Сәрсенбі, 3 Желтоқсан 2025
Қоғам 418 0 пікір 3 Желтоқсан, 2025 сағат 15:24

Рухани қауіпсіздік және қазақтың рухани болмысы

Сурет: osken-onir.kz сайтынан алынды.

Әлемдегі бірқатар мемлекеттердің орнықты дамуына этностық және діни жанжалдар айтарлықтай қатер төндіріп отырғаны шындық. Еліміз этносаралық татулық пен келісімнің бірегей үлгісін жасай алды.

Барлық қазақстандықтардың этносы мен наным-сеніміне қарамастан, тең болуы және бір-біріне деген құрметі, қоғамдық келісімнің нығаюы, халықтар достығы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты басымдықтары болды және солай бола бермек. Дегенмен мемлекетіміздің шаңырағын шайқалту мақсатында әлеуметтік желі яғни  «TikTok», «Instagram», «Telegram», «YouTube» сияқты мессенджерлерде этносарлық және конфессияарлық алауыздық тудыратын ақпараттар жариялап халқымыздың бірлігіне сызат түсіруде.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес адамдар күніне 140-344 мәрте  телефон қарайды екен. Яғни, әр 5 минут сайын телефон ақтаруды әдетке айналдырған. Күніне орта есеппен 2,5-4,5 сағат уақытын әлеуметтік желіде өткізеді екен. Бірақ 16-24 жас аралығындағы жастардың күніне 8 сағат әлеуметтік желіде өткізетіні туралы мәліметтер де бар. Одан да көп уақытын интернетте өткізетіндер де кездеседі.

Бұл дегеніміз қазіргі уақытта деструктивті діни ағымдар мен экстремистік, террористік ұйымдар өз идеологиясын насихаттау мақсатында әлеуметтік желіні тиімді пайдалануда. Интернетте адамдардың назары үшін ақпараттық майдан жүріп жатыр.  Қазақстан азаматтарының рухани қауіпсіздігін сақтау мақсатында халқымызға сыни ойлау яғни кез келген ақпаратты фильтр арқылы өткізу дағдыларын үйретуіміз қажет.

Ол үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Атырау қаласында өткен ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн» деп айтқан сөзіне негізделе отырып халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген тиімді деп санаймын.

Қазақ даласына ислам діні қиссалар, рисалалар, шежірелер, насабнамалар, ауыз әдебиеті, жыр дастандар арқылы таралған болатын. Оған дәлелі Б.Момышұлы  «Ұшқан ұя» кітабында "Ертексіз өскен бала-рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріне бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі керең боп қалмаса деп қорқамын.

Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті, Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда» деп қисса, ертегілерде мораль, адамгершілік құндылықтарға тола екенін айтып кеткен.

Сондай қиссаның бірі Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесінің салынуы туралы оқиғаға ой жіберсек.

Арада бірнеше ғасыр өткен соң, Әмір Темір Қожа Ахмет Ясауидің күмбезді кесене салмақ болады. Түркістанға келгеннен кейін бұл істі қолға алады. Бірақ кешке дейін қалаған дуал таңертен барса, бұзылып жатады. Оны құлатқан кім екенін білу үшін Әмір Темірдің өзі түнде келіп қарауыл болады. Түннің бір ортасында үлкен өгіз келіп, дуалды сүзіп  қиратады. Әмір Темір ойланып қалады. Оған түсінде Қожа Ахмет бабамыз аян беріп, былай дейді:

-Ол көк өгіз Арыстан баптың аруағы. Сен, алдымен, соның басына кесене тұрғыз,-деді.

-Мен оны қалай табамын?-дегенде,

-Мен өзім жол көрсетемін,-деп жауап береді. Сонымен ол ерте тұрып, Отырарға бет алады. Арыстан бап жатқан жерді тауып, зәулім кесене салады. Осы кезден бері қалыптасқан зиярат тәртібі бойынша адамдар, алдымен, Арыстан бап кесенесінде түнейтін болған. Ертесіне Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барап, Құдайдан тілектерін тілейді екен.

Бұл қиссадан алатын морал, құндылық ұстаздарды құрметтеу, оқыған азаматтар жарқын болашақтың кепілі болатынын және оқыған білімді адамдарды патшалардың өзі құрмет тұтатынын байқауға болады. Осы қиссаны оқыған жастар білім, ғылым жолын таңдары сөзсіз.

Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың діни танымы төрт қағидаға негізделген. Атап айтқанда, бірінші «заман» заманға сай өмір сүруді және жаңа технологиялармен, инновацияларды игеруді дәріптеген. Екінші «мәкән» яғни Отан деп туған еліне жеріне аянбай еңбек етіп, қазақстандықтардың бір ғана отаны барын түсіну. Қазақта бұл жайында жақсы мақал бар «Ер туған жерінде, ит тойған жерінде» деген. Үшінші «ихуан» яғни бауырмалдық деп адамдардың ұлтына, нәсіліне, дініне, түсіне қарамастан құрмет көрсетіп бауыр тұту. Төртінші «Рабта-сұлтан» басшыға бағына отырып әділеттілікті талап ету. Бұл қағидадан мемлекетіміздің ұстанып отырған жалпы саясатына толық сәйкес келетінін аңғаруға болады.

Жақыпов Ерзат Жасқанбайұлы, 

Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы, дінтанушы гуманитарлық  ғылымның магистрі. Дін саласындағы республикалық ақпараттық топтың мүшесі

Abai.kz

0 пікір