Қазақстанның су ресурстар картасы әзірленіп жатыр
Еліміздің гидроэнергетикалық ресурстары картасын әзірлеу бойынша жұмыстар басталды. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында мәлім етті.
– Платформа гидрологиялық, жер бедері, инфрақұрылымдық және құқықтық деректерді біріктіріп, оңтайлы жобалық шешімдерді қалыптастыруға, болашақ станциялардың параметрлерін есептеуге және жобалауға дейінгі дайындық мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді, – деді Энергетика министрі.
Өз кезегінде Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов мемлекеттік су шаруашылығы саясатының ұзақ мерзімді жоспарлау құжаттарын әзірлеп жатқанын жеткізді. Бұл құжаттарда су балансы жаңартылып, елдің гидроәлеуетіне баға беріледі.
– Бірінші кезеңде су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі бассейндік жоспарлар әзірленеді, оларды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бассейндік жоспарлар әзірленген соң, су ресурстарын интеграцияланған басқарудың Бас жоспарын әзірлеу басталады. Оны 2027 жылдың 3-ші тоқсанында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Су ресурстары министрі.
Болжамды су балансы бекітілгенше министрлік Энергетика министрлігі және жеке инвесторлармен бірлесіп, ГЭС және ГАЭС құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
– Биыл Өгем өзенінде гидроэлектрстанциялар каскады бар су құбырын салу жөніндегі инвестициялық жоба бойынша жобалық құжаттама әзірлеуді бастады, ол мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жүзеге асырылады. Жобаның құны 191,7 млрд теңге және жыл сайын 110 млн текше метр ауызсу беріп, 72 МВт/сағ электр энергиясын өндіруді көздейді, – деді Н. Нұржігітов.
Бұған дейін Н. Нұржігітов су дипломатиясы Арал теңізін толтыруға көмектескенін айтқан еді.
Abai.kz