Сенбі, 10 Қаңтар 2026
Әне, көрдің бе? 1012 0 пікір 9 Қаңтар, 2026 сағат 15:09

Трамптың «сегіз соғысы»: Қиял және шындық

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Өткен жылдың 19 тамызында «cbsnews.com» арнасына берген сұхбатындағы АҚШ президенті Доналд Трамптың: «Мен алты соғысты тоқтаттым, көп адамдар жеті соғыс дейді, өйткені ешкім де білмейтін тағы бір соғыс бар», - деген сөздері әлемге тарап кетіп, кейбір қазақ басылымдарды «бейбітшілік президенті» деп аспанға көтеріп жүр.

АҚШ президенті өзі «тоқтатқан» соғыстар санын өсіре түсіп, 2025 жылдың 10 желтоқсанында Үндістанның «ANI» ақпарат агенттігіне: «Анығында мен сегіз соғысты тоқтаттым», - деп мәлімдеді.

Әлемдегі алып мемлекеттің басшысы айтқан сөздерге Американың өзінде де Трамп «соғыс» деп отырған Тайланд-Камбоджа, Косово-Сербия, Руанда-Конго Демократиялық Республикасы (КДР), Пәкістан-Үндістан, Мысыр-Ефиопия, Армения-Әзірбайжан, Израиль-ХАМАС, Израиль-Иран қарулы қақтығыстарын шешудегі Трамптың «еңбегіне» күмәнмен қарайды.

Анығында бұл қақтығыстар ірі көлемдегі соғыс емес, бұрыннан бері бірде бәсеңдеп, бірде қайтадан өршіп мезгіл-мезгіл тұтанып тұратын жергілікті территориялық шектеулі көлемдегі шиеленістер, немесе қысқа мерзімдегі, екі тараптың өзара келісімімен Трамптың қатысуынсыз шешілген қақтығыстар.

Мысалы, Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы Кашмир аймағы төңірегіндегі қарулы қақтығыс небәрі төрт күнге ғана созылып, екі жақтың 10 мамырдағы келісімі негізінде аяқталды. Пәкістан жағы осыған үн қосқан Трампты мақтап, Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынса, Үндістанның сыртқы істер министрі Викрам Мисри бейбітшіліктің екі жақты келісіммен орнағанын, Трамптың бұған еш қатысы жоғын айтып, бұл ұсыныстан бас тартты.

2025 жылы 24 шілдеде басталған Камбоджа мен Тайланд арасындағы шекара дауында да Трамп өзін «бейбітшілік орнатушы» етіп көрсетпек болып, 28 шілдеде «атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткіздім» деді. Бірақ, Куала-Лумпурда қол қойылған бұл келісім Малайзия премьер министрі Ануар Ибрахимнің аралық етуінің нәтижесі еді. Соның өзінде желтоқсан айында Камбоджа-Тайланд қақтығысы қайта басталды.

Өткен жылдың қазан айында Израиль мен ХАМАС ұйымы арасында екі жылдан асқан қарулы қақтығыстан кейін атысты тоқтату келісімі жасалғанда да Трамп мұны өзінің дипломатиялық жетістігі санап, әлемге жар салған еді. Алайда АҚШ-қа аррқа сүйеген Израиль бұдан кейін де әуе шабуылын тоқтатқан жоқ.

Иран мен Израиль арасындағы он екі күнге созылған соғыстан кейін де жағдай тұрақталған жоқ. Екі ел арасында бейбітшілік келісімі жасалмады.

Ал Таулы Қарабақ мәселесінде Армения мен Әзірбайжанды келісімге келтіруде Трамптың емес, Түркия президенті Ердоғанның ықпалы зор болды.

АҚШ президентінің «соғысты тоқтаттым» деген аймағындағы Конго Демократиялық Республикасы мен Руанда мәселесі де шешілген жоқ. Руанданың М23 деп аталатын қарулы көтерілісшілер тобы Конго Демократиялық Республикасының минералдық шикізатқа бай шығыс бөлігін басып алғаннан кейін, өткен жылы маусым айында Уашингтонда екіжақты бейбіт келісімге қол қойылғанымен, сол жылдың шілде айында М23 жасақтары КДР аймағының шығысында 140 адамды қырып салып, қақтығыс қайта өршіді.

Ніл өзенінің жоғарғы сағасында су бөгетін салып жатқан Ефиопия мен Мысыр, Косовоны өз жері деп санайтын Сербия мен Косово арасындағы шиеленіс те күрделі қалпында қалып отыр.

Түйіндеп айтсақ, Трамптың «сегіз соғысының» бірі де тоқтаған жоқ. Ұлыбританияның Брукингз стратегиялық зерттеу институтының қорғаныс және сыртқы саясат маманы Майкл Ханлонның айтуынша: «Біздің іс жүзінде көріп отырғанымыз – атысты уақытша тоқтату туралы келісім ғана, бұл соғысты тоқтату емес».

Бүгінгі әлемде бейбітшілік орнату ең мықты деген президенттің де қолынан келмейді.

Марат Ермұқанов

Abai.kz

0 пікір