Неге артқа шегініп барамыз?
IQ рейтингі бойынша 80-ші орынға түстік. Өткен жылдары 60-шы орындарда едік. Биыл Өзбекстан 75-орында тұр. Бірінші болып Оңтүстік Корея тұр, екінші орында Қытай және т.т. Біз неге артқа шегініп барамыз?
Менің ойым былай:
– Бізді қоғамды жайлап алған коррупция мектепте де көрініс тапты ‑ ол білім сапасына кері әсерін тигізді. Мәселен, біздегі «ауыспалы биліктің» болмауы мектеп директорларының ондаған жылдар орнынан қозғалмастан отыруына, сөйтіп директордың мектепті өзінің шағын бизнес көзіне айналдыруына мүмкіндік берді: мұғалімдер мен қызметкерлерді жұмысқа алу тамыр‑таныстық, көбіне астыртын пара беру арқылы жүзеге асты. Мұғалімдердің санаттылы мен мектептегі тәрбие мен білім сапасы екінші қатарға сырғыды;.
– Жоғарғы сынып оқушыларын тек тестілеу жүйесіне ғана дайындау – оқушы бозбала жастарды универсалды‑сыни ойлау қабілетінен ажыратты. Тестке дайындалу сыртқы формасы жағынан энциклопедиялық білім болып көрінуі мүмкін. Алайда, оқушылар тұтас әлемнің универсалды байланысы жағынан білімдері осал бола түсті, оқушының ойлау қабілеті жан-жақтылық қабілеттен ажырады;
– Елімізде көп салалы өндірістердің болмауы - ғылым мен білімге деген өткір қажеттілікті тудырмады. Шикізат өндірісі шет елдік көмпаниялар үлесінде болғандықтан, ол компаниялар ғылыми иновация импортына ғана көңіл бөлді. Отандық ғылымға тапсырыс ең төменгі деңгейге түсіп кетті;
– Академиялар жабылды. Сол себепті, академиялық ғылыми тапсырыстар елдің экономикалық, индустриялық, ғылыми-техникалық дамуына емес, жекелеген «ғылыми авторитеттердің» қажеттігі мен мүмкіндігіне сай құрылды – ғылым емес, «қаржыны игеру» маңызды болды. Әрине, ол жерде де кландық сыбайластық орнады. Ғалымдардың IQ деңгейі маңызды болмай қалды.
– Соған қарамастан, жеке мектептерден жекелеген дарынды балалар шығып отырды. Олар Халықаралық ғылыми олимпиадаларда жеңеді, бірақ олардың еңбегі бағаланбады. Жеңімпаздар Қазақстанға атақ әперді, алайда олардың білімін Қазақстанда жалғастыру мүмкін емес еді. Дарынды балалар әлемнің түкпір‑түкпіріндегі үздік оқу орындарына оқуға аттанып жатты. Көпшілігі оқу бітірген соң елге қайтпай қалды да!;
– Шын мәнісінде, қоғамда ғылым-білім құндылығы қалыптаса алмады. Өйткені, ғылымды өмірінің мәні деп ұққан дарынды балалар – ғылым драйверлерінің бағыты шет елге бұрылып кеткен болатын;
– Осының әсерінен қоғамдық санада, ұлттық интеллектуалдық өрісте вакуум пайда болып, ғылыми сананың орын діни догмалар баса бастады. Ал, ғылымды қажет етуші еліміздегі буржуазия өкілдерінің бар «жетістігі» мешіттер салумен жалғасып жатты. Қазақстан аз уақытта бүкіл Орталық Азия елдерінің арасындағы ең мешіті көп елге айналып шықты. Тіптен, осы көрсеткіш бойынша біз Ауғанстанға жетіп қалдық деуге болады. (Мысалы, Қазақстанда шамамен 7 300 адамға 1 мешіттен келеді екен. (2 888 мешіт, халық саны 21 086 000 адам). Ал, Ауғанстанда 3 800 адамға бір мешіттен келеді. Енді аз уақыттан соң біз осы көрсеткіш бойынша ауғандармен теңесуіміз әбден мүмкін, себебі, «мешіт салу» қарқыны әлі де өте жоғары. Оны «садақа сұрау» жиілігінен байқауға болады. Сөйтіп, біздің қоғамда дін қаржылық іргесі қаланған институтқа айналды. Ол небір дарынды, болашақта ғалым болатындай балаларды жұтып жатыр...
– Ғылым мен білім - жекелеген «отбасылық құндылық» деңгейінен жоғары көтеріле алмай жатыр. Біздің халық өз тағдырына қатысты көптеген салаларда самарқаулық не бойкүйездік танытудан танбай келеді. Ғылымда да сол жағдай орын алуда. Әрине, ол бұрыннан келе жатқан бодандық‑езгілік жағдайдың жалғасы. Содан болар, көпшілік дін тәрбиесін мойындап, "күнәлісің" деген бұғымпаздыққа лайықты тойтарыс бере алмай келеді. Және, халықты ондай жағдайға жеткізуге бұрынғы авторитарлық жүйе де мүдделі болғаны рас;
– Біздің қоғам санасы, кейде ғылыми ойдың өзі де «бұғу бар, жасампаздық жоқ» дейтін жабық сана форматында қала беруге бейім. Өкінішке орай, біз философияда да бағытқа бет алдық...
Міне, енді ғана, мына аласапыран әлемде «осы жағдайды қалай реттейміз» деген қоғамның, аракідік биліктің өзінің де «жанайқайы» қазір өте қатты естіле бастады... Соған сай тиісті шаралар мен қадамдар қолға алынуда. Жуырда ғана министр Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларын ротациялап отыру мәселесін шешті. Енді аттестациялау, жұмысқа қабылдау ережелерін өзгертуге күш салуда. Мектептер де бұрынғы имамдардың орнына, енді ғылым мен білім, өнер саласы өкілдерімен кездесулер ұйымдастыруды қолға ала бастапты... Кештеу бастадық, әрине, бірақ, әлі де кеш емес дер едім. Неге десеңіз, күне кеше ғана 9‑сыныпта оқитын қазақтың қызы АҚШтағы әлемдік ғылыми сайыста үздік болып жатыр екен – қуанышты хабар!
Иә, мұны ертерек бастаған Өзбекстан биылғы рейтингте бізді басып озуы да сол себепті ме деймін... Әрине, қызығамыз, бірақ, қызғанбаймыз – «өзбек өз ағам». Өйткені, Өзбекстан дәстүрлі түрде өзінің жеңіл өнеркісібін сақтап қалды, шикізат көзі саналатын ауылдарын да сақтады. Енді, бүгінде халық саны өсуіне байланысты, өндірістің неше бір салаларын дамытуға бет бұрды. Ал, бұл – ғылым мен білімге деген сұраныстың қайнар көзі! Мәселе осында, бола берсін ‑ шапағаты бізге де тиеді оның!
Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист
Abai.kz