Жұма, 23 Қаңтар 2026
Көкжиек 307 0 пікір 23 Қаңтар, 2026 сағат 15:16

Казуо Ишигуро: Әр жазушы өзінше жазуы керек...

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Әлем әдебиетінде «сен тұр, мен атайын» дейтін кейіптегі танымал жазушылар өте көп. Жуық жылдардан Батыс елдерінде имигрант жазушылардың қатары көбейді. Олар тақырытарының өзгешелігмен, ойларының тереңдігімен ерекшеленеді. Солардың бірі – 2017 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алған жапон текті жазушы Казуо Ишигуро. Біз оқырмандарға оның Швед академиясына берген сұхбатын ұсынып отырмыз.

БІРНЕШЕ СЫЙЛЫҚТАН БАС ТАРТТЫМ

Сіз өзіңізді үлгі тұтарлық тұлға деп сезінесіз бе?

– Менің ойымша, өзіңді үлгі тұтарлық тұлға ретінде тым саналы түрде қабылдамаған дұрыс. Жазушы ретінде шығармаларым жарық көріп, танымал болған кезден бастап-ақ, мұндай жауапкершілікті белгілі бір деңгейде сезінесің. Яғни, өзіңнің іс-әрекетіңе жауапты болу және жастарды, басқа жазушыларды шабыттандыру қажеттілігі туады. Нобель сыйлығын алғаннан кейін мен бұл рөлге бұрынғыдан да көбірек мән беретін болдым. Бұл мені жаңа деңгейге көтерді, тек жазушы ғана емес, қоғам алдында жауапкершілігі бар тұлға ретінде. Сондықтан бұл жағдайға үйренуім қажет болды. Енді мен тек әдебиетке қызығатын адамдар үшін ғана емес, жалпы жұртшылық үшін маңызды тұлғаға айналдым. Бұл– мен әлі де толығымен түсініп үлгермеген жаңа талаптың бірі. Бірақ мен өте сақ болуым керек екенін түсіндім. Себебі Нобель сыйлығы жарияланғаннан кейінгі екі ай ішінде маған түрлі өтініштер келіп түсті: петицияларға қол қою, түрлі бастамаларды қолдау, менің салама қатысы жоқ пікірталастарға қатысу сияқтылар. Бұрын мұндай ұсыныстар келе бермейтін. Бұрынғы Нобель лауреаттарымен кездескенде, олар маған «абай бол, өзіңе қатыссыз салаларда ештеңе айтпа» деген кеңестерді айтты.  Бұл мен үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды кеңес деп ойлаймын. Бізге бүгінгі таңда ең үлкен қауіптердің бірі – өз саласының маманы емес, адамдардың маман ретінде сөйлей бастауы. Сондықтан мен өзімді бұл тұрғыда қатаң тәртіпте ұстаймын. Мен тек өзім жақсы білетін тақырыптар жайлы ғана айта аламын.

– Нобель сыйлығының маңызы неде деп ойлайсыз?

– Әлемде түрлі марапаттар бар, бірақ олардың маңыздылығы екі нәрсеге байланысты деп ойлаймын: біріншіден, сыйлықты тағайындайтын адамдардың адалдығы мен беделі; екіншіден, бұрынғы лауреаттардың кім екендігі. Себебі қазір көптеген сыйлықтар әртүрлі мақсатта қолданылады. Кейде белгілі бір компанияны, ұйымды немесе саяси идеяны насихаттау үшін берілетін марапаттар да жоқ емес. Тіпті кейде бұл астыртын түрде жасалады. Мен өзім бірнеше сыйлықтан бас тарттым. Олар нашар марапаттар емес еді, бірақ олардың түпкілікті мақсаттары маған түсініксіз болды. Кейбір марапаттар тек насихат пен жарнаманың құралы екенін есте ұстаған дұрыс. Сондықтан мен үнемі «бұл сыйлықты кім береді?», «мен олардың құндылықтарына сенемін бе?» немесе «бұрын бұл марапатты алған адамдарға құрметпен қарай алам ба?» деген сияқты сұрақтарды өзіме қоямын.

Швед академиясы қоңырау шалған сәтте, «мен бұл сыйлыққа шын жүректен ризамын» дегенді айттым. Өйткені Нобель сыйлығына деген құрметім шексіз. Оның үстіне 1901 жылдан бері алған барлық әдебиет лауреаттарын да жақсы білемін, сыйлаймын.  Менің көптеген әдеби қаһармандарым – дәл осы тізімде. Нобель сыйлығы әлемнің қиялын баурап алды. Ол жай ғана жарнамалық құрал емес, адамзаттың ең асыл армандарын көрсететін символға айналды. Бұл – өте сирек кездесетін құбылыс. Әлемде көптеген беделді сыйлықтар бар, бірақ Нобель олардың бәрінен биік тұр. Себебі ол тек кәсіби саладағы жетістік емес, сонымен қатар адамзаттың бейбітшілікке, өзара ынтымаққа, өркениетті дамытуға деген ұмтылысын бейнелейді.

– Сіздің шығармаларыңызда жады, кінә және елес (өзін-өзі алдау) жиі кездеседі. Неліктен?

– Шығармашылық жолымның алғашқы кезеңінде мен көбіне өткен өмірімен күресіп жүрген жеке адамдарға қызығатынмын. Әсіресе орта жастағы немесе егде кейіпкерлердің бейнесін қағаз бетінде суреттедім. Олар өз өміріне қайыра көз салып, өз құндылықтарына күмәндана бастайды. Осы сөзіме мысал ретінде айта кетейін, менің кейіпкерім өз өмірінде бәрін дұрыс істедім деген оймне өмір сүреді, бірақ қартайған шағында «мен дұрыс құндылықтарға сенбедім бе? әлде қате бағытты таңдадым ба? менің өмірім босқа өтті ме?» деген сұрақтар төңірегінде толғанады. Міне, осындай рухани дағдарысқа түскен адамдар мені қатты қызықтырды. Кем дегенде үш-төрт романымды осы идея төңірегінде жазып, оқырманға ұсындым. Кейін келе мен шығармаларыма өзек болған осы сұрақты жеке тұлға деңгейінен қоғам мен ұлт деңгейіне көтеруге тырыстым. Қазір де сол мәселе мені толғандырады. «Бір мемлекет немесе ұлт өз өткеніндегі жарақаттармен қалай күреседі? Ұлттық ұят пен кінәні қалай жеңуге болады?» деген сауалдар айналасында «ауырып» жүретінім рас. Кейде өткенді ұмытқан дұрыс па деген сұрақ та туады. Өйткені тарихта және қазір біз өмір сүріп отырған әлемде кейбір елдер ғасырлар бойы өткен қақтығыстарды естен шығара алмай, өшпенділікті жалғастырып келеді. Кейде өткенді үнемі еске алу – жанға жаңа жаралар салады. Алайда, әсіресе Еуропада, сондай-ақ Америка мен Жапонияда қоғам өз өткеніне байланысты шешілмеген мәселелермен өмір сүріп келеді. Мысалы, нәсілшілдік, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі тарихи жаралар толық ашылмаған тақырыптар. Сондықтан қоғамда беймаза сезім бар, адамдар өзара дүрдараз кейіпте өмір сүруде. Қазір Америкада үлкен толқу болып жатыр, өйткені елдің тарихындағы афроамерикалықтарға қатысты әділетсіздіктер толық мойындалмаған. Еуропа да Екінші дүниежүзілік соғыстан бері осы тарихи қалыптың ішінде өмір сүріп келеді. Сондықтан жеке адамның жадындағы және тұтас ұлттың жадындағы күрес – мені ерекше қызықтыратын тақырыптардың бірі.

ЖАЗУШЫ ЕМЕС, ӘНШІ-КОМПОЗИТОР БОЛҒЫМ КЕЛГЕН...

– Сіздің жазушылық стиліңізге не әсер етті, сіз кім үшін жазасыз?

– Мен жанр туралы көп ойланбайтын қаламгермін. Көп жағдайда мен белгілі бір тақырыпты таңдап, оны өте мұқият істеуге кірісемін. Маған көп те идеялардың қажеті жоқ. Отыра қалып «енді триллер жазайын ба, әлде махаббат хикаясын ба?» деп бас қатырмаймын. Мендегі бар идеялар әдетте әлі нақты орын мен уақытқа сай келмей жатады.  Кейде өзімді режиссер сияқты сезінемін. Сценарий дайын болса, қай жерде түсіруге болатынын іздейтіндей күйде боламын. Жазу барысында «мен фантастикалық кітап немесе детектив жазамын» деп қолға қалам алмаймын. Тек идеяны жеткізу үшін кез келген мүмкіндікті қолданамын.

– Неше жасыңызда жазушы болу бекіміне келдіңіз?

– Шамамен жиырма бес жасымға дейін жазушы болсам деген арманмен ауырған адам емеспін. Он бес жасымдағы менің басты арманым – әнші-композитор болу еді. Бөлмемде отырып, гитарамен көп ән жазатынмын. 2016 жылы Нобель сыйлығын алған Боб Диланнан қатты әсер алдым. Он үш жасымда оның альбомын сатып алғаным әлі есімде. «John Wesley Harding» альбомы деп аталады. Сол кезде мен сөздерді жұмбақ күйде қолданып, сөздің күші арқылы бүкіл әлемді өзгертуге болатынын түсіндім. Содан кейін мен 1970 жылдардағы әдеби бағыттағы Леонард Коэн, Джони Митчелл сияқты әнші-композиторларға қызықтым. Олардың әндерін өздігімнен үйреніп, мәтіндерін жаттадым. Соның әсері болар, бөлмемде отырып жүзден астам ән жаздым және оларды достарыммен бірге орындадым. Бұл барыс мені проза жазушысына дайындаған кезең сияқты болды. Жиырма жасымда мен үшін ән жаза жүріп, ептеп қысқа әңгімелер жазуға да дендеп кірістім. Жиырма төрт-төрт жаста кәсіби әнші-композитор ретінде ешбір жетістікке жете алмай дағдарғаным рас. Ал сол кезде жазған қысқа әңгімелерім әдеби журналдарда жариялана бастады. Сөйтіп жүріп Лондондағы әлі де жұмыс істеп тұрған «Faber and Faber» баспасының назарына іліндім. Солармен келісімшарт бойынша бірінші романымды жаздым. Енді ойласам, тым алыс жолдай сезіледі. Сонымен бір есікті ұзақ уақыт қағып жүргенде, екінші есік ашылды. Сол кезден бастап прозаға назарым ауды. Бірақ әнші-композиторлық қабілетім әлі де мазалап жүреді. Қазірде де  ән мәтіндерін жазамын, мысалы, америкалық джаз әншісі Стейси Кент үшін бірнешеуін жазып бердім. Қазан айында оның альбомы шықты, екі шығармасы менің ән мәтіндеріммен орындалады. Бұл менің жазушылық өмірімдегі маңызды бөліктің бірі. Осы қабілетім менің ойлауымды өзгертеді, өйткені біреумен бірлесіп жұмыс істеймін. Басқа салалардағы адамдармен, мысалы музыка немесе кино саласындағылармен қарым-қатынаста болу – өте пайдалы. Романист болудың бір кемшілігі – біз көбінде жалғыз жұмыс істейміз. Ал театрда немесе ғылымда командаларда жұмыс істейтіндерге қарағанда, біздің даму мүмкіндігіміз шектеулі. Сондықтан мен үшін басқа салалармен ынтымақтасу маңызды, ол мені ынталандырады және сол арқылы көп нәрсе үйренемін.

ЖАЗУШЫ БОЛУ ӨТЕ БИІК МӘРТЕБЕ

– Қай жазушылар сізге үлгі болды?

– Алғашқы әсерлерімді музыка әлемінен, әнші-композиторлық музыкадан алғанымды айттым. Ең көп әсер еткен жазушы – XIX ғасырдағы британдық жазушы Шарлотта Бронте, әсіресе оның «Jane Eyre» және «Villette» романдары маған өте ұнайды. Бес жыл бұрын мен осы екі шығарманы қайта оқып, өзімнен ұялдым. Себебі мен сол кітаптардан ұқсас элементтерді шығармаларыма «ұрлап алғанымды» байқадым. Бірақ мен осы туындыларды шығармашылық тұрғыдан өте маңызды кезеңде оқыдым деп ойлаймын. Ең бастысы – бірінші жақ кейіпкер техникасын қолдануы, кейіпкердің оқырманнан және өзінен нені жасыратыны мен үшін негіз болды. Сол себептен Шарлотта Бронте менің шығармашылығыма үлкен әсер етті. Достоевскийді де көп оқыдым, бірақ ол менің стиліме көп әсер еткен жоқ. Ол мүлде басқа тәсілмен жазады. Дегенмен әсер дегеніміз өте қызықты әрі нәзік нәрсе. Кейде мінезі мүлде өзгеше адамнан алынған әсер шиеленіс тудырып, табиғи бір күй пайда болады.  Марсель Пруст мен үшін өте маңызды тұлға. Техникалық жағынан айтсақ, ол оқиғаны сюжет арқылы немесе хронологиялық тәртіппен емес, кейіпкердің ойлары мен естеліктерін қадағалау арқылы айтып отырады. Мысалы, кеше болған бір оқиға тікелей отыз жыл бұрынғы естелікке еніп кетеді. Бұл жазушы ретінде кез келген жағдайды абстрактілі түрде реттеу әдісі. Прусттан мен көп нәрсе үйрендім. Сонымен қатар, Кафка, Самуэль Беккет және Харольд Пинтер мен үшін маңызды жазушылар санатында.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

– Шығармашылығыңызға жарыңыздың қолдауы болды ма?

– Жазушылықта менің өмірімде көп редакторлар мен кеңесшілер маңызды болды. Мысалы, менің редакторларым баспаханада жұмыс істеді. Алғашқы агентім Дебора Роджерс (қазір қайтыс болды), алғашқы редакторым Роберт МакКрам – олар маған үлкен шабыт сыйлады.  Бірақ романист болуыма ең көп әсер еткен адам – әйелім Лорна.  Себебі ол менің өмірімнің көп саласында маған жол көрсетіп келеді. Ең бастысы, мен фантастика жазуды бастамай тұрып біз бірге жүрдік. Сол кезде ол маған атақты автор ретінде емес, университет бітірген студент ретінде қарады. Дегенмен, мәртебем өскен соң, кейбір адамдар шығармаларыма шынайы сыни пікір білдіруден жасқанады. Кәсіби баспагерлер анығын айтсақ, басқа баспаға кетіп қалады деп қорқады. Сондықтан шығармашылығыма әйелім сияқты ақты ақ, қараны қара деп анық айта алатын адам қажет болды. Ол маған үнемі сын көзбен қарап, мені «жазушылықта өзін асыра бағалап отырған адам» деп санайды. Кейде мен кейбір жобалардан басы бүтін бас тартамын, себебі ол бір оқып шығып: «бұл жарамайды, басқа нәрсе жаз!» деп нұсқау береді.

– Жас жазушыларға қандай кеңес бересіз?

– Бұл сұрақты менен көптеген журналист сұрады. Бүгінде, әсіресе ағылшын тілінде сөйлейтін елдерде, әр университетте шығармашылық курсы бар. Жеке шығармашылық бағдарламалар көп. Барлығы жазушы болғысы келеді. Ал менің жас кезімде жағдай олай емес еді, ол тұста ешкім әдебиетке қызықпайтын. Менің кеңесім – әр жазушы өзінше жазуы керек. Бірақ бір маңызды нәрсе, өзіңізге «шынымен шығарма жазғым келе ме, әлде тек жазушы болғым келе ме?» деген сұрақты қойыңыз. Көп адамдар жазушы болғысы келеді, тек оның мәртебесі үшін ғана. Бірақ олар шынымен жазғысы келмейтінін түсінуі мүмкін. Табысты да, коммерциялық емес, мағыналы нәрсе жасай алатын жазушы болу үшін, жазуға ерекше қарым-қатынас қажет. Қазір адамдар өздерінің не қалайтынын білмей сандалады. Ал жазушы болу өте биік мәртебе. Біреулер тек оның беделін пайдалануды армандайды. Сондықтан «сіз шынымен жақсы шығарма жазғыңыз келе ме?». Осыны анықтап алыңыз. Бұл қаламгер үшін ең маңызды.

Сұхбатты Швед академиясы жүргізген,

Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір