Аякөздің батыр қызы – Айғыз
Айғыз Көшімбайқызы
(1876 ж.- 1918 ж.)
Иә, ел басына күн туған шақта, Азамат соғысы жылдарында ерлермен бірге күреске шыққан батыр қыз - Айғыз Көшімбайқызының туғанына биыл 150 жыл.
XX ғасырдың басындағы дүрбелең, 1916 жылғы көтеріліс пен Азамат соғысы кезінде ерлік көрсеткен, бірақ тарихта есімі Әлия мен Мәншүктей кең таныла қоймаған бірегей тарихи тұлға 1876 жылы қазіргі Абай облысы Аягөз ауданына қарасты Сары бұйрат деген жерде дүниеге келген. Найман тайпасының Сыбан руынан тараған – Төлен. Жастайынан ата-анасынан айырылып, жетімдік көріп өскен ол алғыр, өжет, еңбек сүйгіш болады. Сол кезеңдегі ауыл өмірінің қиындығы оның мінезін ерте шыңдап, ер азаматтармен қатар жүріп, ауыр жұмыстарға араласады. Ауыл азаматтары егін егіп, суару үшін арық қазғанда азаматтармен бірге болып, сол арықтың уақтылы бітуіне үлес қосқан. Еңбегіне сүйсінген ел ұзындығы 4-5 шақырымға созылған арықты «Айғыз арығы» деп атаған. «Айғыз арығы» — бұл жай ғана су жүйесі емес, Аягөз өңіріндегі қазақ халқының егіншілік мәдениеті мен ұжымдық еңбегінің және Айғыз Көшімбайқызының қайсарлығының тікелей символы.
Әлия, Мәншүк, Хиуаздар майданда тікелей қарумен жау көзін жойса, Айғыз Көшімбайқызы көбіне тылдық ұйымдастырушылық, медициналық көмек көрсету және саяси үгіт-насихат бағытында белсенділік танытты. Бопай ханым сияқты билеуші таптан емес, қарапайым халық арасынан, шаруа отбасынан шықты. Барлық аталған қазақ қыздары сияқты Айғыз да ел басына күн туғанда жанын пида етуге дайын болды. Ел мақсаты жолында бар болғаны 42 жасында азапталып өлтірілді.
Тағдыры ерте шыңдаған батыр қыз Бақтай атты азаматқа тұрмысқа шығады. Алайда отбасылық өмірі ұзаққа созылмай, жолдасы ерте қайтыс болады. Жас күнінде жесір қалған Айғыз кейін Сергиопольге, қазіргі Аягөз маңына көшіп келеді. Сол жерде ол қоғамдық өмірге араласып, өңірдегі саяси өзгерістерге белсене араласады. ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы Аягөз өңіріндегі әлеуметтік теңсіздік, жер мәселесі, жергілікті халыққа көрсетілген қысым, патша отаршыларының зорлық-зомбылықтарының куәсі болады. Азамат соғысының ардагері әрі қаhарманы. Сергиопольдегі (қазіргі Мамырсу) қазақ эскадронын қарусыздандыруға және қорғаныс күндері окопқа шәй, тамақ тасып, жараланғандарға көмектесіп жүреді. Кейбір деректерде оның жаралыларға арналған шағын емдеу пунктін ұйымдастыруға атсалысқаны айтылады. Алаш қозғалысының қайраткері әрі кеңестік комиссары Сабыржан Ғаббасовпен тығыз байланыста жұмыс істеген Айғыз Сергиопольде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, халық арасында кеңес билігін қолдау бағытында түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Жергілікті партизан жасақтарын ұйымдастыруға көмектеседі. 1918 жылғы 11 наурызда Аягөздегі жұмысшылар мен шаруалардың көтерілісіне қатысып, уақытша үкіметтің жергілікті органын құлатуға атсалысады. Осыдан кейін Сергиопольде кеңес өкіметін орнату жұмыстары күшейіп, митингілер өткізіліп, жаңа билікті қолдайтын топтар қалыптаса бастайды. Сол митингілердің бірінде Сабыржан Ғаббасовтан кейін Айғыз да сөйлегені деректерде айтылады. Бұл – сол кезеңдегі қазақ әйелдерінің қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласа бастағанын көрсететін сирек мысалдардың бірі. Айғыз Көшімбайқызының сол кезеңдегі қызметіне қатысты ең көп айтылатын деректердің бірі – оның полковник Ярушин кеңсесінде жұмыс істеуі. Кей деректерде ол кеңседе үй сыпырушы болғанын айтады. Алайда бұл қызметті ол қарсы жақтың әрекеттерін бақылау үшін пайдаланған деген мәліметтер сақталған. Кеңседе естіген құпия ақпараттарды Сабыржан Ғаббасовқа жеткізіп тұрғаны туралы зерттеулерде кездеседі.
1918 жылы Колчак әскері Сергиопольді уақытша басып алған кезде Айғыз Көшімбайқызы жау қолына түсіп, окоптарға тамақ тасып, саяси митингілерде сөз сөйлегені үшін аяусыз азапталғаны туралы 1919 жылы 8 тамызда жарық көрген «Голос Семиречья» газетінде жарияланған. Онда: «Сергиопольдегі қорғаныс күндері қазақ әйелі Айғыз окопқа шай, тамақ тасып, жараланғандарға көмек көрсеткен. Ол митингілерде сөйлеп, опасыздарды әшкереледі. Алашордашылар мен байлар оны жауға ұстап берген Айғыздыды казарма маңында жендеттер көп уақыт жәбірлейді. Оның мұрнын, құлағын, емшегін кесіп алып, көзін шұқып шығарған, қол- аяғын шауып тастаған» дейді. Бұл материал Айғыз Көшімбайқызының ерлігі туралы деректердің сол кезеңнің өзінде-ақ, азамат соғысы аяқталмай тұрып-ақ баспасөзде жарияланғанын көрсетеді.
Айқыз туралы «Қазақстан тарихы» баспасына жарияланған Ернұр Ізімнің мақаласы бар. Айғыз қаһармандығы мен өмірі туралы алғаш қағазға түсіріп, көпке паш еткен – Қалмұқан Исабаев, Әуелі хабар жазылды, одан кейін мақала, одан кейін очерк, артынан роман жазады. «Айқыз» романы 1967 жылы «Жазушы» баспасынан, 1989 «Жалын» баспасынан жарық көрді. Әлия, Мәншүк, Хиуаз есімдері жалпыұлттық деңгейде мектеп оқулықтары арқылы кең танылса, Айғыз Көшімбайқызының есімі көбіне Аягөз өңірінде («Айғыз арығы», ауыл есімдері) және арнайы тарихи зерттеулер мен Қ. Исабаевтың «Айғыз» романы арқылы белгілі. Қалмұқан Исабаевтың «Айғыз» романы — тарихи деректерге негізделген, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен Азамат соғысы кезіндегі қазақ даласының ауыр тағдырын және бас кейіпкер Айғыздың қайсар бейнесін суреттейтін көлемді шығарма. Колчак әскерінің жазалаушы отрядтары Айғызды ұстап алып, партизандардың орнын, олардың жоспарларын білмек болып аяусыз азаптағаны романда айқын суретеледі.
Қазақ қыздарының ішіндегі аяулы батыр қыз Айғыз Көшімбайқызы да кәзіргі жастарға өнеге боларлық қайсар тұлға Аягөз өңірінде ғана емес, жалпыұлттық деңгейде насихатталса деген үміттеміз.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Abai.kz