Сейсенбі, 13 Қаңтар 2026
Экономика 166 0 пікір 13 Қаңтар, 2026 сағат 14:17

Астана мен Ташкент: Салыстыру...

Сурет: Айбар Олжаевтың парақшасынан алынды.

Соңғы кездері, нақтырақ айтсақ, жаңа Салық кодексі жайлы әңгіме шыққалы бері бірқатар әлеуметтік желі қолданушылары «Қазақстанда бизнес жүргізгенше, Өзбекстанға барып кәсіп ашқаным дұрыс, ол жақта кәсіпкерлерге жағдай жасалған» деген ойды алға тартып жүр.

Көрші елдің заңнамасын терең білмей-ақ, түрлі посттар жариялап, жұртты соған иландырып әлек. Соған еріп, нақты жағдайды білмей, қоғамда орынсыз дүрбелең де пайда болып жатыр.

Енді сол көршіміздегі «кәсіпкерлерге ыңғайлы» деп айтылып жүрген салық жағдайын нақтылап көрейік.

Жаңа Салық кодексінде ең көп сұрақ тудырып отырған мәселе «упрощенка», яғни оңайлатылған декларацияға негізделген арнайы салық режимі. Осы жеңілдетілген режимнен шығу үшін нақты қойылған шек бар - 600 мың АЕК (шамамен 2,6 млрд теңге). Бірақ оған жету де оңай емес. Ал осы межеден, яғни 2,6 млрд теңгеден асқан жағдайда ғана упрощенкадан жалпы режимге ауысып, ҚҚС төлеу міндеті туындайды.

Ал Өзбекстанда ҚҚС-қа көшу тәртібі әлдеқайда қарапайым: егер жеке кәсіпкердің табысы 1 млрд сумға (шамамен 43 млн теңге) жетсе, сол күні-ақ ҚҚС төлеуші атанады. Енді 2,6 млрд пен 43 млн теңгені салыстырып көріңіз, қай елде кәсіпкерге тиімді жағдай жасалғаны өзінен-ақ көрініп тұр. Мұны бір деп қояйық.

Иә, Өзбекстанда жеңілдетілген режим бар, оның мөлшерлемесі 1%, ал бізде 2–4% екені рас. Бірақ мынаны ескеру керек: Қазақстанда бұл режим бойынша табыс шегі жылына 4,3 млн доллар, ал Өзбекстанда бар болғаны 80 мың доллар. 4,3 млн доллар мен 80 мың доллардың айырмашылығын өзіңіз-ақ бағамдайсыз. Қайсысы кәсіпкер үшін тиімді? Мұны екі деп қояйық.

Келесі кезекте салық жүйелерін тұтастай салыстырып көрейік.

ҚҚС шегі: Қазақстанда - шамамен 40 млн теңге, Өзбекстанда - 43 млн теңге.

ҚҚС мөлшерлемесі: Қазақстанда - 16%, Өзбекстанда - 12%.

Әлеуметтік салық: Қазақстанда - 6%, Өзбекстанда - 12%.

Ең маңыздысы - Қазақстанда жеңілдетілген режимде ҚҚС шегі де, ҚҚС-тың өзі де жоқ.

Инвесторлар үшін де айырмашылық бар. Қазақстанда корпоративтік табыс салығын, жер және мүлік салығын қоса алғанда, 8–10 жылға дейінгі салықтық преференциялар қарастырылған. Ал көрші елде мұндай жеңілдіктер ең көбі үш жылмен шектеледі.

Халықаралық валюта қорының дерегіне сәйкес, орташа салық жүктемесі Қазақстанда - 19,5%, ал Өзбекстанда - 24,7%. Сонда бизнесті қай елде жүргізу жеңілірек деген сұраққа жауап өздігінен туындайды. Мұны үш деп қояйық.

Салық жүйесі - бұл тек мөлшерлемелер ғана емес, жиналған қаражаттың қалай және қайда жұмсалатыны да маңызды.

Қазақстанда өткен жылы 20 млн халықтың денсаулық сақтауына 2,2 трлн теңге, әлеуметтік қолдауына 5,3 трлн теңге жұмсалды.

Ал Өзбекстанда 37,5 млн халықтың денсаулық сақтауына 1,5 трлн теңге, әлеуметтік қолдауына 645 млрд теңге ғана бөлінген.

Салықтың қай елде тиімді әрі ауқымды жұмсалып отырғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Осының бәрін ескере отырып, өз елімізді орынсыз жамандап, өзгені асыра мақтаудан ұтарымыз шамалы. Жаңа Салық кодексі бизнесті тұралатып тастау үшін емес, жүйені жеңілдету, ашық ету және адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдау үшін қабылданды.

Иә, Өзбекстанда кейбір сәттерде салық саясаты тиімді көрінуі мүмкін. Бірақ бұл - уақытша құбылыс. Экономика заңдылығы бойынша мұндай саясат ұзаққа бармайды: 1–2 жылда салықтар бәрібір көтеріледі. Бұл - әлемдік тәжірибеде қалыптасқан жол.

Айбар Олжаев

Abai.kz

0 пікір