Дүниеден аңыз адам да көшті
Қазақтың театр және кино өнерінің майталманы, атақты актер, режиссер, КСРО және Қазақстан халық артисі, аңыз адам Асанәлі Әшімұлы дүниеден озды.
Асанәлі Әшімұлы 1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген-ді. Әу баста ауыл шаруашылығы саласындағы оқуға түскенімен, кейін әйгілі режиссер Асқар Тоқпановтың көзіне түсіп, көп ұзамай өнер саласына бет бұрған. Театрда, кинода қаншама рөлдерді сомдады. Ұлт өнерінің тарихында қалатын, Алтын қорға енетін талай тамаша образдар бейнеледі. Бір ғана Бекежан образының өзі неге тұрады?
– Қарағанды жақтағы бір ауылда спектакль қойдық, – деп еді бір естелігінде. – «Қыз Жібектің» қызуы басылмай тұрған, өте танымал кезең. 70-жылдардың басы. Көрермен көп. Көбі бар болсын, талай адам кеп кәдімгідей бетіме түкірмесі бар ма? Тура кинодағыдай. «Неге?» деп түсінбеймін. Сөйтсем, «Төлегенді неге өлтіресің?» деп кәдімгідей ашуланып, ұрсады жұрт. Бір жағынан, күлкім келеді... адамдардың сенгіштігіне. Сосын ойлаймын: бұл –өнердің құдіреті шығар, бәлкім деп...
Расында да, адамның бәрін сендіре білу, шынайы ойнау – актер бақыты болса керек.
Асанәлі Әшімұлы театр сахнасында М.Әуезовтің «Абайында» – Керімді ойнады, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбайды сомдады.
Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ.Мұхамеджанов пен Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И.Вовнянконың «Апатында» бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актердің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі жатыр.
А.Әшімұлының қазақ өнеріне сіңірген еңбегін бағалау – алдағы күннің еншісінде. Зерттеушілер жазып та жүр.
Әйгілі актер, режиссер, өнер майталманы Асанәлі Әшімұлының қазасына байланысты марқұмның отбасына, туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.
Abai.kz