"Қазақстан халқына" қорына ашықтық керек!
Бүгін - «Қазақстан халқына» қоры құрылған күн екенін ұмытып кеткен жоқсыздар ма?
Төрт жыл бұрын «Қазақстан халқына» қоры құрылғанда оған қатысты әр ақпаратты жібермей отыратын ем. Ол кездегі жұмыс форматы басқа еді. Қор сайтына кірсең, күн сайын қанша ақша түскенін, кім аударғанын, нақты донорлардың атын көруге болатын. Бұл – Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған тәжірибе еді. Қоғамға «қор халық үшін» деген сигнал болатын.
Қазір сайтта тек айлық немесе жылдық PDF- форматтағы есептер бар. Ірі бизнес пен банктердің бұрынғыдай белсенділігі байқалмайды. Мысалы, 2025 жылы қорға 54 679 020 961 теңге түскен, ең ірі донор «Сәтті жұлдыз» лотореясы мен «Самұрық Қазына» қоры. Екеуі де заңмен міндеттелген соң аударып отыр. Бір қызығы қорға 1,5,10 теңгеден тұрақты ақша аударып тұратын қайырымды жандар бар екен.
Негізі қорға қатысты ең басты сұрақтардың бірі – қордың ақшасы қайда жатыр? Жиналған қаржы қай банктің депозитінде қандай пайызбен жатыр? Ал депозиттен түскен дивиденд бар ма? Бар болса, қанша?
Ол табыс қай жобаларға жұмсалып жатыр? 2022 жылдан бері банктерде қанша қаржы «жатып қалған»? Бұл сұрақтардың жауабы PDF-есептердің ішінде де нақты, түсінікті түрде берілмейді. Қарапайым тілмен айтқанда, ақша бар екенін білеміз, бірақ оның қозғалысын толық көрмейміз.
Айтпақшы, 2025 жылдың қаңтарында қордың басқарма төрағасы ауысты. Жаңа басшы болып Лаззат Чинкисбаева ханым келді. Лаззат ханымды бұған дейін жауапты қызметте болған, іскер адам ретінде білеміз. Алайда бір жыл ішінде журналистерге ашық брифингі өткізіп, қордың қоғамға есеп бергенін өзім көрмедім (Жәмішевтің кезінде әр жарты жыл сайын журналистермен кездесіп, қойған әр сұраққа жауап беретін). Бір жылда Президент те қабылдамады. Тек көпшіліктің есінде қалғаны – қымбат бренд пиджак туралы инфоповод қана...
Мұны неге жазып отырмын? «Қазақстан халқына» – жай ғана қайырымдылық қоры емес. Ол – ірі ұлттық компаниялар мен жүйе құраушы сектордан жиналған ақшалай ресурс. Ол ресурстың қайда, қалай және қанша жұмсалып отырғанын халық білуі керек. Сондықтан қорға журналистерге шығып, бір брифинг беріп жиналып қалған сұрақтарға жауап беретін уақыт келген сияқты...
Айнұр Бекованың фейсбук парақшасынан
Abai.kz