Сейсенбі, 23 Желтоқсан 2025
Ақмылтық 281 0 пікір 23 Желтоқсан, 2025 сағат 14:59

Мәулен Әшімбаевқа ұсыныс...

Суреттер: abai.kz, baq.kz сайттарынан алынды.

Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының
Төрағасы М.С. Әшімбаевқа!

Құрметті Мәулен Сағатқанұлы!

Соңғы кезде Сіз жүргізетін Taldau Talks подкасының әр шығарылымы жұрттың назарын ерекше аудара бастағанын көріп, біліп отырмын.

Сондай-ақ: «Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен тыс, жүздеген миллиардтаған теңге айналатын – «үкіметтің екінші әмияны» деп аталатын параллель қаржылық жүйе бар», - деген сөзіңізді бұрын-соңды болмаған  үлкен оқиға ретінде қабылдадық.

Сіз айтып отырған «параллель қаржылық жүйе» – мен мен көтеріп келе жатқан «Қазақстан – узурпацияланған мемлекет!» атты тақырыптың тамыры бір екенін байқадым...

Құрметті Мәулен Сағатқанұлы!

Біздің елімізде ешқандай ақтауға келмейтін бір шындық бар.

Ол – Қазақстанның Құлыбаевтар жағынан узурпацияланған мемлекет екендігі!

Міне, Өзіңіз де көріп отырсыз, 2022 жылы жасалған  Конституциялық реформа Қазақстанды Құлыбаевтардың сол УЗУРПАЦИЯСЫНАН алып шыға алған жоқ.

Мемлекетіміздің тағдырын, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі саяси беделі мен ертеңгі тарихи орнын ойласақ, енді сол УЗУРПАЦИЯны ашық мойындайтын және одан құтылатын уақыт келді!

Сондықтан, Сізден мені және Өзіңіз қалаған өзге де тұлғаларды қатыстыра отырып, Taldau Talks подкасының келесі бір шығарылымын «Қазақстан – узурпацияланған мемлекет!» атты осы тақырыпты талқылауға арнауыңызды сұраймын.

Ескерту:

  1. «Қазақстан – узурпацияланған мемлекет!» және «Бұл – узрупацияның жаңа формасы!» атты мақаламның көшірмесі қоса тіркелді;
  2. Аталған «Қазақстан – узурпацияланған мемлекет!» мәселесі таяуда Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің талқылауынан өтіп, Үкіметке жолданды...

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

0 пікір