Жұма, 16 Қаңтар 2026
Анық-қанығы 688 0 пікір 16 Қаңтар, 2026 сағат 16:24

Әдебиет - ардың ісі ме, әркімнің ісі ме?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Кейінгі кезде қазақ қоғамында ақыл-ой еңбегімен шұғылданатындарды, әсіресе ақын-жазушыларды "масыл", "сұраншақ" санайтын қате тенденция пайда болды. Өткен жылдың соңына қарай бірнеше шетел тілін білемін деген танымал журналист Нәзия Жоямерген:

“Жазушыларға үй салынсын”, “жазушыларға өйтсін, сөйтсін, бүйтсін”, “ақындарға баспана берілсін”, “ақындарға тегін кітап шығарып берсін...” Неге? Не үшін? Жазушы, ақынның басқа мамандықтардан қандай артықшылығы бар?!. Кеңестер одағы кезінде ақын-жазушыларды идеология құралы ретінде пайдаланған. Компартияның тапсырысын орындаған. Ал Тәуелсіз Қазақстанға не үшін керек олар? - деп жеке парақшасында жазба жариялады.

Сәбит Рысбаев деген блогер де жаңа жыл басында: "

"Неге ақын жазушыларға мемлекет есебінен үй береді. Пәленше ақын Алматыда тұрса да Астанадан үй берілді. Ол Астанада тұрмайды да. Пәтерін басқа кедейге жалға береді. Әлеуметтік теңсіздік деген болмау керек. Ешқандай мамандық басқасынан артық емес. Бәріне бірдей қарау керек" - деген сарында пост жазыпты.

Қаламгерлерді қаралайтындар қай ғасырда да болған. Әйгілі француз Жазушысы Мопассанды "суық жүрісті", Достоевскийды "қояншық", Хемингуэйды "маскүнем" деушілер былайғы жұрт емес, әдебиет сыншылары арасында да болған. Бұл үрдіс Дүние жүзілік екінші соғыстан кейін әлем елдері капиталистік және коммунистік болып екі үйекке бөлінгеннен кейін тіпті де өршіген.

1984-жылғы Нобель Әдебиет сыйлығының иегері бұрынғы Чехсловакия ақыны Ярослав Сейферт (1901-1986) "Өлеңнің идеасы маңызды ма, көркемдігі ме?" деген сұраққа: "Идеялық, көркемдік дегенді қоя тұрып, өлең ең алдымен өлең болуы керек. Адамның жан түкпіріне бойлай алатын болу керек" деген еді. "Өлең өмірді өзгерте ала ма?" деген сұраққа: "Өлең адамның жан дүниесіне, өмірлік ұстанымына әсер етеді. Жинала келе үлкен қозғалысқа ұласуы мүмкін" деп анық жауап берген-ді.

Әдебиетсіз: кітап, газет-журнал оқымаған қоғам, ұрпақ қандай болуы мүмкін?!

Президент Тоқаев жаңа жылдағы "Түркістан" газетіне берген сұхбатында: "Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады" деген еді.

Қазіргі қаламгерлер туралы теріс пиғыл аяқ астынан пайда болған жоқ, түп тамыры тереңде жатыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, жаппай жекешелендіру науқаны кезінде Әкежан Қажыгелдин министр болды. Ел көлеміндегі мәдениет отаулары мен кітапханалар талан-таражға түсіп, руханияттың тамырына балта шабылды. Оған шыдамай қарсылық білдірген марқұм ақын Аманқан Әлімді премьер-министр "жындыға" теңеді. Қазір жан-жағымызға қарасақ, бесік тербейтін аналар цюсайшылар мен дипломы жоқ психолог тренгшілердің алдын жағалап жүр. Болашақ ұрпақты тәрбиелейтін мектептерде кейінгі жылдары психолог деген мамандық пайда болып, оқушыларға рухани көмек беретін болды. Қазақ қоғамының рухани жәрдем іздеген қазіргі міскін күйінің астарында сол жекешеліндіру кезіндегі кітапқа, ақын-жазушының күнкөрісіне балта шапқан солақай саясат жатыр.

Соның салдарынан әдебиеттің орнын діни  оқулықтар, әлеуметтік желідегі саяз жазбалар басты. Жоғарыдағы екі блогердің қаламгерлер туралы пікірі соның айқын көрінісі.

Әрине нарықтық тұрғыдан алсақ, әдебиет әркімнің ісі. Өкінішке орай бізде шығарма жазып табыс табатын кеңес кезіндегідей, болмаса батыс елдеріндей жүйе жоқ. Қаламақы төленбейді, меншік құқық атымен жоқ.

Ал рухани, елдік тұрғыдан қарасақ әдебиет- ардың ісі. Батыста да, шығыста да алмисақтан солай. Әлемдік нөмірі бірінші экономикалық держава Америкада да солай. Әр кезек президенттер жазушыларды үнемі Ақ үйге шақырып қонақ қылады. Ондағы мақсаты қолын алу емес, Мемлекет мүддесін ойлағандығы. Қазіргідей интернет дәуірінде әдебиеттің ролы тіпті де артып отыр. Кітап өндірісі дамыған, ақын- жазушысының тұрмыс қамы шешілген елдер жаһандануға жұтылып кетем деп алаңдамайды. Себебі олар ұлттық әдебиеттің қорғаныс күшіне, ақын-жазушылардың ар сөзін сөйлейтініне сенеді.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

0 пікір