Конституциялық сот Конституцияны қорғау керек!
ҚР Конституциялық
Сотының Төрайымы
Э.Ә.Азимоваға!
Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!
Президент: «Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын», - деді.
Мен Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл ұсынысын қолдаймын!
Енді, Құдай бұйырса, Құрылтайдың 145 депутаты партиялық тірім бойынша сайланады.
Бірақ, мына мәселеге Сіздің назарыңызды баса бұрғым келеді.
Конституцияның 33-бабының 2 тармағында: «Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар», - деп жазылған.
Бұл жерде — 33-бапта «РЕСПУБЛИКА ПАРТИЯЛАРЫНЫҢ» емес, «РЕСПУБЛИКА АЗАМАТТАРЫНЫҢ» деп көрсетілген.
Сондықтан, сайлаушылар ең алдымен РЕСПУБЛИКА ПАРТИЯЛАРЫНА емес, РЕСПУБЛИКА АЗАМАТТАРЫН сайлауға құқықты;
Ал, сайлануға ең алдымен РЕСПУБЛИКА ПАРТИЯЛАРЫ емес, РЕСПУБЛИКА АЗАМАТТАРЫ құқықты.
Егер, Құрылтай депутаттарын сайлау осыған дейінгі «сайлаулардағыдай» жалаң партияларға «дауыс беру» тәртібімен сайланса, онда Конституцияның 33-бабының 2-тармағы ӨЛДІ деген сөз! Жай емес, АРАМ ӨЛДІ деген сөз!!
Құрметті Эльвира Әбілхасымқызы!
Конституциялық Сот Конституцияның әр бабын көзінің қарашығындай қорғау керек!
Міне, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үш отырысы өтті, көз алмай қарап отырмыз, бұл мәселе туралы бір ауыз сөз айтылған жоқ.
Ендеше, Сізге сұрақ, Құрылтай депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлауда Конституцияның 33-бабының 2-тармағының сақталуы қалай қамтамасыз етіледі?!
Осы мәселе бойынша маған Өзіңіздің нақты жауап беруіңізді сұраймын!
Құрметпен,
Ауыт Мұқибек,
«Құрмет» орденінің иегері
Abai.kz