Сәрсенбі, 4 Ақпан 2026
Жаңалықтар 122 0 пікір 4 Ақпан, 2026 сағат 16:51

Ресейде екі қазақстандық қамауға алынды

Сурет: 365info.kz сайтынан алынды.

Ресейде диверсия (қаскүнемдік) жасады деген күдікпен Қазақстанның екі азаматы қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Ленинград облысы соттарының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ленинград облысындағы Ломоносов аудандық соты 2006 жылы туған екі қазақстандыққа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Олар диверсия (қаскүнемдік) жасады деген күдікке ілінген.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер — Тараз қаласының тұрғындары. Қылмыс жасалған сәтте олар Санкт-Петербургте тұрған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ауыр материалдық жағдай мен заңды табыстың болмауына байланысты олар ақшалай сыйақы үшін тапсырма орындауға келіскен.

«Кураторлар» деп аталатын адамдардың нұсқауымен қазақстандықтар 40 мың рубльге (шамамен 260 мың теңге) Ленинград облысының Ломоносов ауданында ұялы байланыс операторларының біріне тиесілі базалық станцияның тарату қалқанын өртеген.

Күдіктілер оқиға орнынан алыс емес жерде ұсталған. Құқық қорғау қызметкерлері оларды таксимен қашуға әрекеттенген кезде тоқтатқан. Аталған іс бойынша қозғалған баптың санкциясы 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Abai.kz

0 пікір