Ақмола облысы астық жинауда көш бастады
Ақмола облысы биылғы орақ науқанында соңғы жылдардағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, астықтың жалпы жиналымы бойынша елдегі көшбасшылардың біріне айналды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өңірде орташа өнімділік 16,3 ц/га болып, 7,6 млн тоннадан астам астық бастырылды. Жиналған өнімнің 70%-дан астамы үшінші санат талаптарына сәйкес келеді. Бұл облыстың дәстүрлі және жаңа экспорттық нарықтардағы бәсекелестігін арттыра түседі.
Қазақстанда шығарылған «Ақмола-2», «Астана-2» және «Айна» тұқымдарын қолданған шаруашылықтар гектарынан 30 центнерден жоғары өнім алды. «Максимовское» ЖШС-де ең жоғары көрсеткіш тіркелді – 41,2 ц/га. Мұндай нәтижелер минералды тыңайтқыштарды, элиталық тұқымдар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын тиімді қолданудың арқасында мүмкін болды.
Биыл облыста егіс алқаптарын әртараптандыру да серпін алды: майлы дақылдар көлемі алғаш рет 500 мың гектарға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.
Жыл басынан бері өңірде 1 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1,2 трлн теңгеге жетуі мүмкін.
Өңірде халықаралық компаниялардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында ірі жобалар іске асырылып жатыр. Солардың бірі – Dalian Hesheng Holdings компаниясы жүзеге асырып жатқан жылына 3 млн тоннаға дейін астық өңдейтін зауыт құрылысы. Инвестиция көлемі – $1,8 млрд, жобаны 2028 жылы іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар қазан айында Шортанды ауданында Hopefull Grain компаниясының $1,5 млрд тұратын тағы бір терең өңдеу кешенін салу туралы келісім жасалды. Есіл ауданында бидайды өңдеу, жем өндіру зауыттары мен элеватор құрылысы жоспарлануда.
Abai.kz