Азық-түлік 20%, дәрі-дәрмек 15% қымбаттауы мүмкін
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналинаның айтуынша, биыл азық-түлік 20%, дәрі-дәрмек пен киім 15% қымбаттауы мүмкін.
Қазақстандықтар үшін жағымсыз бұл болжам бірнеше факторға негізделген: теңгенің әлсіреуі, жаңа Салық кодексіне көшу және халық пен бизнес арасындағы тұрақты инфляциялық күтулер.
Еске сала кетейік, 2025 жылы азық-түлік бағасы бір жыл ішінде 13,5%-ға, ақылы қызметтер — 12%-ға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,1%-ға қымбаттаған.
— 2026 жылы жекелеген санаттар бойынша бағаның жергілікті деңгейде күрт өсуі мүмкін. Атап айтқанда, азық-түлік бағасы валюта бағамының ауытқуы, логистикалық факторлар және импортқа тәуелділік салдарынан 15–20% аралығында қымбаттауы ықтимал. Қызмет көрсету саласы мен реттелетін тарифтерде, сондай-ақ импортқа сезімтал азық-түлік емес тауарлар бойынша (техника, дәрі-дәрмек, киім-кешек, автокөлік бөлшектері) жекелеген позициялар 10–15% шамасында секірмелі өсім көрсетуі мүмкін. Компаниялар көбіне болашақ шығындардың артуын алдын ала бағаға енгізеді.
Мысалы, тұрғын үй нарығында құрылысқа қосылған құн салығын енгізу күтіліп отырғанының өзі бағаның 8–12%-ға өсуіне алып келді, ал реформаның өзі әлі іске асқан жоқ. Бұл инфляция Ұлттық банктің қатаң саясатына қарамастан, күтулер мен валюта тәуекелдері салдарынан жеделдеуі мүмкін екенін көрсетеді, — деп келтіреді қаржыгердің сөзін «Диапазон» басылымы.
Abai.kz