Мен көрген Нұрпейісов (Жалғасы)
БІРІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов
ЕКІНШІ ЖӘНЕ ҮШІНШІ БӨЛІМДЕР: Мен көрген Нұрпейісов
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ: https://abai.kz/post/210287
СТАЛИНГЕ ҰҚСАЙТЫН ҚАЗАҚ
Сол күні түс ауа министрлікке телефон соқтым. Әлгі Алматыға келіп жолыққан өкіл жігітке. Ақсақалдың қитығып жатқанын айттым. «Маған дейін барған баспагерлердің неге безіп кеткенін түсіндім» дедім.
– Неге безіпті?– деп сұрады.
– Безбегенде қайтсін? Жүз мың доллар қаламақы сұрап жатса. Адамның түсіне кірмеген нәрсені айтады. Сендердің кітапты шығарып, таратуға бөлген ақшаларың да оған маңайламайды ғой.– Өкіл не дер екен деп тұрмын. Ол бір мезет үндемей қалды да:
– Ондай ақша қайда? Қызық адам екен ғой.– деді таңданып.
– Сол ақшаны таппасаңдар, қайтып келмеңдер деді. Ал, енді ойланыңдар!– Мен әдейі өздеріне салмақ сала сөйледім. Мүмкін, «қарастырып көрейік» деп қалар...
– Ойланатын түк те жоқ. Бәрі баяғыда бекітіліп кеткен.– Ол кесіп айтты.– Көнсе де осы, көнбесе де осы. Бюджет әркімнің ойыншығы емес қой. Қалаймын, қаламаймын деп отыратын. Бекітілді ме, болды! Өзгертілмейді.
– Соны мен түсінгенмен, ана кісі түсінбей отыр ғой. Онда министрдің өзі келіп, түсіндірсін. Басқа жол көріп тұрған жоқпын.
– Тағы бір-екі рет сөйлесіп көрсеңізші. Кәрі кісіні алдап-сұлдап дегендей...– деді өкіл қуланып.
– Ой, сен де... Алдайтын адамды тапқан екенсің! Алдамай тұрып-ақ айғайға салып жатқан жоқ па? Алдасаң, арам өлесің! Оның ештеңеден тайынатын түрі жоқ.
– Енді не істейміз?– деді ол амалы таусылғандай.
– «Война план покажет» деген. Ситуацияға қараймыз. Мен тағы бір рет алдынан өтіп, сөйлесіп көремін. Тіпті болмаса, министрдің өзі сөйлесуіне тура келеді.– Осыған тоқтадық.
Келесі күні маған Бекет Тұрғараев звондады. Мен ол кісіні қатты сыйлаймын. Елге болсын деп тұратын нағыз қайраткер азамат. Менің авторларыма талай мәрте жәрдем қолын ұсынған. Қадыр Мырза Әлі, Серік Қирабаев, Әзілхан Нұршайықовтардың көп томдықтарын шығаруға көмектескен. Басқа да жекелеген авторлардың кітабына қаржылай демеушілік көрсетті. Шымкентке бір барғанымда үйіне арнайы шақырып, алдыма бас қойып қонақ еткені бар. Өзі басқаратын «Жеті Жарғы» қоғамдық қорының кеңсесінде қабылдап, естелік сыйлықтар ұсынған. Үнемі жағдай сұрасып, хабарласып тұрамыз. Қысқасы, туыс ағамдай болып кеткен адам. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін:
– Темке, сен кеше Әбеңнің үйіне келіп пе едің?– деп сұрады.
– Иә, аға. Барып едім.
– Бәсе, сені айтып жатыр екен ғой. «Кеше түске таяу Сталиннен аумайтын, қою қара мұртты, еңгезердей бір қазақ келіп, мені ұрып кете жаздады» деп шағымданып жатыр. Не істеп едің шалға?– Мен күліп жібердім.
– «Сталиннен аумайтын» дей ме? Менің образымды дәл беріпті. Баяғыда Құман Тастанбеков мені «Иосиф Виссарионович» деп атайтын. Жарықтық: «Саған грим жасаудың керегі жоқ. Қолыңа трубка ұста да сахнаға шыға бер» деп күлуші еді. Бұл кісі де тірі Сталинді көргендей болған екен дә. Мен оған ештеңе де істегем жоқ. Жәй, өзінің сөзіне қарай жауап бердім.– Бекет аға екеуміз біраз күліп алдық.
– Мен қазір сол үйдемін.– деді ол,– Шымкенттен таңертеңгі ұшақпен келгем. Анау кітабының мәселесі не болып жатыр? Сен осы жерге келсейші. Ақылдасып, бір жағына шығарайық.
– Жүз мың доллар сұрап жатыр. Аспандағы ақшаны айтып...
– Не дейд? Жүз мың доллар бер дей ме?
– Иә. Ондай ақшаң болмаса келмей-ақ қой деп тулап кетті кеше.
– Жә, жарайды.– деді Бекет аға қашанғы сабырлы қалпымен.– Сен тезірек осы жерге кел. Соны сөйлесеміз.
– Жақсы. Сіз айтсаңыз барамын ғой, аға. Қазір келем.– Тез жиналдым да көлігіме отырып, тағы да Таймановқа тарттым.
Үйге кіре бергенімде Әйгерім ас бөлмеден басын шығарып: «Они там!» деді сол жақтағы залды нұсқап. Олар берекелі үстелдің бір бұрышында шәй ішіп отыр екен. Мені көріп, шалдың қабағы кіржие қалды. Әуелі Бекет ағамның қолын алып, құшақтап амандастым. Ақсақалға бұрылып едім, менің қолымды алмай қойды.
– Әй! Ақша қайда?– деді ол тұмсығын жоғары көтеріп.
– Қайдағы ақша?
– Мен саған айтпадым ба, ақшаң болмаса бұл үйге келме деп. Түк ұқпайтын бәле екенсің... Давай кет бар. Сені көргім келмейді.
Мен оның қарсылығына қарамай, еркелегендей қапсыра құшақтап алдым да, көтере-мөтере кеудеме қысып-қысып:
– Ақшаны қоя тұрсаңызшы, нағашы. Әуелі жөндеп амандасып алайық. Бекет аға келіпті. Мәселені шешеді қазір.– деп орнына отырғыздым. Кәрі сүйектері ауырыңқырап қалды-ау деймін. Ол шарасыз адамдай ыңырсып отырды да:
– Сен менімен ойнама, бала!– деді көзінің астымен қарап.
– Енді ойнамаймын. Болды. Қорықпаңыз. Сізге енді тиіспеймін.– дедім күліп. Бірге отырып бір кесе шәй іштім. Бекет аға: «Былай шығып сөйлесейік» деді маған сыбырлап. Екеуміз холлға шықтық. Кешегі Әбең жатқан диванға жайғасып отырдық.
– Ал, айта бер. Кітаптың жағдайы не болып жатыр?– деп сұрады ол. Мен бар жағдайды жіпке тізгендей етіп айтып бердім. Мәселені әбден түсініп алған соң:
– Былай етсек қайтеді?– деді Бекет аға,– Сен министрлікпен заңға сәйкес жұмыс істей бер. Келісім-шартқа отырып, соның талаптарын орында. Бес мың дана дей ме, бес мың дана таралымын шығарып, тарат. Мына кісіге жеті миллион теңге қаламақысын ұстат. Ал мен болсам, тағы бір мың таралымының ақшасын сендерге төлеп берейін. Сонда әр томды бес мың емес, алты мың дана етіп басасың. Үстіндегі бір мың комплектіні ақсақалға әкеліп беремін. Өзі сатып, жүз мың доллар қылып алады.
– Ондай бағаға сата алмайтын шығар?
– Ол жағына басыңды қатырма. Сатады. Сен оны білмейді екенсің... Бұл қадалған жерінен қан алатын адам. Әр комплектісін елу мың теңгеден ойланбай-ақ өткізіп жібереді. Сөзін сыйлайтын басшылар көп. Облыстардың әкімдеріне, министр, ректорларға тапсырады. Олар бұның сөзін жерге тастамайды. Міне, сол жерден жүз мың доллар шығады. Қазір мен оны осыған көндіремін. Сен үндемей отыра бер. Бәрін өзім шешемін.
– Маған авторлық келісім-шартқа қол қойып берсінші,– дедім өтініп.
– Қояды. Айтамын. Келісім-шартың дайын ба?
– Ертең ертемен дайындап әкелемін.
– Дайындап әкел. Қол қойып береді.– Бекет аға сеніммен айтты. Менің көңілімде үміт оты жылт етті.
Бекет аға Әбеңнің жанына отырып жағдайды әбден түсіндірді. Сөзінің соңында:
– Темірғали ертең келісім-шарт алып келеді. Соған қолыңызды қойып беріңіз,– деді.
– Болады!– Қария басын шұлғыды. Артынша:– Бекет-ау, бұлар мені мазақ қылды ғой.– деді жыламсырағандай болып.
– Неге?
– Бір томыңа екі жарым мың доллар төлейміз дейді. Мазақ болмағанда не болды? Ұят емес пе?
– Басқаларға оны да бермейді. Бергеніне риза болсаңызшы,– дедім мен сөзге араласып.– Сұрағаныңызды Бекет аға берем деп отыр. Осымен тоқтайық енді.
– Ал, екеуің қол алысыңдар. «Ер шекіспей бекіспейді» деген. Түсіністікпен жұмыс істеңдер. Бәрін толық келістік деп есептеймін.– деді Бекет аға. Әбең екеуміз қол алыстық.
– Онда мен жүрейін. Ертең келісім-шарт жасап алып келем.– дедім қарияның көзіне қарап.
– Ақшаң болмаса келмей-ақ қой. Кәйтесін әуре боп...– деді ол қисайып. Мен оның сөзіне таң қалып:
– Сіз де қоймайды екенсіз. Мәселені келістік қой. Енді қойсаңызшы.– дедім күліп. Бекең менің қолымды қысып:
– Ол айта береді. Уайымдамай жұмысыңа кірісе бер. Жеті томды жақсылап шығарыңдар. Мен бүгін қайтам. Хабарласып тұр.– деп қоштасты.
Үйге келген соң асықпай отырып, Нұрпейісовпен ортамызда жасалатын авторлық келісім-шартты тастай етіп дайындадым. Авторға кітаптар шыққаннан соң жеті миллион теңге көлемінде қаламақы беріледі деп көрсеттім.
Ертесіне келісім-шартымды алып, Тайманов көшесіндегі еңселі үйге қайта бардым. Әбең екінші қабаттағы жатын бөлмесінде екен. Төсегінің қасына үлкен жазу үстелін қойдырыпты. Жазудан шаршағанда жантайып жата кеткенге ыңғайлы көрінді. Үстелдің үстінде бопыраған қағаз ретсіз шашылып жатыр. Бір-екі қаламсап та осында. Бірнеше парақтың беті айбақ-сайбақ сызылыпты. Әдетінше түзетіп жатса керек. Қандай шығарма екенін аңғара алмадым.
– Ассалаумалейкум!– деп көңілді амандастым.– Мен келдім.
– И-и-ә, кел.– Ол жалма-жан құлағына аппаратын іліп алды.
– Кешегі келісім бойынша...
Ол басымнан аяғыма дейін қарап шықты да:
– Ақша әкелдің бе?– деп сұрады.
– Ақша кейін болады. Мына қағаздарға қол қойып беріңіз.– дедім бастырмалатып. Сөмкемнен қағаздарымды шығара бастадым.
– Әй, айттым ғой саған, ақшаң болмаса қол қоймаймын деп. Мен қоймаймын!
– Сіз не, мені ерігіп жүрген адам деп ойлайсыз ба? Кеше ғана мақұл дегенсіз. Жұмысты бастайық. Не болды, өмірі ақша көрмегендей? Ақша-а, ақша-а деп... Кітаптар шықсын. Ақшаңызды аласыз.– Мен қызбалана бастадым.
– Мен қол қоймаймын! Ал, не істейсін?
– Шын айтып отырсыз ба?
– Мен сенімен қалжыңдасатын жездең бе едім? Шын айтам. Қоймаймын!
– Ақсақал, менің жыныма тимеңізші. Қазір Бекет ағаға телефон соғамын. Өзіңіз айтыңыз.– Бекет ағаның нөмірін тердім. Абырой болғанда ол трубкасын бірден көтерді.
– Бекет аға, қалайсыз? Кеше қалай жеттіңіз?
– Бәрі жақсы, айналайын! Өздерің қалайсыңдар? Не істеп жатырсыңдар?
– Мына шал қайтадан айнып қалды, аға. Қасында отырмын. Тағы да ақша сұрап жатыр. Келісім-шартқа қол қоймаймын дейді. Айтыңызшы оған...– деп шағына сөйледім.
– Құлағында аппараты бар ма?
– Бар.
– Телефонды берші оған.
Телефонның дауысын қатты шығарып қойдым да, ақсақалдың қолына ұстаттым:
– Бекет аға. Сізбен сөйлесемін дейді.
Ол трубканы құлағына жақын апарды.
– Әлө-өу! Бекетжан!
Бекет аға салған жерден нығарлай сөйледі.
– Қария, қалайсыз? Сіз не істеп отырсыз? Сіздің алдыңызда отырған жігіт көшеде жүрген бала ма? Не, оның сізден басқа тірлігі жоқ деп ойлайсыз ба? Ол бүкіл елге танымал ақын, баспагер, ғалым. Өз жұмысын жақсы біледі. Сізді сыйлаған сайын басына бермесеңізші. Бұл не мінез? Мен телефонда тұрғанда қазір қағаздарына қол қойып беріңіз! Осыдан қоймайды екенсіз, маған ренжімеңіз! Сіздің бетіңізді көрмеймін! Түсіндіңіз бе? Бетіңізді көр-мей-мін!
Шал бір уыс болып, бүрісті де қалды.
– Бекет-ау, ашуланбашы. Міне, міне. Қол қойғалы жатырмын. Қайда әлгі...– деп маған қарап, қолын ербеңдетті. Дайын тұрған келісім-шарттың екі данасын қол қоятын тұсын ашып ұстата қойдым. Үстелдің үстінде жатқан қаламсапты бердім. Екі данаға да «Ә.Нұрпейісов» деп айбақ-сайбақ қол қойып берді. У-уһ! Әйтеуір қойды-ау! Телефонды оның қолынан алдым. Бекет аға линияда тұр екен.
– Беке, сізге көп рақмет! Қол қойды. Енді жұмысты бастаймыз.– дедім қуанып.
– Ал, іске сәт! Алла жар болсын!– деп ол трубканы жапты.
Ақсақалға бұрылып:
– Ертеңнен бастап жұмысқа кірісеміз. Енді сізге ауыруға рұқсат жоқ. Бұрынғы комсомолдар сияқты жұмыс істейміз. Уақыт тар. Ырғалып-жырғалып отыратын жағдай жоқ. Дайындала беріңіз!– дедім күліп.
– Сен құдды қызыл большевик сияқтысың. Сенен қорқайын дедім.
– Ешқандай большевигіңізді білмеймін. Маған жұмыстың уақытында біткені керек. Сау болыңыз! Ертең келемін.– дедім кетерде.
Нұрпейісовтің үйінен өте көңілді шықтым. Машинама отырдым да, келісім-шарттың қол қойылған беттерін суретке түсіріп, министрліктегі таныс жігіттің ватсап нөміріне жібердім. Оның қуанышында шек болмады. Министрден бастап бүгін тыныш ұйықтайтын шығар. Олар қатты қуанды.
Бір-екі күн арасында маған белгілі қаламгер, танымал публицист Сейдахмет Құттықадам телефон шалды.
– Таке, я тебе сочувствую.– деді ол орысшалап.
– Не үшін, аға?
– Сен Нурпейісовпен жұмыс бастапсың деп естідім. Мен оның «Әбе» деген бір кітабын шығарамын деп бір жыл соттастым. Сен жеті том шығарсаң, жеті жыл соттасасың ғой.– Ол рахаттана күліп алды.
– Жоқ, аға. Мен жұмысты сотқа жеткізбеймін.– дедім сеніммен.
– Нус, смотри! Бог тебе в помощь! Конечно, сотқа бармай-ақ қой.– деп ол жылы қоштасты.
(Жалғасы бар)
Темірғали Көпбай
Abai.kz