Шалкиіз жыраудың қазаққа беймәлім жырлары
15 ғасырда өмір сүрген Шалкиіз жыраудың бұл жырлары 2009 жылы 20 мамырда Махачқаладағы «Лотос» баспасында басылған «Йыр иеси мен эдим» кітабынан алынды.
Артымдағы ақ сағымым борайды
Ауыз ашып,
Асыл сөзді айтқанда,
Әріп толы ноғай кітап —
Өзім – мен.
Адалдықтың арғымағын атқанда,
Ақиқаттың аманаты —
Өзім – мен.
Аспан ұшып, Арқа кезіп,
Көп жүріп,
Әділдікті еш көрмедім —
Көзіммен.
Атан жегіп, аттан түсіп,
Ит үріп,
Алапамды алып келдім сөзіммен.
Абаданды асыл ердің баласы,
Ардақталған ата жұртым толтырған —
Аузына ғалымдарды қаратып,
Айта тұрып араңызда отырған,
Он сан ноғай отаныма қарасам,
Оқас мырза,
Оңусызды көремін.
Оңусыздар отырысып ой етіп,
Оңсыз дүние,
Ойылғанын көремін.
Асқар тауға арымай шығып қарасам,
Ана-Еділдің ақ желкенін көремін.
Ана-Еділден Ақ Қобанға қарасам,
Ақыр жігіт алып ноғайым көремін.
Ақ Қобаннан Ақ Жайыққа жол тартсам,
Алдын буып Арал ноғай марайды.
Алдаспанын әрі тастап, қол тұтып,
Ақ Қобаннан ауыр хабар сорайды.
Астымдағы ақ аруана шапқанда,
Артымдағы ақ сағымым борайды.
Алшындардан ақ семіз ит қапқанда,
Әруағым алып құтқа орайды.
Артым-алдым айналып мен қарасам,
Аталықтың асыл малы жусайды.
Аңшыбайдың асылына қарасам,
Ашуымнан ауыр буыным босайды.
Асылсыздар ақ көбектей таласса,
Аталыққа ауыр болар ұқсайды.
Ақсүйектер әрі-бері тартысса,
Әзіз Орда абдырарға ұқсайды.
Әзіз орда алпыс болып таралса,
Ауыр ноғай аз боларға ұқсайды.
Арам дұшпан әдіреңсіп берік құрып,
Арқалықпен ауып келер ұқсайды.
Аталыққа алабалық күн туса,
Асыл сөзім ағып тұрар ұқсайды.
Аталыққа ағып келген дұшпанды,
Ата ұлы алып ұрар ұқсайды.
___________________________
* Ақ Қобан — Кубань өзені.
* Арал — Каспий теңізі.
* Берік — қамал.
Қызыл шашбау хандарды
Аспанды бұлт құрсайды,
Күн жауарға ұқсайды.
Көлдерде қулар шулайды,
Көкшілден ол аюан
Соққы жегенге ұқсайды.
Көп ішінде бір жалғыз,
Көп мұңайып жылайды.
Күймелескен көп жаман,
Сөзі тигенге ұқсайды.
Жақсыңнан мені кем көрдің,
Жаманыңмен тең көрдің,
Жақсыңнан мені кем көрсең,
Жаманыңмен тең көрсең,
Ұялы берікке қол артып
Сен есенде, мен сауда,
Ырысымды сынайын,
Сегіз қиыр шартараптан,
Шар бұздырып іздермін.
Тіленшіұлы Шалкиіздың
Иесі — би Темірдің тұсында
Бұлтқа жете аязды бұл мүйіз,
Иесі би Темірдің соңында,
Тұғылықтан тарсылдап,
Үзілер бұғы-ай сол мүйіз.
Бақаншығы түйе бастырмас,
Балығы жылқы жаптырмас,
Бақасы түн ұйқыңды таптырмас,
Бұл Еділді біз көрдік,
Тек түнеугі күндерде
Аяқ кешу су еді.
Еділден шыққан сызашық,
Бір көргенде тебінгіге
Өтер-өтпес су еді.
Бүгінгісі бүгінде,
Телегендей шайқалып,
Жарқыраған медетті
Теңіз етсе — Тәңірі етті.
Жағасына орам біткен тал еді,
Жапырағын шайқалтып,
Терек етсе — Тәңірі етті.
Теңіз — Тәңірі суы еді
Тал сыпырым күл еді —
Бір Алланың құлы еді.
Би Мансұрдың ұлы еді.
Тебінгіңнің астынан
Ала балта суырып,
Тебінісіп келгенде
Тең атаның ұлы едік.
Мен Темірдің күнінде,
Арғымақ міндім тағалап,
Мен Темірдің күнінде,
Балды ішпеймін жатқалап.
Әзіке Мансүр күнінде,
Бұғы міндім ноқталап.
Әзіке Мансүр күнінде,
Быламық ішпеймін бұлғалап.
Темір еді — биіміз,
Теңіз еді халқымыз,
Тебініңе қалғанда,
Теңселерге ұқсайды,
Дәрежеңді бүгін де,
Артық етсе — Тәңірі етті.
Менің ием — би Темір,
Мұз үстінде от жаққан,
Бұзбай бұлан пісірген.
Мен иемнің, игілер,
Бауыры ала тасы едім.
Менің ием — би Темір,
Жау көрген күнде ноғайдың,
Жүрегінің басы едім,
Жүзігінің қасы едім.
Іріккен сырың білгенмін,,
Менің ием би Темір,
Сырыңды құлаққа ілгенмін,
Менің ием, меніңше
Халық көңілін бек етер,
Қашар жолын берік етер.
Сен сияқты анау бір,
Қызыл шашбау хандарды
Хайлыда жүріп мен көргенмін.
Менің ием — би Темір,
Арбаға байлау тиетер.
Алтындаған Бақша-Сарай Қырымға,
Әзіздеген, анау бір,
Сұлтан жанға шалт етер.
Менің ием би Темір,
Қара менің көзіме,
Тыңда менің сөзіме:
Бостаны бар-ды теректің,
Болаты бар-ды беріктің,
Тұсыңда болған нартты қорлама.
Тұсыңда болған нартты қорласаң
Табылмас-ты керекке.
Бар күшіңді сынамай,
Балуандармен күреспе.
Таң боларсың әлемге,
Сөз боларсың көлемге.
Ақылсыз достан,
Ақылды дұшпан артық-ты.
Дұшпаныңнан бір сақын,
Ел ішінде айқасып
Ойнап-күліп жүрген
Достарыңнан мың сақын.
Жоғары қарап оқ атпа,
Жуық түсер қасыңа.
Жамандарға жақсым деп,
Көңілің ашып сыр айтпа.
Күндердің күні келгенде
Сол жаман айғақ болар басыңа.
Жақсыны көр де басың қос,
Басың қос та бек сыйлас,
Басыңа бір қиынды іс түссе,
Сол жақсы сенен
Сұлтан жанын аямас.
Жақсы келер әр кепке,
Жаман келмес бір кепке,
Жақсы менен жаманды,
Қорғасындай ірітіп,
Құйып болмас бір кепке.
_____________________
* Телеген — мұхит.
* Хайлы — Киев.
Алай жаныма айтқан сыр
Шалкиіз көп жылын Керу, Қап, Бестау жерлерінде өткізген. Ол «Асқар тауға арымай шығып қарасам, Ана-Еділдің ақ желкенін көремін» деп те айтады. Әлбетте, ұлы жырау тау халықтарына қонақ та болған. Үйіне Қабартыдан қонақтар келгенде осы жырды жазған:
Отауымда менің, жандар, ойнаған —
Қабартының айдай сұлу жасы еді.
Қазанымда менің, жандар, қайнаған —
Бұл ноғайдың қара қошқар басы еді.
Көз алдымда қобырсыған Қап таулар,
Қабартыға мен аттанбан мал үшін.
Мен-ші бүгін малым, басым аяман,
Қабартының бүлкілдеген жаны үшін.
Алай жаным, қабартының қанысың.
Ана Еділдей, Алай жаным, Су ақса,
Жағасына біткені оның тал болар.
Сүйгенінен ер жігітім айырылса,
Жүрегінің басы оның қан болар.
Қызыл изен, Алай жаным, боз жусан,
Ат семіртер, Алай жаным, күр бітсе.
Арғы атасын, Алай жаным, көрмеген,
Бергі атасын, Алай жаным, білмеген,
Намарт мырза өктем сөйлер мал бітсе!
Жаман атқа, Алай жаным, жал бітсе,
Жанына торсық арттырмас,
Жаман кісіге, Алай жаным, мал бітсе,
Жанына қоңсы қондырмас,
Қондырса да, Алай жаным, тындырмас,
Алапасын беріп жүрек қындырмас.
Күнтуардан дауыл желдер ескенде,
Құйылар қамыс бастары,
Қиынды басқа іс түссе,
Төгіледі екен де екі көздің жастары.
Есіктен шығып қарадым,
Қарадым да, Алай жаным, тай көрдім.
Ергенектей еніп қарадым,
Қарадым да, Алай жаным, ай көрдім.
Түнеугісі үлкен тойға барғанда
Қарадым да, Алай жаным, бай көрдім.
Түнеугісі үлкен тойға барғанда,
Сүйместерім менің онда бар, көрдім.
Түнеугісі үлкен тойдың ішінде
Сүймесімнен кетіп қойған ар көрдім.
Түнеугісі үлкен тойдың ішінде
Ал шымылдық, Алай жаным, құрулы,
Ал шымылдық Алай жаным, ішінде
Ат көзіндей ару қызың түрулі.
Түнеугісі үлкен тойдың ішінде,
Мырзанікі ұқсайды,
Көбексіген бас көрдім,
Әзікедей көбексіген мырзаның
Жүрегінен, Алай жаным, тас көрдім.
Ал шымылдық ішіндегі арудың
Көздерінен, Алай жаным, жас көрдім.
Түнеугісі үлкен тойдың ішінде,
Алдаспан қайқы қылыш белінде
Аруынан, Алай жаным, айырылған,
Омыртқасы сегіз көзден қайырылған,
Ер жігітін, Алай жаным, бар, көрдім.
Түнеугісі үлкен тойдың ішінде
Теңдесінен, Алай жаным, айырылған,
Теңдессізбен, Алай жаным, бас қосқан,
Жылағанын сығып тұрған жар көрдім.
_______________________________
* Керу — Дағыстандағы Курах өзені.
* Бестау — Ставрополь қиырдағы Бештау.
* Қабарты — Кабардин жұрты.
Еділім мен Теңім
Құба нарға жүк артып,
Екі арысты арба жектіріп,
"Күніміз бұлай болды" деп,
Жырау атқа мінген күн.
Жауырыныма қара қаптал киініп,
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Қабырғалы қос ат айдап көшкен күн.
Екі көзін жас басып,
Бұл жазмышта жырауың,
Күнін түзде кешкен күн.
Алаң, алаң, алаң жұрт,
Алаңдаған ұлы ноғай жұрт.
Ақ қапталдар киініп
Атам күйеу болған жұрт.
Сазандай құйрық тастатып,
Сан арғымақ өскен жұрт.
Запырандай сары балды сапырып,
Сабан тумен көшкен жұрт.
Келін келген кепті жұрт,
Жылқың жатқан жылы жұрт.
Жабағылы жас тайлақ,
Жардай атан болған жұрт.
Жайлауда жатып қалған бір тоқты,
Жайылып мың қой болған жұрт.
Еділімсің, Теңімсің,
Отың- секер, суың — шербет,
Көп ноғайым кең жайлаған жерімсің.
Тәлейсіз Шалкиз бүгін де,
Қазақ шығып барады.
Біздей болған жырауға
"Жолың болсын!" дермісің.
Ей, би Темір, би Темір,
Қыр иесі сен едің.
Жыр иесі мен едім.
Қырды жырдан айырдың,
Омыртқамды қайырдың.
Ақ киік болдым шөлі жоқ,
Аққу болдым көлі жоқ,
Қобыз-ау болдым үні жоқ,
Қобызсыз елдің күні жоқ.
Қайранда болды-ау саз үнім,
Боранды болды-ау аз күнім.
Жұрт тастатты жаламен,
Қазаққа шығып барамын,
Қайранда болып қаламын.
_____________________
* Тең — Дон өзені.
Құндызды кірпі бөрік киіп
Жапалақ ұшпас жасыл тау,
Жақсылардың басы сау.
Сөйлей білмес жаманның
Сөйлегенде өз басына тілі жау.
Халықтың сөзін сөйлеген
Халық ұлының өзі өлседе,
Халық ішінде — сөзі сау.
Сіз де өлерсіз,
Өлер біздің өзіміз,
Өлгенде жұмылар екі көзіміз,
Біз өлген соң, қалғандар,
Сөйлер біздің сөзіміз.
Жапырағы жасыл ала бәйтерек,
Жайқалмағы желден-дүр,
Жасармағы көлден-дүр.
Жапырағы береннің
Түсе қалса белден-дүр.
Төрелердің
Кешінбесі елден-дүр.
Құлан менен киіктің,
Жүрер жері майдан-дүр.
Құндызды кірпі бөрік киіп,
Жағасы оқа тон киіп,
Байлардың мақтанбағы малдан-дүр.
Ғалымдардың ақыл таппағы ойдан-дүр.
Жігіттердің пысық болмағы бойдан-дүр.
Жалаң қылыш байланып,
Атаның ұлы ер жігіттің,
Арқа ауылдың бойында
Жау қайтармағы сойдан-дүр.
Ойнайық достар, күлейік,
Ажалымыз Алла білер, қайдан-дүр.
Асау тұлпар жықпаса
Арт айылдың берігі игі.
Жағаңа дұшпан қолы тимеске
Қос білектің берігі игі.
Жоқ жігіттің бары игі
Бар жігітің тоғы игі.
Арғы ауылдың шетінде
Ауыр әскер келгенде,
Қырға шықпас жаманның
Барынан да жоғы игі.
Аталыққа жау келсе
Мергендеймін көзбенен,
Сом жүректің берігі игі.
Жел, жел, жел есер,
Жел астына қарасам —
Қоғамыңнан тал өсер:
Ораздының ұлы өсер,
Жайынгердінің қызы өсер,
Кенелейін деген жігітің —
Жылқы ішінде
Екі арғымағы төл өсер.
Сүйінейін деген жігітің,
Сүбедей алты еті —
Аға-іні тең өсер!
Ата ұлы ер жігіт,
Болсын деймін:
Омырауың есіктей,
Аяқтарың бесіктей,
Жауырындарың қалқандай,
Жұдырықтарың шоқпардай.
Өміріңіз, жақсылар,
Біз сияқты жүз болсын!
Ниетіңіз біз сияқты,
Жақсыларға туыс болсын!
Жайлауыңыз дайым көк болсын,
Алем-байтақ ноғайда,
Сіз сияқты көп болсын:
Қағысқанда қан тамған
Қайқы қылыш жүзінен,
Шабысқанда от ұшқан
Екі айыс жүзінен.
Атысқанда өткерген,
Тебен ине көзінен,
Айтысқанда сұрау алған
Әзірейілдің өзінен.
Қазақшалаған: Көкбөрі Мүбарак
Abai.kz