Ашық диалог пен цифрлық сервистер: Қарағанды облысында «Құқықтық тәртіп әліпбиі» акциясы өтті
Қарағанды облысында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқық тәртібінің әліппесі» акциясы өтті.
Іс-шара «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының базасында ұйымдастырылып, облыстық прокуратура жанындағы Жобалық кеңсенің қолдауымен «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында өткізілді.
Акция аясында ұйымдастврылған негізгі іс-шара — Достық үйінің конференц-залында өткен дөңгелек үстел болды. Жиынға облыстық прокуратураның, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері, депутаттар мен жұртшылық қатысты. Кездесу барысында мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы өзекті мәселелер, цифрлық сервистерді дамыту және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыру жолдары талқыланды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің айтуынша, «Құқықтық тәртіп әліпбиі» акциясы аясындағы бұл жұмыс өткен жылдың қазан айынан бастап жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
— Біз прокуратура, полиция, әкімдіктер және өзге де мемлекеттік органдардың қызметімен кезең-кезеңімен танысып келеміз. Бұл үдеріске мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері белсенді түрде тартылған. Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысымен таныстық. Барлық қызметтер қатаң түрде заң аясында көрсетіледі. 2004 жылы үйден шықпай-ақ құжат алу идеясы қиял-ғажайып сияқты көрінсе, бүгінде бұл күнделікті тәжірибеге айналды, — деді ол.
Акция аясында көшпелі іс-шаралар да ұйымдастырылды. Қоғам өкілдері халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, әлеуметтік блоктың, жылжымайтын мүлікті тіркеу және жер кадастры органдарының жұмысымен танысты.
Қатысушыларға мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі жан-жақты түсіндіріліп, қойылған сұрақтарға жауап берілді.
«Құқықтық тәртіп әліпбиі» акциясы атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарумен аяқталды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытуға, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Abai.kz