Синтетикалық есірткі желілері тоқтатылды
Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында прокуратура құқық қорғау және арнайы органдармен бірлесіп, синтетикалық есірткі бизнесіне қарсы күшейтілген іс-қимыл жүргізуде. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.
Арнайы прокурорлар интернеттегі есірткі бизнесіне қатысты бірқатар ірі қылмыстық істерді тергеп-тексеруді аяқтап, сотқа жіберді. Соның бірі – Шымкентте Telegram мессенджері арқылы жұмыс істеген халықаралық есірткі желісін әшкерелеу. Тергеу жұмыстарын басқа құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізумен қатар, Қазақстан бастамасымен жедел-тергеу тобына осы салада тәжірибесі мол АҚШ-тың DEA агенттігі тартылған.
Берік Асыловтың сөзінше, қылмыстық схемаға 300-ден астам адам қатысқан. Тек екі айыпталушыға қатысты транзакциялар көлемі 7 миллион АҚШ долларынан асқаны анықталған. Жалпы 24 адам ұсталып, олардың арасында Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтары бар. 500 миллион теңгеден астам мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Ақшалай қаражат «дроппер» қызметін пайдаланған банк карталары және лицензияланбаған криптобиржалар арқылы айналымға түскен. Криптовалюталардың түпкілікті алушылары – шет ел азаматтары.
Тергеу барысында Шымкент қаласы аумағынан екі есірткі зертханасы табылып, жойылды. Онда 6,1 келі дайын мефедрон, 330 грамм сатуға арналған оралған есірткі, 2,1 тонна прекурсор және есірткі өндіруге арналған зертханалық жабдық тәркіленді. Қылмыстық желі «Карбон», «DDD_Shym» және өзге деTelegram арналарын пайдаланып, есірткіні таратып қана қоймай, оны өндіру бойынша нұсқаулықтар да берген. Кейбір қатысушылар прекурсорлар жеткізілімін бақылаған негізгі топпен байланысын сақтап, өз арналарын ашуға тырысқан, - деп баяндады Бас прокурор.
Мұндай тәсілдер еліміздің басқа өңірлерінде де анықталып жатыр. Ұлытау және Маңғыстау облыстарының арнайы прокурорлары синтетикалық есірткі саудасын әлеуметтік желілер арқылы жүргізген екі ірі желінің қызметін тоқтатты. Бұл істер де сотқа жіберілді.
Ұлытау облысында «Kaef Mafia» Telegram арнасы арқылы жұмыс істеген есірткі дүкені анықталып, 6 айыпталушы қамауға алынды. Цифрлық активтер мен криптовалюта әмияндарын қоса есептегенде 3,2 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекет пайдасына айналдырылды.
Асыловтың дерегінше, Маңғыстау облысында «Dune-Operator 24/7» деп аталатын есірткі дүкенінің әрекеттері тоқтатылды. Есірткі саудасынан түскен қолма-қол ақшаны банкке тапсыру кезінде жедел операция жүргізіліп, 1 миллиард 155 миллион теңге және 176 мың АҚШ доллары тәркіленді. Бұған қоса, бір кәсіпкердің банктік шотында есірткі бизнесінен түскен 1 миллиард теңгеге тыйым салынып, 734 228 АҚШ доллары көлеміндегі (USDT) криптоактив бұғатталды.
Бас прокурор Берік Асылов бұл операциялардың маңызын атап өтті.
Есірткі бизнесіне қарсы күрестегі бұл операциялар Қазақстанның құқық қорғау және арнаулы органдары қызметкерлерінің жарқын, жүйелі және жанкешті жұмысының үлгісі болып табылады. Мыңдаған адамдар, сондай-ақ олардың отбасылары осы заманның кесапатының зиянды ықпалынан қорғалуда, - деді ол.
Прокуратура азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Abai.kz