Сәрсенбі, 2 Қыркүйек 2026
Ақмылтық 774 0 пікір 2 Қыркүйек, 2026 сағат 14:01

Қырық алты жасында кім не бітірді?

Суреттер: ertenmedia.kz, abai.kz сайттарынан алынды.

Айбек Дәдебай бауырымыз 46 жасында Құрылтай Төрағасы болып тағайындалды.

Қазақ: «Ердің жасы — елу», - дейді.

Бұл тұрғыдан қарағанда, Айбек Арқабайұлы ердің жасына әлі жете қойған жоқ, оған әлі төрт жыл бар. Ал, Қазақстан халқының орташа өмір сүру ұзақтығы 75,3 жас екенін ескерсек, Айбек Дәдебайдың жасы орта жастан асып жығылады екен.

Қалай десек те, Айбек бауырымыздың бұл жасы — нағыз толысқан, деген кемеліне келген жас!

Бүгін «Қазақтың аты аңызға айналған айтулы тұлғалары 46 жасында не бітірді екен, қандай биікке көтерілді екен, қандай жетістікке жетті екен?», - дегенді ойлап, ашық ақпарат көздерінен тексеріп көрдім.

Ыбырай Алтынсарин 46 жасында тұңғыш қыздар училищесін ашыпты; Қарабұтақ мектебінің негізін қалапты.

Кемеңгер Абай 46 жасында ел арасына кең таралған, жұрттың аузынан түспейтін атақты «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Күшік асырап, ит еттім...», «Жүрегім, ойбай, тыныш отыр...»,«Базарға қарап тұрсам, әркім барар...» атты классикалық өлеңдерін жазыпты.

Сонымен бірге, Абайдың Екінші қара сөзі (қазақ пен өзге халықтарды, оның ішінде өзбек, орыс, ноғайларды салыстырып, ғылым-білімге ұмтылуды сөз ететін шығармасы) мен Үшінші қара сөзі (ел басқару жүйесі, болыстар мен билердің сайлануы, халықтың мінез-құлқы мен құқықтық мәселелері терең талқыланатын ең көлемді қара сөздерінің бірі) де дәл осы 46 жасында жазылған екен.

Әлихан Бөкейханов 46 жасында патша өкіметінің шешімімен туған елінен қуғындалып, Ресейдің Самара қаласында саяси айдауда жүріпті.

Дінмұхамед Қонаев 46 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы (Үкімет басшысы) қызметін атқарыпты.

Мұхтар Әуезов 46 жасқа келгенде атақты «Абай» романын жазып бітірген болып шықты.

Қалибек хакім Райымбекұлы 46 жасында елін коммунис Қытай үкіметінен алып қашып, Гималай тауынан асып, Үндістанның Кәшмір аймағына жеткізген екен.

Қалибек хакімнің мен жүктеген әйгілі фотосын сол Кәшмірде АҚШ-тың атақты The National Geographic журналының тілшілері түсіріпті.

Өзбекәлі Жәнібеков 46 жасында Қазақ КСР Мәдениет министрінің орынбасары қызметіне тағайындалыпты.

Шыңжаң Партия комитеті мен Үкіметінде қырық жыл ең жоғары және аса жауапты қызмет атқарған Жәнәбіл Сымағұлұлы 46 жасында Пекинге барып, сол кездегі Қытай компартиясының Бірінші хатшысы Ху Яубаңға кездесіп, одан ары атақты Дэн Сяопинге жолығып, Уаң Ынмауды Шыңжаң өлкесіне Бірінші хатшылыққа аттай қалап сұрап алғаны мәлім.

Нұрсұлтан Назарбаев 46 жасында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы (Республика Үкіметінің басшысы) қызметін атқарыпты.

Қасым-Жомарт Тоқаев 46 жасында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметіне тағайындалыпты.

Мұның бәрі уақыт пен заман өзі тудырған тұлғалар мен қайраткерлер. Тізе берсек, қазақ тарихында 46 жасында тарихи жетістікке жеткен мұндай тұлғалар аз емес. Қазақтың біраз мықты тұлғаларының 45 жасында өмірден өткені де шындық.

Айбек Дәдебайды Президент сенім артып, Құрылтай Төрағалығына ұсынды. Құрылтай депутаттары Ол кісіні бір ауыздан қолдады.

Айбек Арқабайұлы бауырымыздың аталған аталары мен ағалары зор жетістіктер мен биік тұғырға отырған дәл 46 жаста Құрылтай төрағасы болып тағайындалуы, мемлекеттік лауазымдағы алдыңғы үш тұлғаның қатарына ілінуі — жай оқиға емес деп ойлаймын. Бұл сәйкестікті мен жақсылықтың нышаны деп ырымдадым…

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 418
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 1535
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 391
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 368