Сейсенбі, 2 Желтоқсан 2025
Араша 105 0 пікір 2 Желтоқсан, 2025 сағат 14:15

Мирболаттың талабы - Конституциялық талап!

Коллаж: ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Осыдан он неше жыл бұрын РФ президенті Путин қай елде тұрып, өмір сүріп жатқанына қарамастан, орыстілділердің (орыстардың ғана емес!) құқығын қорғайтындарын ашық мәлімдеген болатын.

Бұл мәлімдемесін ол әуелі Кремльде отырып жария етті де, Қазақстанға келген ресми іс-сапарының бірінде қадап тұрып және қайталады. Осыдан кейін-ақ, құбыласын Мәскеуге қаратып алғандар құбылып, құтырып, қағынып шыға келді. Путиннің әлгі сөзі, «байқаңдар, мен соғыс ашамын» деген сөз еді.

Бұрыннан жалтақ Астана Путин жауырынын көрсетіп кеткен соң, бұрынғыны көксеп өмір сүретіндердің бұтына толып талтаңдауына, қалай болса, солай, лағып сөйлеуіне мейілінше ерік берді. Бұл отаншыл азаматтардың ызасын тудырды. Анда-мында қатты сөздер айтыла бастады. Оларды «нацпаттар» деп билігі бар, басқасы бар келеке-мазақ қылып, қорлайтынды шығарды. Ал, Ресейдің белгілі саясаткерлері болса, Қазақстанға қарап көбік ауызданып көкитін әдеттерін бұрынғысынан әрмен үдетті. Меніңше, сол қулар Қазақстанда орыстілділердің жайлы өмір сүретінін, олардың қақын ешкім жеп жатпағанын жақсы біледі. Біле тұра әдейі зарлайды.

Себебі, мұның арғы жағында саяси бопса тұр. Мұның арғы жағында қып-қызыл ақша, саяси сауда болуы ықтимал. Мұның арғы жағында Кремльге жағайымсып, билігін ұзарта түсуге ұмтылған тағы біреулердің мүттәйім мүддесі болуы да мүмкін.

«Қызықты» қараңыз. Ресейдің саясткерлері, шантрапай шала ғалымдары тұтас бір ұлттың тарихын, мәдениетін, тілін таптап албаты сөйлей береді. Оларға тиым жоқ. Қазақстан тарапынан болса да, пәрменді наразылық және жоқ. Ал, қазақтың отаншыл бір азаматы, Совет өкіметі емес, содан берідегі, Тәуелсіздігімізбен бірге жасасып келе жатқан замандасына, «қазақша неге сөйлемейсің?» деп, қаттырақ айтып қалса, сотталады.

Міне, 16 жасында ұлт-азаттық күрестердің жалғасы - Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Мирболат Мырзантайұлы төрт жылға сотталып барады. Сондағысы - пәлеқор һәм жалақор біреуге «қазақша сөйле» деген көрінеді, болды. Бар айыбы - осы.

Мирболаттың талабы, біле білгенге - Конституциялық талап. Конституция бойынша, қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді азаматтығы айқын, белгілі бір мемлекетте тұратын тұлғалардың бәрі білуге міндетті.

Рас, біздің Конституциямызда және бір тіл бар. Ол - ресми тіл. Ол тілді ресми жиындарда мемлекеттік тілмен қатар қолдануға болады. Бірақ ұлық басқосулар мен ұлы-жіңгір жиындарда, заң шығарушы органда, Үкіметте мемлекеттік тіл жайына қалып, ресми тіл атойлап алға шығады. Мұндай жайт Мирболат сияқты сан-мыңдаған отаншыл азаматтардың ашу-ызасын тудырып, ұлттық намысына тиеді. Әйтсе де оны есепке алып жатқан ешкім жоқ. «Қазақша сөйле» дегенге талағы тарс айырлатындар да, Мәскеуден жұдырығын түйіп, «Қазақстан тәуелсіздік ойнын ойнап жүр» дейтіндер де дым білмегендей бола қалады. Сонда, аяқтап келгенде сорлайтындар - Мирболаттай жасын жігіттер. Отанын, елін, жерін, туған тілін сүйетін аяулы азаматтар. Сол Мирболаттар Қазақстандағы бар ұлт өкілдерінің ұлы мен қызын алаламайды да. Қазақстанды «ОТАНЫМ» деп танитындардың бәрі - Мирболаттардың бауыры, досы. Сондай ақкөңіл, ақжүрек азаматтың төрт жылы түрмеде өтсе, обал-ақ!

Заң органдары, күштік құрылымдар «елім, жерім» деп жанып тұрған оғландардың кеудесіндегі отын осылай өшіре берсе, шетінен соттап, рухын жасыта берсе, ертең бұл елде кім қалады? Ойланайық...

Дәурен Қуат

Abai.kz

0 пікір