Дүйсенбі, 19 Қаңтар 2026
Көршінің көлеңкесі 372 0 пікір 19 Қаңтар, 2026 сағат 15:28

Ресейдің Бас идеологы Қазақстан Тәуелсіздігіне шүйлікті

Сурет: novayagazeta.ru сайтынан алынды.

Орыс әскері Украинаға басып кіргеннен кейін бұрынғы кеңес құрамында болған, қазіргі егеменді республикалардың тәуелсіздігі туралы әлемдік БАҚ-та алып қашпа әңгімелер көбейді. Оның шығу қайнарының қайда жатқаны ешкімге құпия емес. Бұрынғыларын айтпағанда, күні кеше ғана Соловьев: «Украинаға секілді, Орта Азияға да арнайы әскери операция бастау керек», - деп елді шулатқан еді.

Оның лаңы әлі басылмай жатып «Путинның миы» деп әспеттелетін Ресейлік философ әрі идеолог Александр Дугин «Россия» Ұлттық орталығында еш қаймықпай: «Посткеңестік кеңістікте тәуелсіз мемлекеттердің дәуірі аяқталды», - деп мәлімдеген. Өз бетінше «тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруіне жол беруге болмайтын елдердің тізімін» жасап қойған. Оның қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Грузия және Әзербайжан бар.

«Егемен Арменияның, егемен Грузияның, егемен Әзербайжанның, егемен Қазақстанның, Өзбекстанның, Тәжікстан мен Қырғызстанның болуымен келісуге болмайды», – депті ол. Сөзін ары қарай: «Біздің мақсатымыз – үшполюсті әлемде ең маңызды күш орталығы болу. Егемен, еркін, тәуелсіз әрі ауқымды мемлекетке айналу. Ал біз бақылауымызға алмаған аумақтар бейтарап болып қалмауы керек», – деп жалғаған.

Оның ойынша, Ресей өзгеріп жатқан әлемде негізгі күш орталықтарының біріне айналып, стратегиялық маңызы бар аумақтарды өз бақылауына алуы қажет екен. Ресей ықпалынан тыс қалған елдер болашақта басқа геосаяси ойыншылардың құралына айналады-мыс.

Оның бұл арада түкірігін ішіне жұтып, айта алмай отырғаны, аймақ та ғана емес, жаһандық деңгейде Ресейді барлық салада ығыстырған Қытай екені анық. Кезінде ол: «Қытайдың Шынжаң, Тибет, Ішкі Моңғол автономиялы өлкесі тәуелсіз болу керек, сонда біз қорғаныс аумағын қалыптастырамыз», - деп көсіліп, Қытай тарабының қатаң қарсылығына ұшырап, артынан: «Мен қателестім, айтпағым басқа еді», - деп ақталған болатын. Артынан Қытай басшысының «Бір жол, бір белдеу» жобасына - «Еуразия идеясының экономикалық нұсқасы» деп мадақ айтып, қателігін жуып-шайғандай болған.

Сөйткен Дугин қайта бас көтеріпті. Орта Азия мен Кавказдағы тәуелсіз мемлекеттерді қайта құрудың «жаңа модельін» жасаған-мыс. Оның жобасында бұрын Кеңес құрамында болған мемлекеттердің тәуелсіздігіне мүлде орын жоқ екен де, аталған елдер Ресейдің бақылауындағы бірыңғай одақтың құрамына кіруі тиіс екен. Өйтпесе Батыс, Еуропалық одақ, АҚШ не Қытай секілді өзге күш орталықтарының ықпал алаңына айналады екен.

Ресей Сыртқы істерінің баспасөз хатшысы Захарова Соловьевтің сандырағын «өзінің субъекты пікірі» деп ақтаған еді. Енді Кремльдің Стратегиялық орталығының жетекшісі Дугиннің тәуелсіз елдердің егемендігіне қол сұққан астамдығына не деп жауап берер екен?!

Abai.kz

0 пікір