Бөкей ордасының құрылуы және тарауы
Қазақ тарихында ерекше орын алатын кезеңдердің бірі – сол кездегі Бөкей ордасы дәуірі.
Бұл кезең тек белгілі территориялық құрылымның өмір сүрген уақыты ғана демейік, сонымен қатар, қазақ халқының саяси ой-санасының, басқару мәдениетінің және отарлық қысым жағдайында қалыптасқан өмір салтын айқын көрсететін тарихи кезең болып табылады. Бөкей ордасының құрылуы, дамуы мен жоғалуы қазақ қоғамының тағдырымен тығыз байланысты.
Бөкей ордасының құрылу себептері
XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында Кіші жүз қазақтарының жағдайы күрделі болды. Жайылымдық жерлердің тарылуы, Жайық өзені бойындағы шектеулер, патшалық Ресей әкімшілігінің озбыр саясаты қазақ руларының өмірін қиындатты. Осындай жағдайда Нұралы ханның ұлы, Кіші жүздің сұлтаны Бөкей Ресей императоры I Павелге ішкі Ресей аумағына – Жайықтың оң жағына көшіп-қонуға рұқсат сұрайды.
1801 жылы патша үкіметі осы өтінішті қабылдап, Бөкей бастаған 5 мыңға жуық қазақ отбасы Жайық пен Еділ арасындағы аймаққа көшіп барды. Осылайша тарихта Ішкі Орда немесе Бөкей Ордасы деген атпен белгілі әкімшілік-саяси құрылым қалыптасты.
Бөкей хан және оның саясаты
Бөкей ханның басты мақсаты – қазаққа кең жайылым, тыныш өмір сүруге жағдай жасау болды. Ол Ресеймен қарым-қатынасты жұмсақ саясат арқылы жүргізіп, халықтың мүддесін қорғауға тырысты. Бөкей хан көшіп келген елге жер бөліп, рулық тартыстарды кемітуге, бірлік орнатуға күш салды.
Бөкей 1815 жылы өмірден өткеннен кейін, оның орнына уақытша кеңес басқарды. Кейін хандық билік оның ұлы Жәңгір ханға өтті.
Бөкей ордасының тарихындағы ең маңызды кезең – Жәңгір ханның билік етуі (1823–1845). Ол қазақ қоғамында жаңашылдық енгізген, білімге ден қойған, реформатор тұлға ретінде белгілі.
Жәңгір ханның басқаруында ордада алғашқы қазақ мектептері ашылды, медициналық пункттер ұйымдастырылды, сауда-саттық дамыды, жәрмеңкелер өткізілді, заң жүйесіне өзгерістер енгізілді, ордада мешіт салынды.
Жәңгір хан жаңа үлгідегі хандық басқару жүйесін қалыптастыруға тырысты. Ол Ресей үлгісіндегі басқару формасына жақындап, тұрақты әкімшілік аппарат құрды. Бұл кейбір тарихи көзқарастар бойынша жаңашылдық болса, екінші бір көзқарастарда халыққа жасалған қысымның жаңа түрі ретінде бағаланады.
Жәңгір хан реформалары барлық халыққа бірдей оң әсер етпеді. Жер жағдайы, салық ауыртпалығы, хан төңірегіндегі бай-шонжарлардың үстемдігі қарапайым халықтың наразылығын күшейтті.
Осы жағдайға қарсы 1836–1838 жылдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс орын алды. Бұл көтеріліс халықтың әлеуметтік әділетсіздікке, жер тапшылығына және басқарудағы озбырлыққа қарсы наразылығының көрінісі еді.
Көтеріліс жеңіліске ұшырағанымен, ол қазақ халқының еркіндікке деген ұмтылысын айқын көрсетті және Бөкей ордасының ішкі қайшылықтарын ашып берді.
1845 жылы Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Ресей империясы Бөкей ордасындағы хандық билікті жою туралы шешім қабылдады. 1845 жылдан бастап Ішкі Орда Ресей әкімшілігінің тікелей басқаруына өтті.
Хандық биліктің жойылуы қазақ қоғамында үлкен өзгерістерге әкелді. Қазақ даласындағы дәстүрлі басқару жүйесі ыдырап, патшалық әкімшілік билік енгізілді. Бұл отарлық саясаттың тереңдей түскенінің нақты көрінісі болды.
Бөкей ордасының тарихи маңызы
Бөкей ордасы – қазақ мемлекеттілігінің даму жолындағы ерекше кезең. Ол бір жағынан Ресей империясына бағынышты құрылым болса, екінші жағынан қазақ қоғамының өзіндік мемлекеттік басқару формасы ретінде өмір сүрді.
Бұл кезеңде қазақ даласына еуропалық білім үрдісі ене бастады, қоғамда жаңа мәдени және әкімшілік тәжірибелер қалыптасты, қазақ саяси элитасы жаңа заман талаптарына бейімделе бастады.
Сонымен қатар, Бөкей ордасы арқылы отарлық саясаттың қазақ қоғамына тигізген әсерін айқын айқын көруге болады. Жерден айыру, басқару жүйесінің өзгеруі, әлеуметтік теңсіздіктің күшеюі – осы кезеңнің негізгі белгілері.
Қазіргі күндері Бөкей ордасы тек тарих беті емес, ұлттық сананың маңызды бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс. Батыс Қазақстан облысында орналасқан бұрынғы Орда ауылында тарихи-мәдени кешендер сақталған. Жәңгір ханның сарайы, мектеп ғимараттары, мұражайлар – сол дәуірдің тірі куәгерлері.
Бұл нысандар бүгінгі ұрпаққа тарихты көзбен көріп, сезініп түсінуге мүмкіндік береді. Бөкей ордасының тарихын тану – өз мемлекетіміздің қалыптасу жолын ұғынудың маңызды бөлігі.
Бөкей ордасы – қазақ халқының тағдырлы кезеңінің айнасы. Бұл кезеңде халық тәуелсіздік пен отарлық күштің арасында өмір сүрді, жаңа қоғамға бейімделуге мәжбүр болды. Соған қарамастан, қазақ халқы өзінің тілін, дәстүрін, ұлттық болмысын сақтап қалды.
Бөкей ордасының тарихы бізге көп нәрсені үйретеді: қандай қиын кезең болса да, халықтың рухы мен тарихи санасы жойылмайды. Бұл – ұлттың өміршеңдігінің белгісі.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz