да болған. Оңтүстік Вьетнам президенті Нгуен Ван Тхиеу 1975 жылы Сайгон құлардан бір апта бұрын елден кетті. Астанаға қарсы шабуыл күшейген кезде билікті формалды түрде тапсырып, өзі қауіпсіз жерге шегінді.

Ал Камбоджада Лон Нол 1975 жылы ел астанасын "Қызыл кхмерлер" басып алардың алдында он күн бұрын қарасын батырғанын білеміз. Кувейттің Әмірі 1990 жылы Ирак әскері елге басып кірген күні шетелге кеткен. Ресми тұрғыда бұл қадам сырттан қолдау ұйымдастыру, халықаралық деңгейде ел мүддесін қорғау үшін жасалды деп түсіндіріледі. Мұндай мысалдар әлемде көп.

Қалай десек те, елде саяси дағдарыс, соғыс, қантөгіс жүріп жатқанда, мемлекет басшысының елден кетуі қарапайым азаматтардың сеніміне сызат түсіретіні анық.

Осылардың арасында Украина президенті Владимир Зеленскийдің шешімі ала бөтен. 2022 жылы Ресей әскерлері Киевті бетке алғанда Батыс елдері Зеленскийді қауіпсіз жерге эвакуациялау турасында ұсыныс айтті. Бірақ Зеленский астанада қалып, күресті жалғастырғанды жөн санады. Зеленский командасымен бірге қала көшелерінде видеоүндеу жазып, "біз осындамыз" деп халықтың рухын көтерді.

Оның "Күрес осында жүріп жатыр. Маған көлік емес, оқ-дәрі керек" деген сөзі сол заматта әлемге тарап кетті. Зеленскийдің репликасы қарапайым адамдар үшін символдық мәнге ие болғаны анық. Осылайша ол жаумен жағаласқан халқымен бірге болуды таңдады.

Осы тұрғыдан алғанда Зеленский қандай құрметке болса да лайықты тұлға. Соғыстың ең ауыр сәтінде көшбасшының жүзін кадрдан көру украин қоғамы үшін де, сырттан қарап отырғандар үшін де маңызды белгі болды десек артық айтқандық болмас еді.

Нұрлан Жұмақанов

Abai.kz

0 пікір