Сенбі, 24 Қаңтар 2026
Мәйекті 1321 0 пікір 24 Қаңтар, 2026 сағат 13:44

Мұқағали зары мен аққу зары үндес

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қазіргі заман әлем қазақ әдебиетінің, әсіресе халқымыз поэзиясының өркендеуі мен гүлденуіне, жаңа бір белеске көтерілуіне өлшеусіз үлес қосқан жарық жыр жұлдыздарының бірі Мұқағали Мақатаев екені тарихи шындық. Ақынның қай шығармасын оқысаңыз да жүрегіңді сан толқытып, киелі тіл өнерінің сиқыр күшімен қалың оқырмандарын өзіне баурап, таңқалдырып, тамсандырып келеді. Қазақ әдебиетінің классигі, ірі ақын Мұқағали Мақатаевтің «Aққулар ұйықтағанда» атты поэмасы бітімі бөлек, дара стилмен жазылған таңдаулы шығармалардың бірі.

Мұқағали шығармалары туралы қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұманбай Молдағалиев «Мұқағалиды ойласам» атты мақаласында «Ұлы ақындарын халық-ана ұмытпайды екен ғой. Жыл өткен сайын Мұқағали, халық-ананың жүрегіне жақындай түсіп барады, лапылдай түсіп барады. Атағы жер жарды. Алыстап бара жатқан жылдар ішінде ақ боз ат мініп астына ірі ақын кетіп барады.

Мұқағали поэмаларының ең асылы, ең биігі деп мен «Моцарт. Жан азасы» мен «Aққулар ұйықтағанда» деген екі дүниесін атаймын. Бұлар алтын ішіндегі меруерттей сәуле шашатын ұлы дүниелер. «Aққулар ұйықтағанда» поэмасы 1973 жылы «Жалын» альманағында жарияланды. Сол поэманы оқығандағы жеке басымның қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмайтын сияқтымын. Мұқағалимен кездескенде поэмасын көп мақтадым.

– Тұмаш, осы поэманы Ғабит ағаға апарып оқыдым. Разы болып мына алтын қаламды сыйлады, – деді Мұқаң. Мен: – Өте дұрыс еткен екенсіз, Мұқа, Ғабең ұнатса бүкіл халыққа ұнады дей бер, – дедім тебіреніп, Мұқаң бір ойға шомып үнсіз қалды» («Мұқағали – қазақтың домбырасы», «Шыңжаң халық баспасы», 2009 жылы, шілде 2 – басылуы) деп жазыпты.

Мұқағалидың «Aққулар ұйықтағанда» атты шығармасы экологиялық ортаны қорғауды арқау еткен шоқтығы биік поэма. Бұл шығарма Қытайда 1988 жылы ақынның тұңғыш басылым көрген «Қаздар қайтып барады» атты көлемді жыр топтамасына енгізілген. Аталған шығарма 2004 жылы маусым айында «Шыңжаң оқу-ағарту» баспасы жағынан жарық көрген орталау мектеп 8 жылдыққа арналған 1-бөлім «Тіл-әдебиет» оқулығына ықшамдалып кіргізілген. Поэма, жалпы үш бөлім және эпилогтан құралған.

Мұқағали сөз теңізін сапырған ерекше суреткер ақын. Тарих керуеніне зер сала қарасаң әр ғасырдың біртуар ұлы тұлғалары болады. Мұқағали, әне, сондай ХХ ғасырда жасаған, ұлы тұлға мәртебесіне қол жеткізген мәртебелі ақын.

Жыр дүлдүлі Мұқағалидың «Aққулар ұйықтағанда» атты поэмасының бірінші бөлімінің алғашқы беташарында былай сыр шертеді:

Өзен де жоқ сыймаған арнасына,
Жылға да жоқ даламен жалғасуға.
Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай,
Қалай біткен мына көл тау басына?!
Мөлдірейді, қарайды қарға, шыңға.
Жалғыздықтан жамандық бар ма, сірә.

Қанша ғасыр өтті екен, қанша заман?
Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам?
Қанша шырша өсті екен, құлады екен,
«Жетім көлге» қараудан шаршамаған?
«Жетім көлден» су ішкен қанша марал,
Қанша киік қалды екен сай-салада?
Қанатынан үзіліп
Қаншама аққу кетті екен – аңсаған ән?

Ортаймаған «Жетім көл» толмаған да,
Болған өмір ұқсайды болмағанға.
Сызат та жоқ бетінде, сызық та жоқ,
Айдынына аққуы қонбаған ба?!

Қызғыштары қиқулап, қорғағанда,
Сорлағанға ұқсайды, сорлағанға,
Шүрегейлер айдынын қорлағанда,
Көкқұтандар қанатын қомдағанда...

Арқалы ақынның бұл поэмасында тәуіп шалдың «Баланы аққумен аластаңдар» деген сөзі бойынша ананың сырқат ұлына шипа іздеп, «Жетім көлден» аққу атқан оқиғасы баяндалады. Сөз зергері шығармасының бір бөлігінде халқымыздың сан ғасырдан бері аққуды ерекше қастерлеп, қорғап келген ата дәстүріміз бар екенін былай толғайды:

Ұрпақтан-ұрпақ алып жалықпастан,
Сондай бір дәстүр бар-ды қалыптасқан.
Заманнан заман өткен, жаңарған жұрт,
Аққуын айдын көлдің налытпастан
Дәстүрін аттамаған, анық басқан.

Сондай бір дәстүр бар-ды жарық шашқан,
Бір ұрпақ бір ұрпаққа алып қашқан.
Қайсы бір қиын-қыстау ай, күндерде,
Шойрылтып, түссе-дағы қайғым белге,
Алаңсыз аққуымды атпасын деп,
Жатқа да дастарқанды жайдым төрге,
Aққулар ұйықтағанда айдын көлде...

...Оралмады аққулар осы маңға,
Жылдар өтті, байқұстар шошыған ба?
«Жетім көл» жетімсіреп қала берді,
Арман-ай, аққуымен қосылар ма?!

Мұқағали жырына арқау болған киелі құс аққу туралы ата-бабаларымыз өзінің арғы тегімен байланыстыратын аңыздар мен шежірелік әңгімелерді көп шығарған. Сондықтан халқымыз аққуды ізгілік нышаны деп оны атуға, өлтіруге ерекше тиым салған.

Поэманың екінші бөлігінде автор:

Бала жатыр төсекте, албыраған,
Әке жатыр еденде, қалжыраған.
Түн күзетіп ана отыр, қос жанары
Шарасыздан шаршаған, жаудыраған.
Түні мынау – тамыздың маужыраған,
Тауың анау – шымылдық салбыраған.

Биік барып жаралған жер бетінен,
Сол байырғы «Жетім көл» келбетімнен.
Айдынында аққулар ұйықтап жатыр,
Сайдан соққан самалмен тербетілген.
Жер бетінде тыныштық, көл бетінде,
Қауышыпты қара орман, көл де, түн де.
Бала жатыр төсекте күйіп-жанып,
Баласының ана отыр күйін бағып.
Қайдағы бір қатыгез, сұрқай ойлар,
Миын қарып барады, миын қарып, – деп жалғыз баласын ажал аузынан алып қалуды ойлаған, таң күзетіп ауру баласына қараған ана образын сомдай түседі.

Қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінде аққу киелі құс ретінде ерекше орын алған. Халық арасында аққу туралы көптеген аңыз-әңгімелер таралған. Соның бірінде «XV ғасырда өткен қазақ ханы Әз-Жәнібек бір күні қымызға қызып, көпсіп отырып, Құладын құсқа аққуды алдырмақ болады. Мұны естігенде халық қамқоры қарт кемеңгер Асан қайғы жырау Әз-Жәнібек ханды былай деп қатты шенейді:

Құладын құстың құлы еді,
Тышқан жеп жүнін түледі.
Аққу құстың төресі,
Ен жайлап көлді жүзеді.

Аңдып жүрген көп дұшпан,
Еліңе жау боп келеді.
Құладын қуды өлтірсе,
Өз басыңа келеді!» (Мағаз Сүлейменұлы. «Қазақ ұлтының ізгілік нышаны – аққу», «Іле тарихи материалдары», 2013 жыл, қазан, 30-сан, 273-бет).

Ал Мұқағали болса қазақтың салт-дәстүрлерін жетік меңгерген абыз ақын, оның абыздығын, халықтық білімге, жосын-жораға жүйрік даналығын поэмадағы мына жыр шумақтары тіпті дәлелдей түседі. Мысалы:

Мана, күндіз, тәуіп шал не деп кетті!?
Әлде өтірік, әлде шын, демеп кетті…
 ـــ Аққуменен баланы аластаңдар,
Деді-дағы жайымен жөнеп кетті...

ـــ Тұрсаңшы, таяу қалды таң атуға,
Неткен жансың санасыз жаратылған!?
Манағы тәуіп шалдың айтқан сөзі,
Ұмытылып кетті ме санатыңнан?

. . . Айналайын аққудың қанатынан,
Қайтеміз, ол да адамға бола туған.

«Жетім көлге» барып қайт, таң жамылып,
Таң атқанша қалайда тауға ілік.
Біреулердің көзіне түсіп қалып,
Дүрліктірме жұртыңды, салма бүлік!
Кім білсін, мүмкін, бәрі жалған үміт... – деген жыр шумағында баласы үшін жанын құрбандыққа шалуға разы болған зарлы ана, тәуіп шалдың айтуы бойынша жарына аққуды ату туралы бұйыра сөйледі.

Қазақтың аққуды өлтірген адам оңбайды. Жаманшылық келіп, пәле жабысады, тіпті аққу өлтірген адам зәу-затымен құрып жоғалады деген ата дәстүрден аттағысы келмеген ауру баланың әкесі аққуды атудан бас тартады. Ақын әке аузынан былай сөз береді.

ـــ Апыр-ай, қалай барам, қалай барам!?
Атармын аққу құсты қалай ғана?!
Айдынның аққулары ұйықтағанда,
Өрген мал, өскен шырша абайлаған,
Барлығы қасиетке қарайлаған,
Оқ атам қасиетке қалай ғана?..
Бармаймын, бара алмаймын, қалай барам?!

Поэмада тәуіп шалға алданған ананың көзіне ауру баласынан басқа ешкім көрінбейді, ата салттан аттап киелі құс аққуды атуға бекінеді. Баласы үшін жанталасқан ананың мұң-зарын, көзсіз ерлікке басқан бейнесін ақын көз алдыңа былай елестетеді.

Адуынды жан екен алған жары:
ـــ Жалғыз ұлдан артық па, жалған бәрі!
Балам өлсе, бақыттың керегі не?!
Топан су басып кетсін қалғандарын.
Перзент сұрап несіне армандадың!?
Құрысын онсыз сенің жанған бағың!
Мылтықты әкел!
Атты ертте!
Жалған бәрі! ـــ деп «Жетім көлге» аттанады.

Мұқағали поэмасында табиғат ана мен баласы үшін жанын қиуға даяр қайсар ана қатар суреттеліп жатады, ақын екі ана атынан көз жасын көл етіп жырлайды.

Асқар белден күн нұры шашырады,
Шашырап ол да көлге бас ұрады.
Құс аппақ, айдын аппақ, нұр да аппақ,
Аппақ нұр ـــ аппақ нұрға қосылады.
Көл ـــ көкке
Көк ـــ көлге көп асылады,
Ұйқысы аққулардың ашылады.
Сұлулыққа сұқтанып, қашып әлі,
Ана жүрек солқ етіп, басылады.

Қызғанып, қызғыш байқұс шыр айналды,
Абыржып ана-көңіл мың ойланды.
Ғазиздың көзінде емес, көңілінде,
Айдын көл астан-кестең лайланды.
Дәстүр, ырым, жайымен құдай қалды,
Жалғыз ұлдан басқасы былай қалды.
Айдынның аққуының орнынан,
Көргендей, көзі тұнып құмайларды.

«Aққулар ұйықтағанда» ـــ суреткерлік техникасы ерекше жоғары өреде жазылған мұңлы, күйлі, зарлы, саф алтындай жарқыраған тәрбиелігі күшті ғажайып туынды. Мұндай шығарманы судан тұнық, сүттен ақ, адамдық ары таза, жүрегі пәк Мұқағали сияқты санаулы ақындар ғана жаза алады. Поэмадағы оқиғаның шарықтау шегі – тәуіп шалдың алдауына түскен ананың жалғыз баласын құтқару үшін ата салттан аттап аққуды ату барысы деуге болады. Ақын зарлы, мұңлы, бейбақ ананың, «Жетім көлдің» аққуынан айырылған қасіретін қатар өрбітіп суреттейді.

Көзі тұнған бейбағың,топ аққуға,
Білмей қалды мылтықтың атылғанын.
Көздің алды көк түтін, ақыл жарым
Білмей отыр жаңағы тыныштықтың,
Сүт ұйыған тегешін сапырғанын.

Ию-қию көл маңы,астан-кестең,
Жер айналып, тау құлап, аспан көшкен.
Жаңғырығып,жар салып,жартастар тұр,
«Жетім көлдің» қайғысын бастан кешкен,
Көріп-біліп, таныпты тастар да естен.

Алып аспан астына сия алмай бір,
Айдын көлін аққулар қия алмай жүр.
Мөлдіреген «Жетім көл» көкке қарап,
Мөлтілдеген көз жасын тия алмай тұр,
Айдын көлін аққулар қия алмай жүр.

Сан айналып,сұңқылдап ұшты-дағы,
Сапар жолға мезгілсіз түсті-дағы,
Бетін түзеп,батысқа бағыт алып,
Қарғыс атқан мекеннен көшті бәрі.

Ақын халқымыздың аққуды атпауы, өлтірмеуі, егер оны атса, өлтірсе жаман болады деген ырымын ескеріп оқиғаның соңғы шешімін поэманың үшінші бөлімінде қарт жылқышы аузынан былай сөйлетеді:

ـــ Әй, балам!
Болмады ғой, болмады ғой,
Қасиет кетті көлден, сорлады ғой.
Тәуіптің айтқанының бәрі өтірік,
Атқа мін, ауылға қайт, олжаны қой!

Мін атқа, қайт ауылға, тағат қыл да,
... Білмеймін сор аттың ба, бақ аттың ба?!
Аққуға кезенерде, ырым жасап,
Тым құрыса саусағыңды қанаттың ба?

Мұқағали Мақатаевтың «Aққулар ұйықтағанда» атты поэмасы ананың жалғыз ауру баласынан, «Жетім көлдің» аққуынан айрылған қайғылы трагедиямен аяқтайды. Мұқағалиды халықтың салт-дәстүріне жүйрік ірі ақын дедік. Ұлтымыз бүгінгі күні де аққуды ізгілік нышаны ретінде ардақтап келеді. Халық арасында әлі де аққудың қауырсынын бесіктің басына немесе балалардың омырауына, тақиясының басына ырымдап тағып келген салт-дәстүрі бар. Ал бұрынырақта бақсы-балгер, абыздар аққудың терісін басына киіп, оған сыйынатын әдеттер болған. Қазақта адам қайтыс болғанда оның бала-шағасы, туыс-туғандары зарлы әуен шығарып, дауыс айтып жоқтайтын салты болған. Осындағы мұңлы әуен аққудың зарынан келген деп қарайды.

Мұқағали ғұмыры да зарлы аққу тағдырына ұқсап кетеді. Ақын поэманың соңында мынандай керемет «Эпилог» жазған екен.

...Сол кеткеннен мол кеттім, оралмадым,
Жерді аңсаймын...
Жалғыз-ақ сол арманым.

Қиын екен, қимасың екі бірдей,
Көз алдыңда ғайып боп жоғалғаны...
Көрдің бе бір-біріне дүп келуін,
Бір қырсық бір қырсықпен шектелуін?
Балам-ай, мынау өмір дарияның,
Білмейсің қайда екенін өткелінің.

Аққулар...
Аңыз көп қой олар жайлы,
Көзіңмен көргеніңдей бола алмайды...
Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар,
Шошыса, екінші рет оралмайды.

Орнында екен «Жетім көл» жоғалмапты,
Ортаймапты немесе тола алмапты.
Жағалауын жауыпты жасыл жалбыз,
Қасиетті аққулар оралмапты.

Мұқағали жырына арқау болған аққуды қазақ халқы ізгіліктің нышаны деп қарайды. Киелі құс аққу албаты жерге, кез келген көлге қона бермейді. Ол су таңдап, жер талдап қонатын қасиетті, пәк құс. Егер жылда аққу келіп мекендеп жүрген бір көлге немесе жерге аққу аяқ астынан келмей қалса, сол өңірде бір жаманшылық болады, не жұт жүреді, не соғыс болып ел тыныштықтан айрылады. «Жетім көл», әне, сондай сұмдық тағдырды бастан кешіреді. Ақынның «Aққулар ұйықтағанда» атты поэмасындағы мұңлы әуен аққудың зарынан келген. Егер жұп аққудың бір сыңары өліп қалса немесе мерген біреуін атып алса, енді бір сыңары мәңгі басқа бір жұпқа қосылмай, өмірден сұңқылдаған күйде өтеді екен. Мұқағалидың әрбір өлең шумағы сай-сүйегіңді сырқыратады, аққудың зарлы әуенін естисің, өйткені Мұқағали зары мен аққу зары үндесіп жатады.

Нұрлан Сәрсенбаев,

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

Abai.kz

0 пікір