КҚК-ға шабуыл: АҚШ Украинаға ықпал етуі керек
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалындағы танкерге дрондармен жасалған шабуылға қатысты пікір айтты.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан мұнайының экспортына кедергі келтірмес үшін АҚШ пен өзге де серіктестер Украинаға ықпал етуі керек.
— Сол консорциумның ірі акционерінің бірі — Chevron. Қазіргі кезде Украина АҚШ-тың және Еуропаның қолдауына тәуелді екенін білеміз. Осыны ескерсек, Chevron өте белсенді компания және оның мүмкіндіктері де жоғары. Сондықтан Chevron-ның мүмкіндігін пайдалану керек, яғни өз үкіметтері арқылы Украинамен байланысқа шығып, Каспий құбыр консорциумының мекемелері мен мүлкіне шабуыл жасамауды айту керек, — деді А. Сарым Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Abai.kz