Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026
Дәстүр 233 0 пікір 4 Ақпан, 2026 сағат 14:55

«Күретамыр» – Ұлттық сананың тірі тамыры

Суреттер: stan.kz және abai.kz сайттарынан алынды.

ҚР президенті Қ.К.Тоқаев 2025 ж. 5‑қаңтарында «Түркістан» газетіне берген сұхбатында «Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ», ‑ деп, «кітап оқитын қоғам» мәселесі қазіргі кезеңде өткір мәселелер қатарында тұрғанын атап өтті...

Иә, қоғамдық пікірде бұл мәселе ондаған жылдар бойы талқыланып келеді: интернет жоқ кеңестік заманда өмір сүрген аға буын өкілдерінің «Кітап оқымайтын ұрпақ келді» деп жар салып жатқаны рас...

Аға буын ұрпақ: «Адамның дүниетанымы, рухани болмысы, оның өз ұлтымен бірегейленуі кітап оқу арқылы жүзеге асады. Тек сол арқылы адам өз елінің азаматы ретінде Отанын сезінуге,  отаншылдыққа өзін‑өзі тәрбиелейді» деген мызғымас ережені алға тартады. Әрине, бұл сөздерде жан бар, себебі, оқылатын кітаптар тек «кітап» қана емес, бұған «кітаптар – белгілі бір заманның, оның рухани бейнесінің, ұлттық болмыс пен салт‑дәстүрлерінің энциклопедиялық жинақталған көшірмесі» деген анықтама беруге болады. Адам кітап оқу барысында өзі де  «отбасылық тәрбие» шеңберінен шығып, кітап арқылы «ұлттық тәрбие» жүйесіне енеді. Міне, оны осы жағынан алғанда ‑ құндылығы шексіз.

Кітап оқитын ұрпақты қалай қалыптастырамыз? 

Осыны ескере келе, қазіргі қоғам «Кітап оқитын ұрпақты қалай қалыптастырамыз?»  деген өткір сұрақты өзіне қойып отыр. Бірақ, бүгінгі жедел ақпараттық заманда ол мүмкін бе? Әрине, кітаптан кітапқа көшіп, кітапты үзбей оқитын ұрпақ бүгінде жоқ. Әлемдік желінің дамуы, жасанды интеллетнің өмірге келуі – кітаптардан алынатын ақпараттарды алу уақытын мейлінше қысқартты. Енді, белгілі бір шығарманы бастан‑аяқ оқу міндетті болмай қалды. Тек қажетіне қарай, оның қысқаша мазмұнымен танысу жеткілікті жағдай орнықты. Орта талабы да осыған сай келеді...

Қоғам осы тұрғыда қандай мәселелерге тап болуы мүмкін?

Біз осының бірнешеуін ғана атап өтейік:

Біріншіден, «кітап оқу» адамның тіл байлығын игеруінің қайнар көзі саналады.

Екіншіден, кітапты оқыған сайын адамның сөздік қоры молайып, адамның өз ойын терең де, әдемі жеткізе алу мүмкіндігі артады.

Үшіншіден, кітапты көп оқыған адам дүниедегі құбылыстардың өзара байланысын ұғуға, өзінше ойлауға, өз бетімен шешім қабылдауға, әртүрлі жағдайда қоғамға да пайдалы, өзіне де пайдалы дұрыс шешім қабылдай алуға, қоғамдағы өз орнын дәл анықтауға қол жеткізе алады.

Төртіншіден, кітап арқылы адамның ойлау көкжиегі өзінің өмір сүру ареалымен шектелмей, адам ойы мен ішкі мәдениетінің жаһандық деңгейге көтерілуіне жол ашылады.

Міне, кітап оқудың өзге де пайдалы жағын айтпағанның өзінде, оның қаншалықты маңызды екенін осыдан‑ақ байқауға болады. Яғни, адам үшін рухани кемелдену, рухани есею тек кітаппен келетінін көреміз...

«Оқитын қоғамға» қалай қол жеткіземіз?

Осы мәселе бойынша ізденістер үзбей жалғасуда. Мұнда қазіргі «өзгерген заман» талаптарын ескеру қажеттігі ескеріліп, сонау бір замандарда жазылған кітаптардың бәрін емес, соның ішінде қазіргі ұрпақ санасына сіңетін, оның бойында отаншылдық пен ұлттық болмыс негіздерін қалыптасуына ықпал ететін, ұрпаққа әдет‑ғұрып пен ұлттық мәдени қалыпты орнықтыратын, ұрпақтың тарихи санасын оятатын кітаптарды оқуға бағытталған «Әр қазақ оқуы тиіс жүз кітап» бағдарламасы жасалды. Ол, дерективалық нұсқаулармен емес, желіде дауыс беру арқылы «ұжымдық таңдау» әдісімен жасалды. Сондықтан, оған қарсы ешқандай сыни пікір айтпамыз ‑ ол «тізімнің» өзі де уақытпен бірге екшеленеді деумен шектелейік...

Бағдарлама жасалғаны дұрыс, бірақ, орындалуы қалай?

Осы мәселеге келгенде, енді, бәріміздің де күмілжіп қалатынымыз рас... Өйткені, шынын айту керек, бұл бағдарлама сол күйі қалып қойды да, оның талабы қандай да бір «қоғамдық әрекеттермен» жалғаспады. Әрине, бір жерлерде оны іске асырып жатқан да болар, бірақ ондай тәжірибемен бөліскен, қоғамды жаппай жұмылдыруға шақырған мысалдарды көре алмадық...

Негізі, мұндай іс‑шараны атқаруға мемлекеттік басқару органдары қауқарсыз екенін мойындау керек. Себебі, «оқуды» ‑  нұсқаулық объект ету мүмкін емес. Мұндай іс‑шараны тек қоғамдық ұйымдар ғана сәтті атқара алады. Олар қоғаммен тікелей байланыс орната отырып, қоғамның белгілі бір сегменттеріне әсер ету арқылы «кітап оқу» дағдысын қалыптастыра алады.

Алайда, мәселенің маңыздылығын көре отыра, не мәдениет министрлігі, не оқу, не ғылым министрліктері бұл шараның «бюджетін» қарастырған емес. (Бәлкім, қарастырған болар, бірақ ол қоғам назарынан тысқары қалуда).

Енді не істеу керек?

Енді «аспаннан біреу айды әпереді» деп күтіп отырмау керек. Осыны ойлап, жуырда өзімнің Халықаралық Қазақ тілі қоғамның Алматы қаласы Жетісу ауданы бөлімінің орынбасары ретіндегі мүмкіндігімді пайдаланып, ауданның «Аманат» партиясы филиалымен бірлесіп, төмендегі жобаны жасап, жүзеге асыруды қолға алудамыз.

Бүгін осы жобаны жариялай отырып, оның үлгісін көпшілікке көрсеткіміз келеді. Біздің жоба кең‑байтақ елімізде қолдау тауып, нәтижесінде, кітаптарымыз оқыла бастаса, ұрпақ өз болмысына орала бастаса, қазақ халқының асыл мінезі  керегесін кеңейте бастаса – одан артық қандай дүние болуы мүмкін?!

Біз, ауданымызға жазушы, ұлттық тәрбиенің асыл маржандары насихатшысы Зейнеп Ахметова апаймызды таңдадық.  Бұл әрбір өңірдің өз таңдауларын жасауына еш кедергі емес...

Жетісу аудандық Халықаралық Қазақ тілі қоғамы мен «Аманат» партиясының аудандық филиалының бірлескен Жобасы.


ЖОБА АТАУЫ:

«КҮРЕТАМЫР» – ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ ТІРІ ТАМЫРЫ

Жазушы Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабы бойынша
Алматы қаласы, Жетісу аудандық оқулары

ЖОБАНЫҢ АННОТАЦИЯСЫ

Бұл жоба – көрнекті қаламгер, ұлт руханиятының шежірешісі Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабын Алматы қаласының Жетісу ауданында жүйелі түрде оқып, талқылауға арналған мәдени-ағартушылық бастама.

Жоба аясында кітаптың 100 данасы арнайы сатып алынып, аудан кітапханаларына, мектептерге, мәдени орталықтарға, белсенді оқырмандар мен пікір көшбасшыларына таратылады. Бірнеше айға созылатын оқулар, пікірталастар, әдеби-рухани кездесулер автордың қатысуымен өтетін қорытынды жалпы аудандық конференциямен аяқталады.

Жоба «Күретамырды» тек кітап ретінде емес, ұлттық жады мен рухани сабақтастықтың тірі арнасы ретінде ұғындыруды мақсат етеді.

ЖОБАНЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

Қазіргі мегаполис жағдайында:

ұлттық жады әлсіреп,

ауызша тарих үзілудің алдында тұр,

үлкен буын мен жас ұрпақ арасындағы рухани байланыс сиреп барады.

«Күретамыр» – бұл:

Бауыржан Момышұлы феномені арқылы ұлт мінезін ашатын;

қазақ отбасының, тәлім-тәрбиесінің, кісілік өлшемінің көркем-деректі шежіресі;

ұлттың ішкі рухани «қан тамырын» көрсететін ерекше еңбек.

Жетісу ауданы – әлеуметтік құрамы әртүрлі, көпұлтты, жас аудандардың бірі. Мұнда ортақ рухани кодты жаңғырту аса маңызды.

ЖОБАНЫҢ МАҚСАТЫ

Жетісу ауданында Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабы негізінде
ұлттық жадыны, отбасылық құндылықтарды және рухани сабақтастықты жандандыру.

НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ

«Күретамыр» кітабының 100 данасын сатып алып, жүйелі оқырман ортасына тарату;

Ауданда оқырман клубтары мен тақырыптық оқулар ұйымдастыру;

Кітаптағы негізгі идеялар бойынша пікірталас, эссе, сұхбат форматтарын өткізу;

Жастар мен орта буын арасында рухани диалог қалыптастыру;

Жобаны автордың қатысуымен өтетін қорытынды конференциямен аяқтау.

НЫСАНАЛЫ АУДИТОРИЯ

Жетісу ауданының тұрғындары;

Мектеп мұғалімдері мен оқушылары (жоғары сыныптар);

Студенттер, жастар ұйымдары;

Кітапханашылар, мәдениет қызметкерлері;

Зиялы қауым, ардагерлер, қоғам белсенділері.

ЖОБАНЫ ІСКЕ АСЫРУ КЕЗЕҢДЕРІ

I КЕЗЕҢ. ДАЙЫНДЫҚ (1 ай)

«Күретамыр» кітабының 100 данасын сатып алу;

Серіктестерді анықтау (кітапханалар, мектептер, мәдениет үйлері);

Оқу және талқылау кестесін бекіту.

II КЕЗЕҢ. ОҚУЛАР МЕН ТАЛҚЫЛАУЛАР (2–3 ай)

Форматтар:

«Күретамырды бірге оқимыз» – кітапханалық оқулар;

«Ұлттың күретамыры қайда?» – ашық пікірталастар;

Эссе және ойтолғау кездесулері;

Жастармен арнайы талқылау алаңдары.

III КЕЗЕҢ. ҚОРЫТЫНДЫ КОНФЕРЕНЦИЯ

Атауы:
«КҮРЕТАМЫР: ҰЛТТЫҚ ЖАДЫ ЖӘНЕ ЗАМАНА»

Форматы:

Жазушы Зейнеп Ахметованың қатысуымен;
Қатысушылардың баяндамалары мен пікірлері;
Ашық сұхбат, авторлық ой-толғау;
Белсенді оқырмандарды марапаттау.

КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕЛЕР

«Күретамыр» кітабы 100 тұрақты оқырманға жетеді;
Жетісу ауданында рухани-әдеби орта қалыптасады;
Жастар арасында ұлттық ойлау мен тарихи жадыға қызығушылық артады;
Автор мен оқырман арасындағы тікелей рухани байланыс орнайды;
Жоба аудандық деңгейдегі үлгілік мәдени бастамаға айналады.

ЖОБАНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Бір реттік іс-шара емес, жүйелі оқу процесі;
Автор қатысатын тірі диалог;
Кітапты насихаттау емес, оны ойлау мен өмірге айналдыру;
Жетісу ауданының рухани келбетін айқындайтын жоба.

ҚОРЫТЫНДЫ

«Күретамыр» оқулары – бұл кітап туралы жоба емес, ұлттың ішкі тамырын ұстап көру.

Бұл бастама Жетісу ауданын оқитын, ойланатын, өткенін түсінетін орта ретінде таныта алады.

(Жоба авторы: Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист,  аудандық ХҚТ қоғамының төраға орынбасары).

С. Әмірдін, ХҚТ Қоғамдық Бірлестігі төрағасы,

А.А. Сатаев, «Аманат» партиясының аудандық филиалы төрағасы 

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ, Жетісу аданы ХҚТ қоғамы төрағасы орынбасары

Abai.kz

0 пікір