«Күштілер құқығы» дәуірі басталды...
Америкалық Конгрессмен, Республикашылар өкілі Ренди Файн Гренландияны аннекциялау және оған АҚШ штаты статусын беру туралы заң жобасын ұсынды.
Әлгінде ғана Трамп Гренландия туралы:
- Гренландияның қорғанысы қандай екенін білесіз бе? Бар болғаны екі итті күзеттей. Түкке тұрғысыз. Ал оның айналасын Ресей мен Қытайдың эсминецтері мен сүңгуір қайықтары торуылдап жүр. Гренландияны біз алмасақ Ресей мен Қытай алады. Ал бұған мен жол бере алмаймын!, - деді.
Онан соң ол:
- Гренландияның тағдыры өте жақын күндері шешіледі, - деді.
Онымен қоймай:
- Гренландияны Дания Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін заңсыз иемденіп алған, - деді.
Гренландия арал болғанымен, онда мұнай мен газ қоры бар. Аралдың қазіргі меншік иесі - Дания. Халықаралық құқықпен мөрленген, солай. Бірақ…
Алдында The Times: АҚШ-қа Гренландияны өзіне бағындырудың 4 жолы бар. Олар:
*Басып кіріп, оккупациялау жолы;
*Гренландияны Даниядан сатып алу және жергілікті халыққа, арал экономикасына аса ірі көлемде инвестиция уәде ету;
*Еркін ассоциация құру туралы келісім ұсыну;
*Гренландияның меншік құқы Данияныкі боп сақталады. Бірақ, АҚШ-тың аралдағы әскери күші көбейтіледі, - деп жазған.
Дания дегеніңіз - НАТО. Демек, АҚШ-тың Данияға ауыз салуы - НАТО-ның ішкі бөлінісіне жол ашады. НАТО мен ЕО Трамптың бұнысына қандай реакция білдіреді, Данияның тұтастығын қорғай ма? Енді соны қараймыз…
Ал Трамп бүгін: “НАТО-ны сақтап, аман алып қалған - менмін”, - деді. Бұған дейін: “НАТО АҚШ-ты қорғай алмайды. Ал АҚШ-сыз НАТО-дан ешкім қорықпайды”, - деді.
Осылайша Халықаралық құқық нормасы осылайша көз алдымызда күйреуде…
Ресей - Украинаға соғыс ашып, жерін жаулап, Молдоваға ауыз салмаққа аранын ашып, Грузиядан қос өңірді көтензорлықпен алып, енді Армениямен алысуға, Орталық Азияға одыраңдай сөйлеуге кірісті.
АҚШ - Венесуэланы бағындырып, Мадуроны барымталап, Гренландияға ауыз салып, Куба мен Колумбияға әскерін кезеп, Мексиканы мәжбүрлеп майыстыруға көшті.
Енді Қытай қарап жатпайды. Тынық мұхиттың температурасы көтеріледі. Тайуанды күшпен басуға негіз бар. Бұл Қытай мен Жапония арасының ушығуын, тіпті тікелей қақтығысқа түсуін болжатады.
Путин бастап, Трамп қостап әлем картасын қайта сызуға бағытталған ең қауіпті тенденцияға жол ашты. Жалпы әлемдік тәртіп пен халықаралық құқық ұғымдары тас-талқан болуда. Мұндай үлкен соғыста күштілердің құқығы басты орынға шығуда. Дәулер өзінен әлсіздерге аяусыз лап қоюға кірісіп кетті. Ықпал ету географиясын кеңейтуге барын салады. Оны әл-әзірден көзімізбен көріп жатырмыз…
Қазақ еліне Құдай жар болғай!
Abai.kz