Өңірлік рәміз: Құрылымы айқындалмаған құжат
2023 жылғы 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі геральдика жүйесін жетілдіру мәселесін арнайы көтерді. Президент өз сөзінде: «Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айттым. Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет. Аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп, ретке келтірген жөн», – деп Үкіметке нақты тапсырма жүктеді.
Бұл мәлімдеме өңірлік рәміздер саласындағы жүйесіздік пен бірізділіктің жоқтығын мемлекеттік деңгейде мойындау болды. Шынында да, облыстар мен қалалардың қолданыстағы рәміздерінің пішіндік құрылымы, композициялық шешімі, түстік үйлесімі мен мазмұндық негізі әртүрлі, көп жағдайда геральдикалық талаптарға сәйкес келмейді. Соның салдарынан өңірлік рәміздердің бір бөлігі ресми рәміздік сипаттан гөрі көркем эмблемалық деңгейде қалып қойған. Алайда осы жүйесіздікті реттеуге тиіс қағидалардың өзінде елеулі қайшылықтар бар. Қағидаларда дәстүрлі «рәміз» терминінен бас тартылып, оның орнына әдеби сипаттағы «нышан» сөзі енгізілген. Бұл – тек геральдикалық тұрғыдан ғана емес, құқықтық тұрғыдан да қате шешім.
Неге? «Рәміз» – шартты мағынасы бар заттай белгі. Оның композициялық құрылымы, түстер жүйесі, пропорциялары стандартталған және геральдикалық нормалармен бекітіледі. Бұл – құқықтық категория. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заңда нақты көрсетілген. Ал «нышан» – белгі, ишара, бір нәрсенің сыртқы көрінісі деген мағынаны білдіретін сөз. Ол негізінен сөйлеу тілінде және көркем әдеби шығармаларда қолданылады. Оның ресми рәміздік мәні жоқ, құқықтық мәртебесі айқындалмаған, композициялық құрылымы бекітілмеген. «Рәміз» термині нақты геральдикалық нормаларды, стандартталған формаларды және рәміздердің белгілі орналасу тәртібін білдіреді. Ал «нышан» сөзі ресми геральдикалық тұрғыдан құрылымдық және нормативтік анықтамасы жоқ, көбіне әдеби сипатта қолданылатын ұғым.
Дәстүрлі геральдикада негізгі элемент ретінде қалқан қарастырылады. Қалқан – рәміздерді орналастыруға, қорғауға және геральдикалық композицияны жүйелеуге арналған басты құрылымдық элемент. Ал министрлік қағидаларында «нышанның» пішіні де, құрылымы да көрсетілмеген. Бұл кездейсоқ емес. Себебі нышан ұғымында геометриялық пішін міндетті элемент болып саналмайды. Сондықтан мұндай термин геральдикалық үйлесімділікті де, композициялық бірізділікті де қамтамасыз ете алмайды. Нәтижесінде «нышан» халықаралық және ұлттық геральдикалық стандарттарға сәйкес келмейтін белгіге айналады. Оның ресми құрылымдық және функционалдық анықтамасының жоқтығы оны геральдикалық жүйеден шеттейді. Сонымен қатар «нышан» терминіне нақты анықтама берілмегендіктен оның мәні, құқықтық мәртебесі және пішіндік шектеулері белгісіз күйінде қалып отыр. Бұл конкурстарда, ресми рәсімдерде және құқықтық нормаларды қолдану барысында түсінбеушілік пен шатасуға жол ашады. Мұндай белгі рәміздердің үйлесімділігін қамтамасыз етпейді және өңірлік геральдика жүйесіне енгізуге кедергі келтіреді. Ал геральдикалық белгі міндетті түрде стандартталған пішіннен, нақты пропорциялардан, бекітілген түстер жүйесінен, композициялық құрылымнан, айқын рәміздік мазмұннан тұруға тиіс. Мұндай талаптарсыз кез келген графикалық бейне геральдикалық жүйеге жатпайды.
Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заңында «рәміз» термині құқықтық категория ретінде орныққан. Сондықтан өңірлік деңгейдегі белгілерге қатысты «өңірлік рәміз» атауын қолдану ғылыми әрі құқықтық тұрғыдан әлдеқайда негізді болар еді.
Президент тапсырмасы геральдикалық кеңістікті жүйелеуге, ортақ стандарт қалыптастыруға және өңірлік рәміздердің құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған. Бірыңғай ұстанымдар әзірлеу – тек эстетикалық мәселе емес. Бұл – мемлекеттік рәміздік саясаттың құрамдас бөлігі. Өңірлік рәміздер тарихи сабақтастықты, мәдени ерекшелікті және аумақтық бірегейлікті сақтай отырып, бірыңғай геральдикалық қағидаттарға негізделуге тиіс. Алайда қазіргі қағида Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанындағы Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер жөніндегі сараптамалық кеңестің толық ғылыми талқысынан өтпеген. Оның ресми ғылыми қорытындысы жоқ. Бұл – рәсімдік кемшілік қана емес. Бұл құжаттың сапасына тікелей әсер ететін мәселе.
Қағидалардағы ең үлкен қате – «өңірлік нышан» терминін қолдану. Құжаттың мазмұнына қарасақ, бұл белгі конкурс арқылы таңдалады, қоғамдық талқылаудан өтеді, сараптамалық кеңес қарайды, мәслихат бекітеді. Бұл процедуралардың барлығы рәмізге тән. Ал нышан – құқықтық термин емес, көбіне әдеби-бейнелі ұғым. Сондықтан мұндай белгі өңірлік нышан емес, өңірлік рәміз болуы керек.
Әлемдік геральдикада әкімшілік бірліктердің белгілері герб (елтаңба, төлтаңба) ретінде қарастырылады. Ал «өңірлік нышан» деген категория геральдика ғылымында мүлде кездеспейді. Бұл – геральдикалық жүйенің бұзылуын көрсететін айқын белгі. Қағиданың 4-тармағында «геральдикалық белгілерді сақтау» қажеттігі жазылған. Яғни құжаттың өзі геральдиканы мойындайды. Бірақ құжаттың атауы мен негізгі термині «нышан» деп алынған. Бұл – құжаттың ішкі логикасына қарсы келетін айқын қайшылық.
Тағы бір даулы мәселе – 5-тармақтағы рулық және тайпалық белгілерге қатысты тыйым. Бұл норма тарихи тұрғыдан дәл емес. Қазақтың дәстүрлі геральдикасы таңба жүйесіне негізделген: ру таңбалары, тайпа таңбалары. Оларды толық тыйым салу – қазақтың тарихи таңба мәдениетін жоққа шығару деген сөз. Сондықтан толық тыйым салу ғылыми тұрғыдан негізсіз. Дұрыс нұсқа былай болуға тиіс: «Қоғамдық бөлінушілікке әкелетін рулық немесе тайпалық белгілерді пайдалануға жол берілмейді».
Қағидада геральдикаға қатысты нақты нормалар да көрсетілмеген. Мысалы, қалқан пішіні (форма), түстер жүйесі (тинктура), композициялық құрылым, рәміздердің үйлесімі сияқты негізгі геральдикалық принциптер мүлде жазылмаған. Бұл құжатта геральдикалық талаптардың жүйелі түрде қарастырылмағанын көрсетеді.
Сараптамалық кеңес қағидада әдістемелік-консультативтік орган ретінде ғана сипатталған. Яғни оның шешімі міндетті емес. Нәтижесінде соңғы шешімді әкімдік пен мәслихат қабылдайды. Ал ғылыми салада соңғы сөз кәсіби мамандарда болуға тиіс.
Құжатта өңірлік нышанның медальдарда, киімде, ұйым эмблемаларында қолданылатыны жазылған. Бірақ оны қорғау, бұрмалау немесе заңсыз пайдалану мәселелері қарастырылмаған. Яғни белгі бар, бірақ құқықтық қорғау механизмі жоқ.
Бұл қағиданың басты проблемасы тек терминологияда емес. Мұнда тұтас ғылыми жүйе бұзылған. «Рәміз» бен «нышанның» ара-жігі ажыратылмаған. Геральдиканың кәсіби талаптары ескерілмеген. Тарихи таңба мәдениеті назардан тыс қалған. Соның салдарынан өңірлік рәміздер ғылыми қағидаға емес, әкімшілік шешімдерге тәуелді болып отыр.
Ұсыныстар:
- «Өңірлік нышан» терминін «өңірлік рәміз» деп ресми бекіту.
- Геральдикалық стандарттарды нақты енгізу: композиция, түстер гаммасы, пропорциялар, рәміздік мазмұн.
- Құқықтық мәртебені айқындау: өңірлік рәміздер мемлекеттік рәміздер жүйесімен үйлесуге тиіс.
- Конкурс пен қоғамдық талқылау рәсімдерін толық регламенттеу.
Егер рәміздер мәселесі ғылыми қағидамен емес, әдеби терминдермен реттеле берсе, ертең қазақ геральдикасы тұтас жүйе ретінде күйрейді. Өйткені рәміз – жай сурет емес. Ол – тарихи жад, ұлттық код және мемлекеттілік мәдениетінің көрінісі. Сондықтан мұндай құжаттар ғылыми дәлдікке, тарихи сабақтастыққа және кәсіби сараптамаға сүйенуге тиіс. Әйтпесе ұлттық рәміздер жүйесі қағаз жүзіндегі рәсім деңгейінен аса алмайды.
Айдын Рысбекұлы,
Геральдист
Abai.kz