Дүйсенбі, 26 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 137 0 пікір 26 Қаңтар, 2026 сағат 16:00

Қазақстанда активтерді қайтару қызметі құрылды

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры 2026 жылғы 6 қаңтардағы бұйрығымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару қызметі туралы ережені бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Аталған қызмет ҚР Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

Қызмет құрамына мыналар кіреді:

мониторинг, талдау және тексерулер басқармасы;

активтерді қайтару шаралары басқармасы;

Бас прокурордың аға көмекшісі (ұйымдастырушылық-бақылау жұмысы);

Бас прокурордың көмекшісі (халықаралық байланыстар жөнінде).

Қызметтің негізгі міндеттері:

"Мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы" заңда көзделген өкілеттіктер шегінде заңсыз иемденілген активтерді анықтау және оларды мемлекетке қайтару;

заңсыз иемденілген, оның ішінде елден шығарылған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған шараларды іске асыру;

активтерді қайтару мәселелері бойынша халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту;

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері мен Президент актілеріне сәйкес өзге де міндеттерді орындау.

Қызметтің функциялары:

мемлекет атынан және оның мүддесі үшін активтерді қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асыру;

активтерді заңсыз иемденуге, оларды елден шығаруға және қайтаруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ақпаратқа мониторинг пен талдау жүргізу, заңда айқындалған субъектілер мен олардың аффилиирленген тұлғаларына қатысты заңсыз шығарылған активтер туралы ақпаратты іздеу, жинау, өңдеу, жүйелеу және бағалау;

қайтаруға жататын активтерге аудит және бағалау жүргізу, оның ішінде үшінші тұлғаларды тарту арқылы;

активтің сатып алыну көздерінің (шығу тегінің) заңдылығын заңнамаға сәйкес тексеру;

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және лауазымды тұлғалардан ақпарат пен материалдар сұрату;

заңда көзделген әлеуетті субъектілерге және олардың аффилиирленген тұлғаларына қатысты, сондай-ақ өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеу және (немесе) жүргізу;

активтерді ерікті түрде қайтару туралы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және олар бойынша заңда белгіленген тәртіппен шешім қабылдау;

мүлікті тәркілеу және активтерді қайтару саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу;

активтерді қайтару жөніндегі қызмет нәтижелерінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету;

мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару мәселелері жөніндегі комиссияның тиімді қызметін қамтамасыз ету;

Конституциялық заңдарда, заңдарда, Президент пен Бас прокурордың актілерінде көзделген өзге де функцияларды орындау.

Қызметті оның басшысы басқарады және Қызметке жүктелген міндеттердің орындалуына, сондай-ақ функциялардың жүзеге асырылуына дербес жауапты болады.

Қызметтегі жалпы және құпия іс жүргізу прокуратура органдарындағы құжат айналымы қағидаларына және құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастырушылық-өкімдік актілерге сәйкес жүргізіледі.

Аталған бұйрық 6 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

Еске салайық, 2025 жылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы Бас прокуратураның кейбір функцияларын трансформациялау ниеті бар екенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ өткен жылдың желтоқсан айының соңында Активтерді қайтару комитеті Бас прокуратура жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта ұйымдастырылғаны хабарланған еді.

Abai.kz

0 пікір