Дүйсенбі, 8 Желтоқсан 2025
Белес 244 0 пікір 8 Желтоқсан, 2025 сағат 14:34

Қабдеш Жұмаділов. Бодандықтан – бостандыққа...

Сурет: stan.kz сайтынан алынды.

Редакция: Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарының назарына жазушы, Қазақстанның, Қазақтың халық жазушысы, марқұм Қабдеш Жұмаділовтің 90-шы жылдары жазылған мақаласын ұсынып отырмыз. Мақаланы редакциямызға жазушының ұлы, белгілі тарихшы, ғалым Арман Жұмаділов ұсынды...


«Туған ай – туралған ет, тез таусылады» деп арғы аталарымыз уақыттың өткенiне қынжылған екен. Ал бiз «нұрлы болашаққа» тезiрек жету үшiн, ағылған айлар мен жылжыған жылдардың неғұрлым жылдамырақ өткенiне қуанатын мiнез таптық. Бiрақ, қалай дегенмен, уақытқа тоқтау жоқ. Ай мен жылды айтасыз, өлмеген адамға әншейiнде бiтпестей, жеткiзбестей көрiнетiн ғасырдың өзi де мүжiлiп таусылады екен ғой. Мiнеки, амандық болса,   жиырмасыншы ғасырдың да соңғы он жылдығына қадам   басып отырмыз.

Және ғасыр болғанда қандай! Арғы жағын бiлмеймiн, ал Ғайса туғаннан берi дәл осы ғасырдай дүрбелеңi көп, беймаза ғасыр болмаған шығар-ау. Санай берiңiз: екi бiрдей дүниежүзiлiк соғыс, социалистiк революция, жер шарының екi лагерьге бөлiнiп, ондаған жыл бойы теке тiресте тұруы, адамзаттың тұқымын құртып жiберуге жетерлiк ядролық қарудың жасалуы – осының бәрi қай ғасырдың да белiн қайыстырары сөзсiз. Мұның сыртында, «соңғы түйенiң жүгi ауыр» дегендей, ақырғы он жылдықта адамзатты не күтiп тұрғанын кiм бiледi. Бұрын бiзге жиырмасыншы ғасырдың ең басты оқиғасы – Қазан төңкерiсi деп үйреттi. Ол жағы солай, талас жоқ. Бiрақ оған соңғы жылдары бой көрсеткен тағы бiр жаңалықты қосу керек. Бұл ғасырдағы және бiр үлкен оқиға – социалистiк системаның ыдырауы, империялардың күйреуге бет алуы.

Жалпы адамзатқа жер ортақ, заман ортақ, уақыт ортақ болғанымен, әр елдiң өмiрден алған сыбағасы әр түрлi. Мойындау керек, дүниенi дүр сiлкiндiре, ғасырды дүрiлдетiп бастаған Кеңес Одағы оны абыроймен аяқтады деп айта аламыз ба? Сол баяғы аштық, жалаңаштық, қаңырап жатқан дүкендер. Әбден iш майымызды тауысқан әскери техникадан өзге, жұртқа көз қылып көрсететiн де ештеңемiз жоқ екен. Сұмдық қой, жер шарының алтыдан бiр бөлiгiн бауырымызға баса отырып, басқа ешкiмде жоқ табиғат байлығына белшемiзден бата отырып, өздiгiмiзден жан баға алмайтын дәрежеге жетуiмiздi ештеңемен ақтауға болмайды.

Бұл күнде социалистiк система бiр елде ғана емес, барлық елде, барлық майданда сәтсiздiкке ұшырады. Социализмнiң тұңғыш отаны болғандықтан, әрине, оны мойындау бiз үшiн өте ауыр. Партия кiнәлi емес, партаппарат кiнәлi, система кiнәлi емес, тоталитарлық режим кiнәлi деп, өзiмiзше бәтуа тапқымыз келетiнi де сондықтан. Жетпiс жыл бойы билiк басында отырған, сол жылдар iшiнде «жасасын» дегеннен басқа сөз естiмеген коммунистiк партия монополиядан, мақтаудан, бас ұрудан кенде болған жоқ. Ендi қолмен iстегендi мойынмен көтеруге, халық алдында жауап беруге тура келедi. Ал осы жылдары Кеңес халқын еңбек етпедi, тер төкпедi десек, шындыққа қиянат болар едi. Кеңес адамдарын ойласам, менiң көз алдыма әлдебiр доңғалақсыз вагонды қара жердiң қыртысын көшiре сүй-
реп бара жатқан жанкештiлер елестейдi. Содан кейiн көз алдымнан кетпейтiн тағы бiр сурет – түбi тесiк тайқазан. Тапқан-таянғаныңды әкелiп құя бересiң, құя бересiң, бiрақ өмiрi бiр толмайды. Аянышты-ақ!

Ал осының бәрiне кiнәлi кiм? Сол баяғы Сталин бе? Оның өлгенiне де қырық жылға жуық уақыт өткен жоқ па? Не болмаса, әлгi айта беретiн тоталитарлық режим кiнәлi ме? Мүмкiн. Бiрақ бiздiң қоғамдық құрылысқа тоталитарлық режим неге қажет болды? Большевиктер басқаның еркi мен көзқарасын мойындамайтын, бiр партиялы, ең қатыгез әкiмшiлiк жолды неге таңдап алды? Ой жүгiрткен адамға мұның да өзiндiк себептерi бар.

Ең басты себеп: бiздiң осы уақытқа дейiн болмасты болдырамыз, толмасты толтырамыз деп әуреге түскенiмiзде. Большевиктердiң алдында Қазан төңкерiсiнен кейiн бiр емес, екi түрлi мiндет тұрды. Оның ең бастысы – алдымен бiр елде, сонан соң дүние жүзiнде коммунизмдi орнықтыру. Екiншiсi – iргесi iрiп құлауға айналған Ресей империясын қайткен күнде де сақтап қалу. Тоталитарлық режим мiне осы мақсаттарды жүзеге асыру үшiн қажет болды. Өйткенi мұның екеуi де тек қана күшке сүйенбесе, өздiгiнен өрге баспайтын, iске аспайтын дүниелер болатын. Жер бетiнде коммунизм орнату утопиясының қаншалық болашағы бар екенiн өмiрдiң өзi көрсеттi ғой. Ар жағын қазбалап жатпайық. Ал, о баста отаршылдыққа негiзделген империяны бұдан ары сақтап қалу тiптi де мүмкiн емес-тi. Себебi, империялардың заманы әлдеқашан өтiп кеткен. Рас, тоталитарлық режим оны жетпiс жыл бойы зорлықпен ұстап келдi. Сол үшiн қанша қан төгiлдi. Қаншама халық жер бетiнен өшiп кете жаздады. Ал қазақ халқының берген құрбандығын тiлмен айтып жеткiзу қиын. Социализм қазақтар үшiн өте қымбатқа түстi. Ал ендi барыңды берiп, қаныңды төгiп алған дүниең ештемеге жарақсыз, жалған боп шықса ше? Мұның атын жығылған үстiне жұдырық, немесе тақырға отырып қалу демеске амалың қайсы?!

Бiрақ адамзат тарихы үшiн жетпiс жыл – көп уақыт емес, қас қағым сәттей. Өткен ғасырда небәрi жетпiс күн өмiр сүрген Париж коммунасын еске алғанымыздай, болашақ ұрпақ бiздiң жетпiс жылдық тарихымызды да аянышпен еске түсiрiп отыра ма, кiм бiлсiн?! Бұл – сөз жоқ, үлкен трагедия, алданған, адасқан ұрпақтың бақытсыздығы. Ал бақытымыз не десек, ол – дүниедегi ең ақырғы империяның ыдырағанын көзбен көрiп, куә болғанымыз. Бiр қызығы, осыны құлатайық деп, тұс-тұстан көтерiлiс бастап, күрескен де ешкiм болған жоқ. Тоталитарлық режим сәл босаңсып, демократияның жылы желi соғып едi, тозығы жеткен империя құрсауы түскен кеседей сынығы саудырап бөлек қалды. Ендi оны қайтадан жамап-жасқау мүмкiн емес. Әскери күш те, интернационализм рухындағы әдемi сөздер де империяны қалпына келтiре алмайды.

Бұл ретте, кейбiр пиғылдары қазақ халқының намысына тигенiмен, Александр Солженицынның: «Бiзде империяны ұстап тұратын күш жоқ. Сол қажетсiз, артық жүк иығымыздан түссе екен. Әйтпесе, ол қанымызды сорып, елiмiздi құртып, кешiкпей түбiмiзге жетедi» деген пiкiрiне ден қоймасқа болмайды. Мұны ол, әрине, таза орыс ұлтының мүддесi тұрғысынан айтып отыр. Ал Қазақстанға келгенде, теп-тегiс жерден оп-оңай сүрiнген. Сонша жыл түрмеде жатып, қуған-сүргiн көрген Солженицынның өзi де шовинистiк дерттен жазылмаған болып шықты. Ол өз тарапынан Украина мен Белоруссиядан басқа барлық республикаларға бостандық жариялай тұра, қазақтың кең даласын тұтас күйiнде қолдан шығаруға көзi қимайды. Ең шымбайлы аймақтарға шеңгелiн салып, опырып алып қалғысы келедi. Бұл орайда ол, әрине, жалғыз емес. «Ойда өгiз сүзiссе, қырдағы бұғының мүйiзi сырқырайды» деген мәтел осындайда еске түседi.

Империя ыдырағанда тату достықты сақтап қалудың бiр ғана жолы бар. Ол – республикалардың тәуелсiздiгiн толық танып, өз тiзiгiнiн өзiне беру. Бұратана ұлттарға бостандық бергенде, оны қайырымды адамның қайыршыға ұсынатын садақасындай емес, өзiнiң ежелгi ата қонысында жасап отырған әрбiр халықтың тәуелсiздiкке толық қақысы бар екенiн мойындай отырып беру керек. Ал өз еркiндiгiн алған тәуелсiз мемлекеттер Ресейден, немесе бiр-бiрiнен бiржола қол үзiп кетедi деп қауiптенуге ешқандай негiз жоқ. Ол республикалар дәл қазiр үгiттемесең де бiр-бiрiнен алыс кете алмайды. Өйткенi ұзаққа созылған отаршылдық саясат көптеген республикаларды өздiгiнен күн көре алмайтын зағип күйге түсiрдi. Демек, ұлт республикалары өз еркiндiгiн алғаннан кейiн де, көп жылдар бойы бiр-бiрiмен алыс-берiс жасап, екi жартыны бiр бүтiн етпеске амалдары жоқ.

Қазiр одақтық шарттың алғашқы жобасы талқылануда. Шамасы, ол өтпелi дәуiрде басып өтпеске болмайтын қажеттi кезең болса керек. Бiрақ, ондағы кейбiр пункттерге қарағанда, орталық үкiмет әлi де болса жiлiктiң майлы басын ұстаудан, өктемдiк жасаудан тартынатын түрi жоқ. Егер ерiктiлiк принципi сақталмай, республикалар тағы да орталықтың аузына қарап, «шыжыммен ұшып, шырғамен қонатын» болса, ол шарттан ештеңе шықпайды. Басқасын былай қойғанда, шарт жобасында: әскердiң, полигондардың, мемлекет шекарасының, қоғам қауiпсiздiгi органдарының, темiржол мен iрi зауыттардың билiгi орталықта болады деп көрсетiлуi зәтте болған көңiлге көп күмән тудырады. Сонда қалай, тәуелсiз мемлекет үшiн ең қажеттi тұтқалар орталықтың қолына көшкенде, республикаға қалатыны – тек шаруашылық пен мәдениет iстерiн басқару ғана ма? Рас, бұрынғыдан гөрi қалтамызға бiрдеңе түсер, жер асты байлығын, шикiзатты қымбатырақ сатып, көйлегiмiз бүтiнделер, тамағымыз тоғаяр. Бiрақ өз бостандығы үшiн талай құрбандық берiп, өмiр бойы күресiп келген халықтың түп мақсаты бұл емес қой.

Осының бәрi одақтық шартта дұрыс шешiмiн табуға тиiс... Уақыт бәрiн өз орнына келтiредi. Биыл өте сұмдық көрiнген нәрсе, келер жылы қалыпты жағдайға айналады. Кiм бiледi, ендi екi-үш жылдан кейiн, кедергiсiнен басқа пайдасы жоқ, орталық үкiмет қажет пе деген де мәселе көтерiлуi мүмкiн. Бiз жалпы, адасқанымыз бар, алданғанымыз бар, адамзат дамуының байырғы жолынан көп бұрыс кеткен елмiз ғой. Амал жоқ, көп жағдайда алғашқы жол айрығына қайта оралуға тура келедi. Саясат пен экономикада ғана емес, рухани, мәдени дамуымызда тұйыққа тiрелген терiс теориялар мен жалған тұжырымдар қаншама. Өткенiмiзге ой жүгiртiп, жаңаша баға беретiн, ескiнiң шаң-тозаңынан қағынып-сiлкiнiп, қатып қалған қағидалардан арылатын кез осы.

Айта берсе сөз көп. Ойымыз шашырап кетпеу үшiн, тек бiздегi тарих ғылымының қай бағытта дамығанына көз жiберелiкшi. Қарап отырсақ, Кеңес дәуiрiнде жазылған тарихи әдебиеттiң барлығы дерлiк патшалық Ресейдiң отаршылдық саясатын ақтауға, зорлықты заңдастыруға құрылған екен. Тарихта бұрынды-соңды болып өткен империя атаулы халыққа жат, реакцияшыл, кертартпа болып келедi де, тек Ресей империясы ғана басып алған елдерiне iзгiлiк, өнер-бiлiм, прогресс әкелген боп шығады. Рас, аздап қанаған шығар, тонаған шығар, бiрақ онысы «нұрлы болашаққа» бастаған тарихи миссияның қасында түкке тұрмайды. Сондағы тiлге тиек ететiндерi – бұратана ұлттардың ұлы орыс халқымен бiрге Қазан төңкерiсiне бұрын жетiп, социализмге ертерек қадам басқаны. Мiне, сол үшiн-ақ бүгiнгi ұрпақ өз ата-бабаларының кезiнде басқа бiр отаршылдың қолына түсiп кетпей, патшалық Ресейге бодан болғанына мың да бiр тәубе келтiрiп, тағдырға алғыс айтуға тиiс болды. Ал капитализмге соқпай, социализмге секiрiп өткен қазақ сияқты елдер мәңгiлiк қарыздар боп саналды.

Қазақ елi Ресейге еш зорлықсыз, өз еркiмен қосылды деген жалған концепция да отаршылдықты заңдастыру мақсатында туған. Өткен ғасырда өмiр сүрген хан мен сұлтан, би мен батырға баға бергенде, «ол өзi Ресейге қосылуға қалай қарады» деген сұрақ тәңiр таразысындай негiзгi өлшемге айналды. Ұзақ жылдар бойы үстем боп келген Әбiлқайыр ханның «көрегендiгi» туралы алып-қашты әңгiме де осылай белең алды. Ал, шындығына келгенде, бодандық жайындағы мәселенi алғаш көтерген Әбiлқайыр емес, патша отаршылдары екенi айдан анық.

Жалпы, патшалық Ресей он сегiзiншi ғасырдың жиырмасыншы жылдарына келгенде-ақ, қазақ даласына iшкерiлеп енудiң мерзiмi жеттi деп есептеген. Олар бiрiншi Петрдiң тұсында-ақ Ертiстi өрлеп, бiраз бекiнiстер салып үлгерген болатын. Ендi алдын ала ойластырған жоспар бойынша, шекаралық шеп Ор, Елек, Жайық бойына қарай созылуы керек едi. Ал қазақ жерiнiң бiр пұшпағы саналатын бұл өлкенi бейбiт жолмен игеру үшiн, заңды келiсiм, юридикалық акт қажет болды. Бұл үшiн қазақтың көп хандарының бiрi «Ресейдiң қол астына қараймыз» деп хат жазып, ант берсе жетiп жатыр едi.

Бұл жөнiнде патша әкiмдерi екi араға жүруге башқұрттарды пайдаланды. Олар 1726-жылдың өзiнде-ақ қазақ даласына, қолына жем шанышқан қармақ ұстатып, башқұрт саудагерi Мақсұт Юсуповты жiберген болатын. Ол ең алдымен Қайып хан мен оның баласы Батыр сұлтанды айналдырды. Бiрақ олар Ресеймен достық одақ құрайық, тату көршiлiк қатынаста болып, сауда-саттық жасайық дегеннен арыға бара алмады. Ал орыс әкiмдерiне «бодан боламыз» деген сөз керек-тұғын. Ондай батыл қадам жасауға бұл жолы Әбiлқайырдың да дәтi бармады. Өйткенi бұл кезде оның есi-дертi ұлы ордаға хан болу едi. Бiрақ, арада бес жыл өткенде, Әбiлқайыр қанды қармақты бәрiбiр қапты. Жағдай да соған дөп келдi. Бұл – оның Болаттың орнына хан сайланбай, би-сұлтандарға өкпелеп, жоңғарға қарсы ұрыс майданын тастап кеткен кезi болатын. Ол өзiнше ақ патшаның сүйiктiсiне айналып, сол арқылы көздеген мақсаттарына жетпек болды.

Әсiлi, Әбiлқайыр – бiреулер ойлап жүргендей героикалық тұлға емес, трагедиялық тұлға. Осыны дұрыс аңғармай дүрмекке iлесiп, өз шығармаларында оны бiр дәуiрдiң бас қањарманы етiп көрсетем деушiлердiң ең үлкен сәтсiздiгi де, мiне, осында жатыр. Әбiлқайырдың трагедиясы – өзiнiң қомағайлығынан қармақты алдымен қапқанында емес, көзiнiң тiрiсiнде-ақ алданғанын сезiп, опық жеуiнде. Ақыры өз халқына да, патша әкiмдерiне де қадiрi болмай, қор болып өлуiнде. Патша отаршыларына керегi – қазақтың ханы да, халқы да емес, «өз еркiмен қосылды» деген юридикалық құжат болатын... Қозы «менi же» деп өтiнiш жазбаса да, қасқыр оны бассалуға дайын тұрған. Ор, Елек бойына бекiнiстер салып, Жайық жағасына орнығып алған соң, Әбiлқайырды керек те қылмай лақтырып тастады. Барақ сұлтан бақытсыз ханның басын алғанда, патша әкiмдерi «сiңiрген азды-көптi еңбегi бар едi» деп, тым құрыса соңынан сұрау да салмады ғой. Әкесiнiң орнына одан әлдеқайда қолайлы, елгезек Нұралы сұлтанды отырғыза салды.

Ал Әбiлқайыр патшалық Ресейге арқа сүйеп отырып, қазақ жерiн сыртқы жаудан тазартпақ болды дейтiн тұжырым мүлде қисынға келмейдi. Олай дейтiнiмiз, Әбiлқайыр 1730-жылғы Аңырақай-Алакөл шайқасынан кейiн жоңғарға қарсы бiрде-бiр ұрысқа қатысқан жоқ. Жасақ та қоспады. Бiрде Хиуаға, бiрде башқұртқа шабуыл жасап, олжа түсiрудiң қамында болды. Ал қазақтарға әскери көмек беру о бастан-ақ патша үкiметiнiң жоспарында жоқ болатын. Жат жұртқа от қаруды да ұстатқысы келмедi. 18-ғасырдың 40-жылдарында Ертiс өңiрi мен Шыңғыстауда, 50-жылдары Зайсан көл маңында қазақ-қалмақ қырылысып жатқанда, орыс әскерлерi бұрылып та қарамай, соған таяу  жерлерде өз бекiнiстерiн алаңсыз сала бердi. Жалпы, қазақтың жауынгер ұлдары өз жерiн ешкiмнiң көмегiнсiз-ақ, жоңғар бас-
қыншыларынан өздерi азат еткенiн атап айтуымыз керек.

Тегiнде, басын ашып алатын тағы бiр жай, қазақ халқының жоңғарға қарсы күресi, кейбiр зерттеушiлердiң жазып жүргенiндей, көшпелi феодалдардың өзара билiкке таласқан қақтығысы емес, қазақ жерiн жаудан азат ету жолындағы нағыз Отан соғысы болды. Азаттық соғысы өзiне лайық қањармандарын туғызды. Орыс тарихында Невскийдiң, Суворовтың, Кутузовтың орны қандай болса, қазақ халқы үшiн Абылайдың, Қабанбай мен Бөгенбайдың қадiрi сондай. Осынау қазақтың кең даласы үшiн, бiз бәрiмiз де сол аруақтарға қарыздармыз. Бiрақ бiздiң тарих ғылымында қазақтың жоңғарға қарсы азаттық соғысына онша мән берiлмей, ол оқиға тек Ресейге қосылудың алғы шарты ретiнде қаралып келдi. Мәселен, бес томдық «Қазақ ССР тарихында» жоңғар шапқыншылығын үш-төрт бетте жай шолып өтедi де, қазақ тарихына қатысы шамалы Пугачев көтерiлiсiне тұтас бөлiм арнаған. Ал қырық жыл бойы желдiң өтi, жаудың бетiнде жүрiп соғысқан, көзi тiрiсiнде ұранға айналған ұлы қолбасы Қабанбай батырдың есiмi онда мүлде аталмайды. «Қазақ Совет Энциклопедиясында» Қабанбайға бөлiнген жолдардан гөрi «қабан» деген хайуанатқа берiлген орын әлдеқайда көлемдiрек.

Бiр ғажабы, қазақ елiнiң тәуелсiздiк алуын күтiп тұрғандай, қазiр сол әйгiлi батырлар кезек-кезек мүшел жастарға толып жатыр. Өткен жылы Бөгенбай батырдың туғанына 300 жыл толды. Бiрақ бұл мүшелтой ауыл-аудан көлемiнде ғана аталып өттi-ау деймiн, көп дақпырты шықпады. Ал келесi жылы атақты Қаракерей Қабанбайдың туғанына 300 жыл толайын деп отыр. Естуiмше, батырдың ұрпақтары қоныстанған Семей, Талдықорған облыстарында мүшелтой өткiзу жөнiнде талап бар сияқты. Бiрақ мұндай халықтық мерекенi ауыл, аудан көлемiнде қалдырмау керек. Қабанбай, Бөгенбай секiлдi батырлардың мүшелтойын, арнаулы үкiмет комиссиясын құрып, республика деңгейiнде неге өткiзбеске?! Ел басына күн туғанда халыққа қорған болған ерлердiң еңбегi қандай құрметке де татиды. Кезiнде осынау қазақ даласын басқыншылардан кiмдердiң қорғап қалғанын айдай әлем бiлетiн болсын. Сонда «мына жер – бiздiкi» деп кiм көрiнген оның пұшпағына жармаспайтын болады.

Ел қорғаған батырлардың есiмiн қала, ауыл, мектеп, көшелерге қойып, мәңгiлiк есте қалдырудың шараларын ойластырған жөн. Республика көлемiнде қаптап кеткен, әрқайсысы бiр емес, бестен-оннан қайталанатын: Георгиевка, Покровка, Николаевка, Михайловкаларды қысқартып, сол жерлердi бiр кезде жаудан қорғап қалған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары, Баян, Олжабайлардың атымен атайтын мезгiл жеткен жоқ па?!

Қысқасы, бiздiң халқымыз қазiр ғасырда бiр болатын шешушi кезеңде, үлкен жолдың айрығында тұр. Бұл жолғы таңдауда қапы соғатын жөнiмiз жоқ. Дүниеде бостандыққа, еркiндiкке пара-пар келетiн не бар?! Ол үшiн мал түгiл, жаныңды да қиюға болады. Сол бостандық көп жылдар көз жаздырып кетiп, қолымызға қайта қонғанда, қадiрiне жетiп, иелiк ете алмасақ, келер ұрпақ бiздi кешiрмейдi.

Қабдеш Жұмаділов

1990 жыл.

Abai.kz

0 пікір