Ашық қоғам ашық жүзден басталады...
Ұлттық құрылтайдың қорытындысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам үшін маңызды бірқатар мәселелерге назар аударды. Сол нәтижелердің ішінде қоғамдық орындарда бет-бейнені тануға кедергі келтіретін киім киюге қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі де бар. Мен бұл бастаманы дінге қарсы қадам емес, қоғамдық қауіпсіздік пен ортақ тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қажетті шешім деп түсінемін. Өйткені бет-бейнені бүркеу кейбір қылмыстардың алдын алуға да, оларды ашуға да нақты кедергі келтіріп отырғаны белгілі.
Қоғамдық орын – баршаға ортақ кеңістік. Көшеде, дүкенде, қоғамдық көлікте, мемлекеттік мекемеде жүрген кезде әр адам бір-біріне ашық болуы тиіс. Ашық жүз – сенімнің белгісі. Ал бет-бейнені толық немесе жартылай тұмшалау сол сенімге күмән тудырады. Оның үстіне, бүгінде көптеген қылмыстарды ашу, алдын алу тікелей адамның бет-әлпетін танумен байланысты. Камералар, куәгерлер, жедел іздестіру шаралары – бәрі осыған негізделген.
Шындықты мойындауымыз керек: бет-бейнені жасыру қоғамда кейбір қылмыстардың ашылуына кедергі келтіріп отыр. Бұл тек теория емес, тәжірибеде дәлелденген мәселе. Қылмыстың өзі де, оны жасыру тәсілдері де кейде діннен емес, керісінше түрлі фильмдерден, сериалдардан, интернеттегі материалдардан үйреніліп жатады. Қылмысқа үйрететін кино бар екенін бәріміз білеміз. Сондықтан мұны бір ғана діни факторға тіреп қою – шындықтан алыстау.
Осы тұрғыда мен бұл бастаманың діни тұрғыда да қарсы екенін көріп тұрған жоқпын. Ислам дінінде бет-бейнені тұмшалап жабу парыз ретінде бекітілмеген. Дін адамды әдепке, жауапкершілікке, қоғамға зиян келтірмеуге үндейді. Ал қоғамдық кеңістікте тәртіп сақтау – сол жауапкершіліктің бір бөлігі.
Қазақ қоғамында да бет-бейнені толық бүркеу дәстүрі болмаған. Ұлттық киімдеріміз ұят пен әдепті сақтауға бағытталды, бірақ адамның кім екені белгісіз болып қалатындай тұмшалануды көздеген жоқ. Сондықтан бұл мәселені ұлттық болмысқа қарсы қою дұрыс емес деп ойлаймын.
Біз демократиялық елміз. Демократия деген – тек құқық емес, міндет те. Әркім өз еркіндігін пайдалана отырып, басқа адамдардың қауіпсіздігіне зиян тигізбеуі керек. Қоғамдық жерде бүркеніп, тұмшаланып жүрген адамның ішінде кім бар екені белгісіз. Бұл – тек жеке мәселе емес, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты сұрақ.
Әкімшілік жауапкершіліктің енгізілуі де меніңше орынды. Себебі бұл бірден жазалау емес, алдымен ескерту, түсіндіру арқылы тәртіпке шақыру. Мұнда күштеу емес, қоғаммен тіл табысу бар.
Құрылтайда көтерілген бұл мәселе қоғамды бөлуді мақсат етпейді. Керісінше, қоғамды ойлануға, жауапкершілікке шақырады. Ашық қоғамда ашық жүз болуы тиіс. Ал ашық жүз – қауіпсіздік пен сенімнің негізі.
Құрметпен, Рустем Молдахметов,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің докторанты, исламтанушы
Abai.kz