Мен көрген Нұрпейісов (жалғасы)
БІРІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов
ЕКІНШІ ЖӘНЕ ҮШІНШІ БӨЛІМДЕР: Мен көрген Нұрпейісов
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрепейісов
БЕСІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов
БҰЛ БІР ҒАЗИЗ ЖАН ЕКЕН
Атаңа нәлет... финполды кім жақсы көреді?.. Өзіме сенімді болсам да, финпол шынымен мазалар ма екен деп уайымдап қалдым. Бірде Өтежан Нұрғалиев қыстың қақаған суығында түнделетіп көшеде келе жатса қарсы алдынан екі бұзақы шыға келіпті. Ақынға тап беріп, алқымына пышақ тақап, малақайы мен тонын сыпырып алыпты. Ертесіне жұмысқа келген соң қызметтес әйелдерге түнде болған оқиғаны айтқан ғой. Сөйтсе бір жас қыз:
– Аға, тамағыңызға пышақ тақағанда қорықтыңыз ба?– деп сұрайды дейді. Өтекең тамағын сыртынан сипап қойып:
– Жоқ ә, түк те қорықпадым. Просто, адам нервничать етеді екен дә,– депті көздерін бақырайтып. Сол айтқандай, біраз «нервничать» еттім. Бірақ финпол маған хабарласпады. Қарияның сөзін қимай: «Жарайды. Тексереміз!» дей салса керек. Өзімен кетсін...
Айтқан уақытымда ақсақалдың үйіне жетіп бардым. Біржан аулада жұмыс істеп жүр екен. Біржан Қасенов. Ол Әбеңнің жеке шопыры. Жасы елуге таяған, мінезі салмақты жігіт. Үй сыртындағы шаруаның бәрі соның мойнында. Келіншегі Динара да осында үй қызметкері. Олар қаланың сыртында тұрады. Екеуі бірге келіп, бірге қайтады. Сыйластығы жарасқан ынтымақты жандар. Менің қақпадан кіргенімді көріп:
– Сіз келіп қалдыңыз ба? Ойбұ-ұй... Атаны бір-екі сағаттан кейін алып келемін,– деді Біржан.
– Ол кісі қайда?
– Жаңа ғана Совминнің емханасына апарып келдім. Құятын дәрілері бар екен, маған «бір-екі сағатта кел» деді. Не істейсіз? Күте тұрасыз ба, әлде, бір айналып келесіз бе?
– Қап, мынаны-ай!– дедім мен басымды шайқап,– Кеше қолда бар материалдарды дайындап отырыңыз деген едім, оны не қылды екен?
– Маған ондай нәрсені айтпайды ғой. Білмедім.– Біржан алақандарын сыртқа жайып, иығын қиқаң еткізді.– Үйге кіріп, сұрап көрсеңізші,– деді сосын.
– Бұл үйде сұрайтындай адам бар ма?– дедім күйініп.– Апайдың жағдайы анау. Әйгерімің анау. Кімнен сұраймын?
– Нағима апайдан сұрасаңызшы.
– Ол кім?
– Атаның Аралдан келген келіні. Сол кісі атаға көмектесіп жүреді.
– Мен ол кісіні көрмеппін. Үлкен кісі ме?
– Иә, сізден бірер жас үлкен болу керек. Мен қазір ол кісіні шақырып берейін,– деп Біржан үйге қарай бет алды. Әлден соң қайтып шықты да:
– Сізге үйге кірсін деп жатыр,– деді баспалдақтан түсіп келе жатып.
– Ә, жарайды,– деп мен үйге кірдім. Түпкі бөлмеден шыққан етжеңді әйел:
– Бері қарай келіңіз,– деді мені шақырып. Сыртқы киімімді босағадағы ілгішке іліп, портфелімді қолыма алып, төргі бөлмеге өттім. Кітап сөрелері төбеге дейін тіреліп тұр. Аумағы ат шаптырым кабинет екен. Төрт қабырға сірескен кітап сөресі. Терезенің жақтауында да үйіліп қалған кітап. Бейне бір көне кітапхананың сирек қорына кіріп келгендей әсерде болдым. Әлем әдебиетінің алыптары түгелдей иық тірестіріп, сап түзей қалыпты. Антикалық авторлардан бастап, қазақ жазушыларының шығармаларына дейін көз тартып, жайнап тұр.
– Саламатсыз ба! Мынау Әбеңнің кітапханасы ма? – дедім таңданысымды жасыра алмай.
– Қош көрдік! Бұл бір бөлігі ғана. Басқа да кітаптары бар. Кейін көре жатарсыз,– деді әйел биязы үнмен.
– Сіз кім боласыз?
– Ағаның туысқан келінімін. Былайша айтқанда ағайынбыз. Атым – Нағима.
– Сіз Арал жақтан келді деп естіп жатырмын. Ел-жұртыңыз аман ба?
– Аллаға шүкір! Аманбыз. Мен сізге көмектескелі келдім. Керек деген нәрсеңізді айтсаңыз, тауып беруге тырысамын. Сіз сағат 10-да келеді деп аға айтқан. Біраз материалдарды реттеп қойдым.
– Ақсақал үйде жоқ дегенге алаңдай бастап едім. Сіздің болғаныңыз жақсы болды ғой. Менің есімім – Темірғали. «Қазығұрт» баспасының директорымын,– деп сөйлей барып кабинеттің ортасына қойылған биллиардтың үстеліндей жалпақ үстелдің қасындағы жұмсақ орындыққа жайғастым. Портфелімді еденге қойдым. Апай қарсы беттегі орындыққа отырды.
– Сізді сыртыңыздан жақсы білемін. Жазғандарыңыз ұнайды. Газетке шыққан өлеңдеріңізді оқып тұрамын. Телевизордан да талай рет көргем.– деді ол. Мен қуанып қалдым. Көзі ашық адам осындай болады. Сөзіне қарағанда ол кісі ауданда кітапханашы болып істейді екен. Жеті томды құрастыруға көмектессін деп Әбең арнайы елден шақыртып алыпты. Менің нағыз көмекшім болмақ.
– Рақмет! Мені қанаттандырып қойдыңыз ғой,– дедім риза болып.
– Оқасы жоқ. Шығармашылық адамдарын анда-санда мақтап тұрған дұрыс. Сіздер жақсы сөзден шабыт аласыздар ғой,– деді ол күлімсіреп.
– Неге басқаны емес, дәл сізді шақырды? Соған қарағанда сізге ғана сенеді ғой деймін. Бұл кісінің сеніміне кіру оңай шаруа емес сияқты. Мінезі тым қиын екен,– дедім мен.
– Аға елге барғанда біз қызмет қыламыз. Айтқанын істейміз. Іздегенін тауып береміз. Көңілінен шығуға тырысамыз. Осы үйге көшіп кіргенде де мені шақырып алған. Кітаптың жайын біледі деп. Мына тұрған кітаптардың бәрін мен реттеп қойғанмын. Қағаздарының қайда тұратынын да жақсы білемін. Газет-журналдардың, фотосуреттердің архивін де мен реттедім. Сондықтан бірдеңе іздесе менен сұрайды. Тіпті керек қағаздың қайда жатқанын ауылда жүрген маған звондап сұраған кездері де бар. Ал мінезіне келсек, мен қиын деп айтпас едім. Ол – халықтың еркесі ғой. Халқына баладай еркелейді. Кәдімгі бала дерсің!
– Бұл бір қиқар бала болды ғой. Менің айтқаным ғана болсын дейтін,– дедім мен күле сөйлеп.– Түк сөзім жараспайды. Әдейі қырсығып отыра ма, білмеймін. Кеше финполға телефондап, менің баспамды тексеріңдер депті. Енді онысы қандай еркелік? Түсінбеймін.
– Көзіңізше айтты ма?– деп сұрады апай.
– Солай деуге де болады. Біреумен сөйлесіп жатыр екен, мені көріп телефонды жаба қойды.
– Аға ондайға бармайды.
– Қалай сонда?
– Меніңше, сіз ол кісіні түсіне алмай жатқан сияқтысыз. Ол сөйтіп ойнайды. Сізді сынап жатыр. Жүйкесі қалай екен деп... Бейтаныс адамды түрлі әдіспен ары-бері шайқап көреді. Мінез-құлқын байқайды. Сізді өте қатал бастық деді. «Айтқанын істемесек құртады» деп мені де қорқытып қойды.
– Менен қатты қорқып қапты ғой,– дедім күліп.– Бәсе, маған «Қызыл комиссар» деп ат қойып алыпты.
– Ат қойса, сізді қабылдай бастағаны. Әлі-ақ жақсы араласып кетесіздер. Сіз тек оған көп қарсы сөйлемеңіз. Әр нәрсені айта бермеңіз. Адамды сөзінен таниды. Әр сөзіңізді бағамдап отырады. Бір сөйлескеннен-ақ кімнің кім екенін біле қояды.
– Мәс-са-ған-н! Мен онымен таныспай жатып, керісіп қалдым ғой. Алғаш сөйлескенде тіпті қызылкеңірдек болып айғайласып қалдық. Қайдан білейін... Ол ашуланса мен де ашуланып кетіппін. Үйден қуып шықпақшы болды.
– Сондай кезде кейбіреулер оның мінезін түсінбей, өкпелеп кетіп қалады. Сол кеткеннен мол кетеді. Сіз кетіп қалған жоқсыз ғой.
– Бекет аға болмағанда мен де кетіп тынатын едім. Сәл қалды.
– Құдай сізді жібермей тұрған шығар. Мына үлкен шаруаны атқарсын деп. Енді оны ренжітпеуге тырысыңыз. Ол бала сияқты адам. Көңілін тапсаңыз баладай алдана салады.
– Мен олай ете алмаймын. Барды бар, жоқты жоқ деп айтамын. Жақауратқанды жақтырмаймын. Біреудің ығына қарап отырмаймын.
– Ағаның өзіне де сондай мінез ұнайды. Принципшіл адамдарды құрметтейді. Демек, сіздер тіл табысып кетесіздер. Ол сіздің мінезіңізді түсінген сияқты. Әйтеуір, сіз туралы ойы дұрыс. Әйтпесе «қатал бастық» деп, бағынбас еді.
– Бағынғаны бар болсын... Қиқар мінезі бәрібір қалмайтын шығар? Не болса да, көреміз енді... Тәуекел!
– Олай демеңіз. Мінез әр адамда бар ғой. Негізі бұл кісі өте жүрегі нәзік адам. Бар ойлайтыны халықтың қамы. Қазақ десе жанып түседі. Ауылдағы ағайындарға істемеген жақсылығы жоқ. Көшеде кездескен бейтаныс қазаққа да көмектесіп жүреді. Сіз оның Жүсіпбек Аймауытовтың баласы Бектұрға қалай жәрдем бергенін білетін шығарсыз?
– Иә, оны елдің бәрі біледі ғой. Онысы үлкен азаматтық енді...
– Екінің бірі ондай ерлікке бара алмайды. Бұл кісі Жүсіпбектің ақталуына дейін үлкен еңбек сіңірген. Одан басқа да ерліктері жетерлік. Әсіресе жарлы-жақыбайға жаны ашып тұрады. Бірде үйге таксимен келді. Жол-жөнекей таксист баламен сөйлескен көрінеді. Жағдайын сұраған. Тиынға тиын қоса алмай, қиналып жүрген бала екен. Үйге жеткен соң отыз мың теңге алып шығып, «мына менің көмегім» деп, әлгі баланың қолына ұстатып жіберді.
– Ой, пәлі! Ондайы да бар десеңізші!
– Бар. Бар. Айта берсең, тіпті көп. Қазаққа жаны ашып тұрады ғой. Осы Алматыдағы бір стомотология кабинетіне барып, тісін емдетеді. Емдеген дәрігер жас жігіт екен. Оның қызметіне қатты риза болған көрінеді. «Мынадай біліміңмен біреуге жұмыс істегенше, өзің жеке кабинет ашып алмайсың ба?» деп сұрайды. «Оған жағдайым жоқ. Көмектесетін адам болса, солай істер едім» дейді жігіт. Не керек, ағамыз жанын салып жүріп, сол жігітке бірінші қабаттан бір бөлмелі пәтер сатып әперген. Жабдықтауға көмектескен. Сол дәрігер жігіт қазір үлкен клиниканың иесі дейді. Жақсы көтеріліп кетіпті.
– Бәрекелді! Мұнысы керемет екен! Бір адамды аяғына тұрғызып жіберу оңай ма? Ақсақалдың қолы ашық екен ғой. Ақшаға құныққан адам ба деп едім.
– Ақшаға құнықса, танымайтын адамдардың тағдырына алаңдап, қолында барымен бөліспес еді ғой. Осыдан оншақты жыл бұрын газеттен бір отбасының тағдыры туралы оқыпты. Жеті баланы жалғыз асырап отырған келіншек ауыр дертке шалдыққан. Үй-күйі жоқ. Тапқаны тамақ түгілі дәрісіне жетпей қалған. Қатты қиналған соң көмек сұрап жатыр екен. Әбе сол келіншекті тауып алады. Өз қаражатына «Орбита» деген жерден төрт бөлмелі үй алып береді. Ол деген қанша ақша тұрады, білесіз бе? Бәленбай мың доллар! Мына заманда ондай ерлікке кім барады?
– Апырай, мына кісі Атымтай жомарт екен ғой. Кешегі қылығына қарап мүлдем басқаша ойлап едім. Ақша, ақша деп... есімізді шығарды ғой.
– Кім біледі... Ақшаға тіреліп тұрған бір мәселелер бар шығар...
– Сіз менің ақсақал туралы пікірімді жүз сексен градусқа өзгерттіңіз. Өзім де ойлап едім, ана дүниеге соқыр тиын алып кетпейтінін түсінетін шығар деп.
Ал, енді жұмысқа кірісейік. Маған бүгін не бересіз?
– Бірінші томды «Күткен күннен» бастаймыз депсіз. Сол кітапты тауып қойдым. Аға бұл томға ешқандай өзгеріс енгізбеймін деді. Осыдан бастай беріңіздер.– Нағима апай мұқабасы әбден ескірген романды қолыма ұстатты. Мен қатты қуандым.– «Қан мен тердің» үш кітабы да дайын. Керек десеңіз оны да берейін.
– Ойбай, керек болғанда қандай!? Әкеліңіз. Қазір баспаға барамын да қызметкерлеріме тапсырма беремін.– Апай үш кітапты бірдей тағы да ұстатты. Қуанғаным сонша, жалма-жан төрт кітапты портфеліме салып алдым. Мен итің-қыржың тірліктің бітіп, жұмысқа шындап кірісетінімізге қуандым.– Болды, апай! Бүгіннен бастап сканерден өткізіп, беттеуге кірісеміз. Беттелген томдарды ақсақалға көрсетіп отырамын. Сізге мың да бір рақмет! Мен жүрейін.
– Ағаны күтпейсіз бе?
– Жоқ, бүгінге осы жетеді. Ағаңызға мен келіп кетті деп айтарсыз. Қалған томдардың жайын сәті келгенде ақылдаса береміз,– деп мен кетуге ыңғайландым.
Үйден шықсам, Біржан әлі аулада күйбеңдеп шаруасымен айналысып жүр екен.
– Аға, жұмысыңыз қалай болды? Атаны күтесіз бе?– деп сұрады ол.
– Жоқ, күтпеймін. Нағима апай көп көмектесті. Жақсылап сөйлестік. Мен сенің атаңды қыңырайған қырсық шал екен деп ойлап едім. Болатын істі кері тартып отыратын керіауыз қырт па дегем. Олай емес екен. Талай адамға жақсылық жасаған жаны жомарт кісі екен ғой. Нағима апай біраз нәрсеге көзімді ашты.
– Иә, ата керемет жақсы адам ғой. Біз де оның талай шарапатын көріп жүрміз. Соның арқасында өмір сүріп жатырмыз десем де болады. Мен ол кісі туралы ешқашан жаман ойлай алмаймын,– деді ол риза көңілмен.
(Жалғасы бар)
Темірғали Көпбай
Abai.kz