Сәрсенбі, 29 Сәуір 2026
Саңлақ 125 0 пікір 29 Сәуір, 2026 сағат 14:34

Тележұлдызға айналмаған тарландар

Коллаж: Abai.kz.

Басы: ТД-сыз дәуірдің дүлдүлдері

Футболдан әлем чемпионаттарының қай-қайсысында да ерекше көзге түскен үздік футболшылар болады. Өткен жолы біз 1930, 1934, 1938 және 1950 жылдары жақсы танылған жаһан футболының жампоздары жөнінде сөз қозғаған едік. Енді одан кейінгі доп додаларында жарқырай көрінген жұлдыздарға аз-кем тоқталамыз.

1954 жылғы доп додасынан бастап қана мұндай деңгейдегі футбол жарыстарынан тікелей телерепортаждар көрсетіле бастады. Дегенмен қазақ ауылдарына сол бір «қобдишаның» келе бастауына да әлі біраз уақыт бар-тын. Яғни бұл кезеңдегі футбол тарландарын да дәл қазіргідей нағыз  тележұлдыздар деуге әлі ерте еді.

Сурет: sportpanorama.by сайтынан алынды.

Зеңбірек

ХХ ғасырдың үздік футболшыларының бірі болып танылған венгр Ференц Пушкаштың ең жарқырай көзге түскен кезі – 50-жылдар еді. 1954 жылғы әлемдік доп додасында ол 3-ақ ойынға қатысса да, жұртшылық оны үздік ойыншы деп таныды. Соққысының қаттылығына қарай оны әріптестері «Зеңбірек» деп атайтын. Алайда шабуылшының да, команданың да тамаша ойнағанына қарамастан дүниежүзілік біріншіліктің алтын жүлдесі венгрлерге бұйырмады. Олар Швейцарияның Берн қаласында өткен финалда Батыс Германия футболшыларынан 2:3 есебімен ұтылды.

1927 жылдың 2 сәуірінде Будапештте дүниеге келген Ференц Пушкаш өз елінің «Кишпешт», «Гонвед» клубтарында ойнады. 1945 жылы Венгрия құрамасы сапындағы алғашқы ойынын өткізді (жалпы ол венгр құрамасында 85 ойын өткізіп, 84 гол соққан). 1952 жылы құраманың капитаны боп сайланды. Пушкаш бастаған Венгрия құрамасы сол жылы Хельсинкиде Олимпиада чемпионы атанды.

1956 жылы мажар елінде бұрқ ете түскен Кеңес Одағының езгісіне қарсы төңкеріс басып-жаншылған соң, Мадридке қашып кетіп, «Реалда» өнер көрсетті. Оның құрамында Чемпиондар кубогын жеңіп алды. 1962 жылы Испания құрамасының сапында әлем чемпионатына қатысты.

Сурет: sport-express.ru сайтынан алынды.

«Фонтан»

Тақырыпшаға қарап, «бір әріптен қате кетіпті-ау...» деп ойламаңыз. Өйткені сол кезеңдегі журналистер француз шабуылшысы Жюст Фонтэнге «голдардың фонтаны» деген айдар тағыпты.

Фонтэн 1933 жылдың 18 тамызында Мароккода дүниеге келген. Әкесі – француз, шешесі – испан. Марокконың «Марракеш», «Касабланка», Францияның «Ницца», «Реймс» клубтарында өнер көрсеткен ол Франция ұлттық құрамасында (1956-1960) 21 матч өткізіп, 30 доп соғыпты. Статистиктердің есептеуінше, ол жалпы футболшылық ғұмырында 320 ойын ойнап, 370 гол соққан!

1958 жылы ол құраманың негізгі құрамында емес еді. Тек шабуылшы Рене Блиар жарақат алып, тізімнен сызылып тасталған соң ғана соның орнын басқан Фонтэн бір чемпионатта 13 гол соғып, әлемдік рекорд жасады. Тағы бір тамаша көрсеткіш: ол – бір финалдық турнирдің барлық ойынында алаңнан голсыз кетпеген тұңғыш футболшы (бұл рекордты 1970 жылы бразилиялық Жаирзиньо қайталады).

1960 жылы ол аяғын екі жерден сындырып алып, небәрі 27 жасында футболмен қош айтысуға мәжбүр болды. Әйтпесе рекордтың көкесін көрсетер ме еді, кім біледі...

Сурет: reddit.com сайтынан алынды.

Халық қуанышы

Бразилияның осы бір ғажайып футболшысының толық аты-жөні – Мануэл (Манэ) Франсиско дос Сантос. Бірақ бүкіл әлем оны Гарринча деген лақап атпен таниды. «Гарринча» – Бразилияның таулы өңірлерінде ғана кездесетін, халық сенімі бойынша, адамдарға бақыт әкелетін кіп-кішкентай ғана құс екен. Футболшыны жұрттың неге олай атап кеткені қазір ешкімнің есінде жоқ, бірақ өзімен «аттас» құс секілді Гарринчаның да қаншама жыл бойы адамдарға бақыт сыйлағаны рас. Жанкүйерлердің оған «Халық қуанышы» деп айдар тағуы әсте тегін емес.

1933 жылы кедей отбасында дүниеге келген Манэнің табиғи кемістігі бар еді – оң аяғы сол аяғынан алты сантиметр қысқа болатын. Бірақ бұл оның футбол ойнауына кедергі бола алған жоқ. «Қайта түрлі финттерді меңгеруіне тіпті көмектесті» деп те жазады бразилиялық жылнамашылар.

Ұлттық құрама сапында 60 ойын өткізіп, 17 гол соққан шабуылшы ең әуелі 1958 жылғы әлем чемпионатында көзге түсті. Алғы шептегі Гарринча – Вава – Пеле үштігінің ойыны ғаламат еді. Ал 1962 жылы Пеле жарақат алып, саптан шығып қалған соң, ол шабуылдағы «бірінші скрипкаға» айналды. Мамандар Чилидегі әлемдік доп додасын бір ауыздан «Гарринчаның чемпионаты» деп атады.

«Ботафого», «Коринтианс», «Португеза», «Фламенго» клубтарында ойнаған.

1983 жылдың 20 қаңтарында қайтыс болған. Рио-де-Жанейродағы «Ботафого» клубының стадионында оған биіктігі 2,5 метрлік ескерткіш қойылған. Ел астанасы – Бразилиа қаласындағы стадион «Манэ Гарринча» деп аталады.

«Гарринча дүниеге бала боп келіп, сол бала күйінде кетті, – депті досы, талай жылғы командалас серігі Нилтон Сантос. – Ол титтейінен бір-ақ ойыншыққа – ала допқа ғана арбалған еді...».

Сурет: football-pitch.ru сайтынан алынды.

«Мозамбиктен шыққан қара маржан»

Португалия футболының жарық жұлдызы Эйсебиоға жанкүйерлер мен журналистердің тақпаған айдары жоқ: «Еуропалық Пеле», «Қара қабылан», т.б. Соның ішінде шабуылшыға майлы күйедей жабысқаны – «Мозамбиктен шыққан қара маржан» деген ат.

Осы лақап аттан көрініп тұрғандай, Эйсебио да Силва Феррейра 1941 жылы Португалияның Африкадағы отарларының бірі – Мозамбикте дүниеге келген. 100 метр қашықтыққа жүгіруден жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанған ол кейін футболға ауысқан. 1961 жылы «Бенфикамен» шарт жасасып, 14 жыл бойына лиссабондық клубтың намысын қорғаған, 9 рет ел чемпионы атанған. Ал 1962 жылы финалда Мадридтің «Реалын» жеңіп (5:3), Чемпиондар кубогын ұтып алған. Есеп 3:3 болып тұрған кезде шешуші екі голды соққан кім деп ойлайсыздар? Әрине, Эйсебио!

Жалпы, ол тумысынан сұрмерген болса керек. Жай оғындай жылдам шабуылшының соққысы да сойқан еді. Тіпті ол допты қатты жүгіріп келе жатып та тебе беретін: мұндай күтпеген соққылар талай қақпашыны қапы қалдырғаны анық. Эйсебио 6 рет Португалия чемпионатының сұрмергені атанды, кейде тіпті бүкіл Еуропада одан артық мерген табылмаған жылдар да бар. 1968 жылы 42, 1973 жылы 40 доп соққан гол «Алтын бутсы» жүлдесін иеленді.

Португалия құрамасының сапында 64 ойын өткізіп, 41 гол соққан «қара маржан» 2014 жылы қайтыс болды. Лиссабондағы «Эстадио Луж» стадионында оған көзі тірісінде-ақ ескерткіш қойылған.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір