Бейсенбі, 29 Қаңтар 2026
Әдебиет 302 0 пікір 29 Қаңтар, 2026 сағат 13:36

Өлеңмен орнатылған алтын ескерткіш

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

 

Жазушы, этнограф, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мұқағалитанушы Нұрлан Сәрсенбаев ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Нұрлан Тоқтасынұлының қарымды қаламынан туған еңбектері мен кітаптары, республикалық басылым беттерінде жарық көрген публицистикалық талдамалы мақалалары, ой-тұжырымдары Мұқағали шығармашылығын жаңа қырынан ашып, ақындық болмысын жан-жақты танытты.

Нұрлан Тоқтасынұлы Мұқағалитану саласына ерекше ден қоя отырып, бұл бағытта еліміздің әдебиеті мен руханиятына қосылған қазыналы дүниелер берді. Атап айтқанда, 2016 жылы Бейжіңде «Мұқағали керуені» атты зерттеу еңбегі басылса, Қазақстанда 2017 жылы «Ан-Арыс» баспасынан аталған еңбектің толықтырылған, жаңартылған нұсқасы «Мұқағали керуені» деген атпен екінші мәрте жарық көрді. Жуырда республикалық «Үш қиян» баспасынан Нұрлан Сәрсенбаевтың Мұқағали Мақатаев шығармашылығын зерттеуге арналған кезекті үшінші кітабы «Мұқағали мәртебесі» деген атпен оқырманға жол тартады.

Талантты ғалым Нұрлан Сәрсенбаев мұқағалитануға қатысты кең құлашты еңбектер жазып қана қоймай, ақынның мерейтойларына орайластырылған алқалы жиындарға тұрақты қатысып, ғылыми баяндамалар жасап келеді. Н.Сәрсенбаевтың ғылыми баяндамаларында ақиық ақынның өлеңдеріндегі ойшылдық, ұлттық философия, парасат пен пайым, таным көкжиегі, зерделі тұжырымдар ғылыми тұрғыдан талданып, терең мәні бар концептуалдық ойлар мен идеялар көрініс тауып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда Нұрлан Тоқтасынұлы Мұқағали Мақатаевтың әдебиеттегі орнын ғана емес, ХХ ғасырдағы қазақ ойшылдығының кеңістігімен сабақтастыра зерттеуі де мұқағалитану ғылымындағы жаңа бір қадам деуге толық негіз бар. 2011 жылы шілде айының соңында Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына қатысып, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жасаған «Мұқағали мәртебесі» баяндамасын ғылыми қауымдастық мүшелері де жоғары бағалады. Нұрлан Сәрсенбаевтың Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай жазған «Ұлт рухының ұлы суреткері» атты мақаласы арнайы жүлдеге ие болғаны қарымды қаламгердің еселі еңбегіне берілген лайықты баға.

Нұрлан Тоқтасынұлы ақиық ақын шығармаларын Қытайдағы қазақ оқырмандарына таныстыруға, белсенді насихаттауға атсалысқан азамат. Қаламгердің «Болашаққа бет алған – Мұқағали керуені» («Іле газет», 17 маусым, 2011 жыл), «Қарасаз – қара шалғын өлеңде өстім» («Іле газеті», 30 тамыз, 2011 жыл және «Шыңжаң газеті», 2 қыркүйек, 2011 жыл), «Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев» («Іле айдыны» журналы, 2015 жыл, 1-сан), «Аққулар ұйықтағанда» атты поэма шерткен сыр), («Шұғыла» журналы, 2015 жыл, 5-сан) т.б. ұлы ақынды әр қырынан зерттеген 10-нан астам мақаласы жарияланды.

Қаламгер республикалық «Мұқағали» журналының белді, тұрақты авторларының бірі. Зерттеушінің қаламынан туған «Өлеңмен орнатылған ескерткіш» («Мұқағали» журналы, 2016 жыл, №2 11-12), «Мұқағали мен Фаризаның өнер сабақтастығы» («Мұқағали» журналы, 2018 жыл, №1), «Мұқағали және Еркін» («Мұқағали» журналы, 2018 жыл, №3), «Ұлт рухының жыршысы» («Мұқағали» журналы, 2018 жыл, №4), «Мұқағалидың жыр керуені», («Мұқағали» журналы, 2018 жыл, №6), «Қай жерде қазақ бар– Мұқағали сонда») («Мұқағали» журналы, 2020 жыл, №4), «Мұқағалидың мұңлы күнделігі» («Үркер» журналы,2020 жыл, №4), «Мұқағали «Күнделігіне» зер салғанда» («Жұлдыз» журналы 2021 жыл, №1), «Болашаққа керуен тартқан Мұқағали»  («Ақиқат» журналы, 2021 жыл, №12), «Ұлт рухының ұлы суреткері» («Мұқағали» журналы, 2022 жыл, №3), «Аққулар ұйықтағанда» атты поэма шерткен сыр» («Үркер» журналы,2023 жыл, №9) т.б. мақалалары мұқағалитануға қосылған сүбелі еңбек деп айтуға болады.

Жинақтап айтқанда, жазушы, этнограф Н. Сәрсенбаев Қазақстан, Қытай сынды екі ел қазақтарына Мұқағали мұрасын насихаттау мен зерттеуде үлкен еңбек сіңірген қаламгер.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы

ұқағалидың «Райымбек! Райымбек!» атты дастанын сөз еткенде)

Қазақ халқының біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевтің қазақ пен жоңғар арасындағы қиян-кескі соғысты арқау етіп жазған «Райымбек! Райымбек!» атты кесек дастаны ардагер ақын көзі жұмылған соң бес жылдан кейін, яғни 1981 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің қараша айының 26-27-28-күндеріндегі үш санында қатар жарияланып, қалың оқырман арасында үлкен аңыс қозғаған еді. Ақын бұл дастанын ертерек жазса да белгілі себептерден баспа бетінде жарық көрмеген. Дастан жарияланысымен-ақ белгілі сыншы Бақыт Сарбалаұлы «Халық тағдырын жырлаған» деген тамаша мақаласын жазып, оқырман жұртшылығын жалт қаратты.

Мұқағали жазған бұл көлемді тарихи дастанда халықтың атақты қас батыры Райымбек Түкеұлы Қангелді немересінің жасаған дәуірімен танысуға тура келеді.

Тарихи деректерде жазылуына қарағанда жоңғар хандығы XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың орта шеніне дейін қазақтың жер-суын басып алу мақсатымен талай рет жойқын шабуылын жасады. Сол шабуылдың ең айтулысы, қазақ халқының мәңгі естен кетпейтін 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» аталған қайғылы, зарлы оқиғаны ерекше сөз етуге тура келеді. Бұл соғыста қазақтар қатты жеңіліс тауып, шаңырағы ортасына түсіп, торғайдай тозып, ата жұртын тастап, босқынға ұшырады. Сол тұстарда елім деп еңіреген Қабанбай, Қангелді, Бөгенбай, Барақ, Наурызбай, Қарасай, Райымбек, Өтеген, Аралбай, Жәнібек, Есенгелді, Бәйсейт, Қарақұл, Қаржау, Малай қатарлы халқымыздың жау жүрек батырлары елін, жерін қорғау жолында ерен ерліктер көрсетті. Бірақ қазақтың хан-сұлтандарының алтыбақан алауыздық, берекесіздік, дәрменсіздігінен халық ауыр жеңіліске ұшырады. Ата мекенінен айырылған халық «Елім-айлап» зарлы да мұңлы әнін салып, көкірегіне қайғылы шер байланды. Ата мекенінен айырылып, баспанасыз қалған, сергелдең болған халық көз жасын көлдетіп, өз тағдырын қара өлеңмен былай жеткізеді.

«Қара таудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.

 

Мынау заман қай заман – қысқан заман,

Басымыздан бақәулет ұшқан заман.

Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,

Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

 

Мына заман қай заман – бағы заман,

Баяғыдай болар ма тағы заман?

Ата қоныс, туған жер қалғаннан соң,

Көздің жасын көл қылып ағызамын.

 

Мына заман қай заман, қай-қай заман,

Ұл айырылған атадан дай-дай заман.

Бауырынан айырылған жаман екен,

Күн бар ма екен, көрісер есен-аман!» – деген халық шығарған«Елім-ай» атты трагедиялық әні.

Ал ақиық ақын Мұқағали ел басына түскен ауыр күндерді, халық көзінен аққан қанды жасты, «Ақтабан шұбырынды» заманындағы үркін-қорқынды, жоқшылық, босқыншылық жайлаған зар заманды «Райымбек! Райымбек!» атты дастанның алғашқы беташарында былай бейнелеген. Соның бірі:

«Қара таудың басынан көш келеді,

Қара жорға шайқалып, бос келеді.

Қара күнді жамылып, қара қазақ

Қара түнді басынан кешкен еді.

Қара қайғы көрсетпей ештеңені,

Қара жауы қанатын кескен еді.

Шұлғау болып қыздардың кестелері,

Талай қара шаңырақ өшкен еді.

Қара таудың басынан көш келеді....» – деп «Елім-ай» атты атақты халық әнінің бірінші жолын кірістіру арқылы бүкіл шығармаға әр беріп, көркем сөз саптау шеберлігін ең жоғары деңгейге көтеріп, ұлтымыздың дәстүрлі қара өлеңіне мұрагерлік етіп және оны байытып жаңаша стиль қалыптастырды. Мұқағали өлеңдерінің құдыреті мен парасаттылығы оның тіл саптау шеберлік техникасының жоғарлығынан болса керек.

«Мұқағали Мақатаев екінің бірінің еншісіндегі тәтті, жеңіл, үйреншікті жайларды жазып отырған жоқ. Мыңның бірі ғана жырлар, жырлай алар жәйітті өлеңіне қорғасын өзек еткен. Ақын нысанасы – тарих. Тарих болғанда да қазақ халқының жер басып, түтін түтеткеннен бергі ғұмырындағы ең берекесі қашып, белі кеткен тұсы – бүкіл тағдыры, болашағы, жарық дүниеде тірі жүрер-жүрмесі таразының өмір және өлім атты қос басына қалтылдап түскен сәті» («Поэзия, менімен егіз бе едің». «Шыңжаң халық баспасы», 2004 жыл, желтоқсан, 94-95 -бет), – деп пайымдаған екен.

Райымбек тұтас қазаққа аты әйгілі батыр. Оның ұлы атасы Қангелді, арғы атасы Сырымбет қазақтың үш жүзіне бірдей танылған батыр-би болған кісілер. Райымбектің балалық, жастық шағы жоңғарлардың қазақ даласына қайта-қайта шабуыл жасаған аумалы-төкпелі тар заманға тура келді. Елді қайғы, жерді өрт жалмады. Ақын Мұқағали:

«Қара жұртта бықсыған шала қалған,

Аналардан ес кеткен, балалардан.

Тал да таппай қармауға жағалаудан,

Ақыл қашқан адыра бабалардан.

Қандай қарғыс атты екен қайран елді...

Қайда барып тығылар паналауға...

 

Қайда барып, қалжырап жатыр екен?

Қандай сордың сортаңын татар екен?

Көп болса да болса екен қазақ жері,

Қазақ жері болғасын – Ата мекен, – деп босқын болған елдің ауыр тағдырын дәл суреттейді.

Мұқағали осы дастанында ірі тарихи тұлға Райымбек батырды басты кейіпкер етіп жырлау арқылы жоңғарлардың қазақ даласын басып алған аянышты халін, қара халықтың ата мекенінен айрылып, тоз-тоз болған сұмдық тағдырын, ер басы мен ат басы сайда қалған заман тақсыретін тұтас күйзелген ел атынан көз жасын көл ете отырып жазады. Мұқағалидың өз замандас ақындарынан әлдеқайда мойны озық, иығы биік екендігі Жоңғар хандығы мен Қазақ хандығы ортасындағы өліспей-бітіспейтін күрделі әлеуметтік қиын тақырыпты таңдап алуынан байқалады.

Мысалы:

«...Көш келеді, боздатып боз даланы,

Көз ұшында боз сағым қозғалады.

Әлдекімнің естілсе созған әні,

Әлдекімдер аңырап жоқтау айтса,

Әр кеудеде бір шемен қозданады

Әр қазақтың естіліп боздағаны.

 

Қауқары жоқ қайран жұрт, қайран халық,

Сайран салып жатушы ең, жайлау барып.

Опат болып, ақ ордаң ойрандалып,

Қара жауың әкеліп қара қайғы,

Тас уатты-ау төбеңе тайраң қағып.

Аңырауды доғарып, аттан қазақ!

Алты жасар ұлыңды майданға алып..

 

Шұбатылған шаң көріп алыстағы,

Қабай жырау жар сала дауыстады:

Жау келеді, жұртым-ау, жау келеді!

Жаудан қалған жемтікке жабысқалы,

Тағдырыңды біржола тауысқалы...

Сап түзеді қажыған нар боздақтар,

Қара жaумен қайтадан алысқалы,

Қайта қозып қазақтың намыстары», – деп намысы қайта қозған ел атынан, жер атынан ұран салады. Ақынның бұл шығармасындағы әрбір шумақ өлеңін әлденеше қайталап оқысаң да жүрегіңді сан толқытып, ұлттық рухыңды сан рет қайта қоздатады, оқыған сайын жаңарып, құлпырып тұрады.

Тарихи деректерге қарағанда жоңғар хандығы Суан Рабдан басшылығында 1698, 1711, 1712, 1714, 1718, 1723, 1725 жылдары арт-артынан жеті рет ең үлкен шабуыл жасап, ешқандай дайындығы жоқ жатқан қазақ халқын ауыр апатқа, қатты қырғыншылыққа ұшыратып, қаралы күй кешеді. Осы зар-заманды ақын Мұқағали былай жеткізеді:

«Қиқулаған қалың қол, құйын дерсің,

Қайтып оған шағын жұрт тыйым берсін.

Тозған жұртты топырлап, талап кетті,

Қатыгез жау қайсы бір бұйым көрсін.

 

Боздақтардың желкесін шайнап кетті,

Қалған малды қайтадан айдап кетті,

Қанжығаға байланған қыз-келіншек,

Бозторғайы шырылдап, сайрап кетті.

Хас батырдың көзі еді қара жорға,

Қара жаудың астында ойнап кетті.

 

Тұяқ та жоқ тігерге дым қалмаған,

Жау жалмаған жабысып, құм жалмаған,

Сырлар бар-ау қойныңда туған далам.

Ақтарылған қанынан қазағыңның,

Құзғыны да құдайдың құр қалмаған.

Сенде ме?..

Сенде сұмдық сыр бар, далам...».

Ақынның «Райымбек! Райымбек!» атты дастаны үш бөлімнен құралады. Дастандағы Қабай жырау Мұқағали жағынан жасалған ел қамқоры болған негізгі кейіпкер. Ал кейбір зерттеушілер дастандағы Қабай жырауды бергі заманда жасаған Албан тайпасының Алжан руынан шыққан Қабай жыраумен шатастырып жүр. Бұл тарихи шындыққа жанаспайды. «Іле кеші» газетінің 1998 жылғы наурыздың 25-күнгі санында жарияланған «Қабай жырау хақында» атты мақалада «Қабай Қазақстан Республикасының Нарынқол ауданының Қарасаз деген жерінде 1839 жылы дүниеге келіп, 1924 жылы сол жерде дүниеден өткен. Деректерге қарағанда, кезінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасы туралы дастан жазған екен. Қабай жыраудың ел мұңын жоқтап жазған жырлары аз емес екендігі де шүбәсіз» деп айтылады. Өйткені Мұқағалидың атасы Мақатай жас жағынан Қабай жыраумен замандас болуы мүмкін. Ал ақын дастанындағы Қабай жырау әрі әулие ретінде суреттеледі.

«Қан сасыған далаға қарайды да,

Қуған боп жүр құзғынды Қабай жырау:

Пәруәрдігер, не қылған сұмдық еді!

Өңім бе, әлде түсім бе, қалай мынау?!

 

Боздақтардың даланы бояп қаны,

Құзғындарда әнеки тояттады...

Өңім болса, тәңірім, тарт жанымды,

Түсім болса, ұйқыңнан оятпағын?

Оятпағын, мәңгілік оятпағын?!

 

Байқап еді өліктің қозғап бәрін,

Бәрі де өлік, бірі де сөз қатпады.

Қабай жырау басы ауған жаққа кетті,

Құзғындарға қалдырып боздақтарын...

 

Кете барған, артына бұрылмаған,

Аят оқып, ішінен сыбырлаған.

Қозыкөш жер қырғыннан ұзағанда,

Құлын дауыс естілді шырылдаған.

 

Ат үстінен баланы алдына алып,

Бір алданыш тапқандай шал жұбанып.

Қырғын көрген қызыл күн қырдан асты.

Қызыл күрең қанына тауды малып.

 

Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,

Мен де көпке бармаспын, сен қаласың.

Ойран болған ордаңның орнына кеп,

Отау тігіп, оттарын сен жағасың– деп ақын Қабай жырау атынан есі кеткен ел тағдырына ботадай боздайды.

Қабай – шаңырағы ойрандалып ортасына түскен, қызыл қырғын көрген, ата жұртынан айрылған халықтың кемеңгер, қормал қарты, от ауызды, орақ тілді жырауы. Қабай жырау оты өшкен елден қалған жалғыз баланы алып әулиенің зиратының басына келеді. Ақын Қабай жырауды былай сөйлетеді:

«Елінің есін кіргізер,

Жерінен малын өргізер,

Жауына зауал төнгізер,

Қырық пышақ хандарды,

Қылығына көнгізер,

Дегеніне сенгізер,

Соңынан жұртын ергізер,

Бар қазақтан бір қазақ

Тумас па екен, әулие?!

 

Көкірегім күркілдеп,

Көзімнің асты көлкідеп,

Ақ сақалым желкілдеп,

Кәрі басым селкілдеп,

Бас ауған жаққа барамын.

Іздесем кімді табамын?

Бағыт сілте, әулие?!

 

Айтса тілін алдырған,

Алмастан оғын жондырған.

Ата қазақ баласын

Алақанға қондырған,

Бар қазақтан бір қазақ,

Табар ма екем, әулие»? – деп қырғын тапқан ел-жұрт атынан әулиеге сиынып тілек тілейді. Ел басына күн туған алмағайып заманда елім деп еңіреген ер туса екен деп армандайды.

Райымбек 13 жасқа келгенде мәлім бір байдың асында әкесі Түкенің жалдас күреңіне мініп ат бәйгеге түседі. Ат бәйгеде бала Райымбек өз атын өзі ұран етіп шақырады. Дүйім асқа жиналған ел Аллалап жағасын ұстап, аруақтарға сиынады. Райымбектің бұл қылығы қазақ даласының салт-дәстүріне қайшы еді. Өйткені сол заманда бір тайпалы елдің немесе бір рулы елдің аруақты батырларының аты ғана ұран етіп шақырылатын еді. Дәл осы көріністі Мұқағали тіл құдыретімен өте шеберлікпен суреттеп жеткізеді.

«Қу даладағы құйын ба дерсің ойнаған,

Қыран ба дерсің, қылт еткен құсты қоймаған.

Өз атын өзі ұрандап бала келеді,

Қамшы сабына жейдесін ту ғып байлаған.

 

Жайына қалып, өлі аруақ пенен тірі аруақ,

Келеді бала, есімін өзі ұрандап.

Тірілер шошып, жағасын ұстап, тұр аулақ,

Өлгендер көрде, түскен де болар бір аунап,

Келеді қыршын есімін өзі ұрандап.

 

Доғара қойып, ойын мен дырду, сауықты,

Бір сәтке қауым ішінен тына қалыпты.

Он үшке толған Түкенің ұлы Райымбек,

Қазаққа алғаш өстіп өзін танытты».

Міне, осындай тамаша жыр шумағы арқылы ақын Райымбек образын сомдай түскен.

Райымбек Түкеұлы XVIII ғасырда өмір сүрген, қазақ халқынан шыққан аты әйгілі батыр екені барша жұртқа мәлім. Оның арғы бабасы Сырымбет Албан тайпасының атақты билерінің бірі, әрі Алжан руына ұран болған адам. Атасы Қангелді аты затына сай ел қорғауда егей еңбек сіңірген атойшыл батыр, ұлы жүз қазақтарының бас қолбасшысы болған.

Ал Мұқағали ақынның:

«Күрең ат тарпып, қара темірді шайнаған,

Қыбыр да жыбыр, күбір де сыбыр айнала.

... асасын ұстап, Әлмерек дейтін би келді,

– Жеті бабасын жерге қаратқан қай бала?..

 

Е-е-е, Түкеңнің ұлы – түлейдің ұлы сен бе едің?

Осы болған ғой түлей әкеңнен көргенің.

Сасық көкектей, өз атыңды өзің ұрандап...

Сырымбет пенен Қангелді сенен кем бе еді?» – деген жыр шумағынан Әлмерек бидің халқымыздың салт-дәстүріне қайшы келетін бала Райымбектің өз атын өзі ұрандаған ерсі қылығын сөгеді.

Бұған Қабай жырау араша түсіп:

«– Оу, ағайындар!

Жәбірлемеңдер баланы,

Жәбірлейтіндей қайсыңа тиді залалы?

Бұл да бір асау, құрық көрмеген құлын ғой,

Желісін үзіп, сендерден қайда барады.

 

Барада қоймас, ұзай да қоймас сендерден,

Сендермен бірге тағдырын тәңір тең бөлген.

Өз атын өзі ұрандағанның несі айып?

Аузына салып, періште шығар дем берген.

 

Жауына шапса өз атын өзі ұрандап,

Қолдамас па еді өлі аруақ түгіл тірі аруақ.

Есі бар тентек есейе келе ер болар,

Ерік беріңдер, не қыласыңдар бұғаулап..». – дейді.

Мұқағали Мақатаевтің «Райымбек! Райымбек!» дастаны қазақтың қара өлеңі дәстүріне мұрагерлік еткен батырлық жыр үлгісінде жазылған кесек көркем шығарма.

«Ал, ақынның «Райымбек! Райымбек!» поэмасы көркемдік шеберлігімен қатар, қазақ тарихының қатпарлы тарихына батыл баруымен, тарихи аса ірі тұлғаның әдеби-көркем бейнесін алғаш рет даралап сомдауымен тағы да бір жаңа белесті ашты. Жұртшылық, алдында айтылмай келген батырдың тұлғасын сомдады» («Іле кеші» газетінің 2011 жылы тамыздың 12-күнгі саны).

Қазірге дейін мұндай көркемдік құны жоғары, кемелді де, кесек дастанды Мұқағалидан асып ешкім жаза алған жоқ. Бұл дастанның оқиғасына қазақ пен жоңғар жауласқан үлкен тақырып арқау етілген. Райымбек батыр арқылы аумалы-төкпелі замандағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасы тұсындағы халқымыздың бастан кешкен ауыр тағдыры сөз болады. Райымбек батырдай ірі тарихи тұлға арқылы сол заманда жасаған халықтың ата-мекенінен айырылған босқындық өмірі суреттеледі.

Дастанда Райымбек батыр, Қабай жырау, Әлмерек би қатарлы санаулы тарихи кейіпкерлер бар. Албанның атақты Әлмерек биі Райымбек батырға мынандай шарт қояды.

«Бет алыпсың, халайық бұрылмасқа,

Қалауыңды қақым жоқ ұғынбасқа.__

Бір шартым бар “батырғақоятұғын,

Жамыраспа, бет алды, шуылдаспа.

 

Басын тартпас, .батыр. ғой несі кетсін,

Басын тартса, сөз басқа, есі кетсін.

Топ ішінен таңдаған атын мініп,

Мына жатқан Ілені кесіп өтсін!

 

Кесіп өтсін, қайтадан оралсын да,

Дуылдасқан дау-шарды доғарсын да,

Ақ күн тусын алдынан, тарта берсін,

Таңдап-таңдап елінен қол алсын да.

 

Шартым – осы!

Осыған шыдайсың ба?

Шыдамасаң тынасың, құлайсың да.

Болсаң сосын боларсың, қол бастарсың.

Алдыменен бағыңды сынайсың да.

Шыдайсың ба?

Бағыңды сынайсың ба?..»

Райымбек батыр Әлмерек бидің қойған шартын орындайды. Ел биі Райымбектің ерлігіне ақыры көз жеткізіп, ақ батасын беріп, елді Райымбек батыр бастап ата жауымен шайқасқа шығуға рұқсат береді. Мұқағали ақын бұл істің ең соңғы шешімін Әлмерек би аузынан былай айтқызады.

«– Дауасы жоқ жан екен, оты жанған,

Ілесіңдер осыған оты барлар!

Су жол берген батырға мен жол бермей,

Қамауда ұстап қыранды отыра алман.

 

Барыңдар, әкеліңдер салға салып,

Сынайын сырттаныңды жауға салып.

Қиыннан құйылып кеп, қиратсын бір,

Қатарын бөрілердің қан-жоса ғып.

 

Дауасы жоқ жан екен жаратылған,

Тұлпар екен тұғырдан дара туған.

Қамауда ұстап қыранды отыра алман,

Ұшсын, кетсін жай атып қанатынан.

 

Қангелдінің сауытын кигізіңдер,

Қыннан алып, қылышын сүйгізіңдер.

Сырымбеттің туының алдына әкеп,

Тәубе еткізіп басын да игізіңдер».

Мұқағали Мақатаевтің «Райымбек! Райымбек!» атты дастаны тарих сынағынан сүрінбей өтетін баға жетпес құнды туынды.

Біз Мұқағали арқылы Райымбек батырды, Райымбек батыр арқылы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасы тұсындағы қазақ халқының батырлығын, ерлігін, ұлттық рухын таныдық. Сөз ардагері Мұқағали осы кесек дастаны арқылы батыр бабасы Райымбектің басына мәңгілік өлеңмен алтын ескерткіш орнатып кетті.

Мұқағалидың Райымбек батыр туралы жазған дастанының тұтас тұлғасына зер сала қарасақ мынандай басты ерекшелігін байқаймыз.

Бірінші, Мұқағали қазақтың батырлық жырының дәстүріне мұрагерлік еткен ұлттық рухқа бай керемет ақын. Оның кей өлең шумағынан тарихта өткен алып жыраулардың жыр үлгісінің асыл сөз зергерлігі байқалып жатады.

Екінші, Мұқағали Райымбек батыр дастаны арқылы қазақтың қара өлеңіне мұрагерлік етіп және дамытып, қазақтың батырлық жырын аса үлкен шеберлікпен жазба әдебиет деңгейіне көтерген ірі ақын.

Үшінші, ақынның «Райымбек! Райымбек!» атты дастаны тіл саптау шеберлігі, ұлттық бояуы, оқиғасы, құрылымы, мазмұны қатарлы жақтан жан-жақтылы жетілген дара стиль байқатқан кемелді шығарма.

Бұл дастан XX ғасырдағы қазақ ақындарының жазған шығармаларының ішіндегі шоқтығы ең биік, көркемдік деңгейі ең жоғары, төл поэзиямыздың алтын қорына қосылған мәңгілік туынды.

Нұрлан Сәрсенбаев жазушы, этнограф

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір