Театрдың ыстық-суығына төзген - Айман Аймағамбет!
1991 жылы туған жері Жезқазғанан Целиноградқа жас актриса келіп, табан тірейді. Ондағы мақсаты орыстанған Целиноград облысында ашылғалы жатқан қазақ театрына актриса болып, шаңырағын көтерісуге үлес қосу. Міне, содан бері аталмыш өнер ошағына өмірін арнап келе жатыр. Ол кісі бүгінгі таңда ҚР еңбек сіңірген қайраткері - Айман Аймағамбет.
Айман Өтегенқызы киелі Қарсақбай өңірінің қызы. Әлихан Бәйменов, Қыдырәлі Болмановтар туған топырақта Айман да дүниеге келді.
Алғашқы еңбек жолы Жезқазғандағы Т.Қалмағамбетов атындағы филармония ішіндегі «Жез киік» ансамблінен басталды. Ол кездері «Жез киік» құрамында елімізге белгілі композиторлар Болат Есмұқанов, Жақсыгелді Сейілов, Ахмедия Есмұқановтар болса, әншілер Майра Есмұқанова, Роза Байбосынова және де Айман Аймағамбет те, бар. «Жез киік» ансамблінің концертінде Айман Аймағамбеттің әнін тыңдау үшін жезқазғандық тыңдармандар ағыла келетін.
Айман Өтегенқызы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының «кино және музыкалық драма актері» мамандығын бітірді. Ұстазы ҚР халық артисі, профессор Рахилям Машурова. 1989 жылы академияны тәмамдағанан кейін актрисалық жолы С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған облыстық театрынан бастау алды. Онда жаңашыл режиссер, Жанат Хаджиевтің арнайы мектебінен өтіп, Т.Ахтанов «Күшік күйеу» комедиясында-Ботка, М.Әуезов «Еңлік-Кебек» трагедиясында - Еңлік, М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясында - Айман сынды басты кейіпкерлерді бейнеледі. Жанат Әубәкірұлы жас актрисаның қарымды қадамына риза болып, Эдуардо Филиппоның «Цилиндр» шығармасын арнайылап Айман Аймағамбетке сахналады. Аталған спектакль кезінде Жезқазған облысын дүр сілкіндірген қойылым болды.
Туған жеріндегі театрда қызмет етіп жүрген Айманға Целиноградттан телеграмма келеді. Ол телеграмманың авторы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, А.Попов атындағы күміс медальдің иегері, Жақып Омаров еді. Айманды Целиноградта ашылғалы жатқан қазақ театрының негізін салуға шақырды. Өскен ортасын, өлкесін қию Айман Өтегенқызына оңай соқпағаны анық, бірақ жүректегі «өнерге» деген ыстық махаббат Айман Аймағамбетті Целиноградқа әкелді. Бұл жерде бүгінгі таңда еңселі Елордамыздағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының негізін салды. Театрдың алғашқы көркемдік жетекшісі Жақып Омаров пен Торғауыт Шахзадинен көп жақсылық көрді. Театр алғаш ашылған кездері театр репертуарындағы Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясы, «Ән-домбыра-сән домбыра», «Наурызым әнім», «Айналдым-Ақмаңдайлым» атты концерттік бағдарламалар мен Қ.Ысқақ «Мазар»-Қарқабат, Ә.Тауасаров «Махаббат аралы», О.Бөкейдің «Құлыным менің» драмасындағы Анар рөлдерін нұсқалады.
Айман Өтегенқызының үлкен бақыты режиссура барометрі, «Халық қаһарманы» Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің спектакльдерінде ойнау деп білеміз. Айман Өтегенқызы Ә.Мәмбетов сахналаған: Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясында - Таңсық, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-ана» трагедиясындағы - Жер ана, «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасындағы - Найман ана бейнелерін кейіптеді. Әзірбайжан Мәдиұлы Айман Аймағамбетке арнап Ф.Эрвенің «Түлкі бикеш» операттасын Қаллеки сахнасында қойды.
Айман Аймағамбет кейіптеген - Жер-ана бейнесінің басты ерекшелігі – даналық пен мейірімнің үйлесім табуы. Актриса кейіпкердің табиғатқа тән сабырын, аналық қамқорлығын және ғасырлардан жеткен парасатын әсерлі жеткізеді. Оның орындауындағы Жер-ана бір мезетте әрі мұңды, әрі үміт сыйлайтын рухани күш иесі ретінде көрінеді.
Айман Аймағамбеттің шығармашылық шеберлігі Жер-ананың асқақ болмысын ашуда ерекше байқалады. Оның сахнадағы әрбір қимылы мен сөзі терең мағынаға ие болып, көрерменді ойға жетелейді. Актриса бейненің сыртқы келбетін ғана емес, оның рухани әлемін де жан-жақты көрсетеді.
Айман Аймағамбет сомдаған Найман ана көрерменге ең алдымен мейірім мен сағыныштың символы ретінде әсер етеді. Оның жалғыз ұлы Жоламан жау қолына түсіп, мәңгүртке айналады. Алайда ана жүрегі баласынан ешқашан күдер үзбейді. Ол ұлын іздеп тауып, өткен өмірін, туған жерін, тегін еске түсіруге тырысады. Бұл жолда Найман ана аналық махаббаттың қандай қиындыққа болса да қарсы тұра алатын ұлы күш екенін дәлелдейді. Актриса Айман Аймағамбет бұл бейненің ішкі драмасын терең психологиялық нақышпен ашады. Оның сахнадағы әрбір қимылы мен сөзінен баласына деген сағыныш, үміт пен мұң қатар сезіледі. Әсіресе Жоламанмен кездесетін сәттердегі жан күйзелісі көрерменнің жүрегіне жол тауып, ананың трагедиясын айқын жеткізеді.
Айман Өтегенқызы Э.Хушвақтовтың «Қызыл алма» лирикалық комедиясындағы Әже бейнесін табиғи болмысын қарапайымдылық арқылы ашады. Оның сахнадағы жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, әзіл мен назды қатар қолдануы көрерменге шынайы ауыл әжелерін еске түсіреді. Бұл образда артық пафос жоқ, керісінше күнделікті өмірден алынған шынайылық басым.
Қаллеки театрының 35 жыл бойы ыстық суығына төзіп, театрдың әр жетістігіне үлес қосқан Айман Аймағамбеттің еңбегі, өнері кейінгі ұрпаққа үлгі. Әне, Айман Өтегенқызын өз театрына, сүйікті шаңырағына көрерменің қуантуға бара жатыр!
Бахтияр Тұрсын, театртанушы
Abai.kz