Қазақстанда шетелдік әртістерге шектеу бола ма?
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов елімізде кейбір концерттерді өткізуге тыйым салу немесе оларды тоқтата тұруға қатысты нормаға түсініктеме берді.
Бұл норма бүгін Сенат мақұлдаған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға енгізілген.
– Қазіргі кезеңде қай әртістерге, неге қатысты қандай да бір тыйым салынуы мүмкін екені жөнінде нақты түсінік жоқ. Қазақстан баршаға әрдайым ашық, бізде өзін-өзі білдіру еркіндігі толық мойындалады. Бүгінгі күнге дейін қандай тәжірибе болды? Айталық, шетелдік әртіс Қазақстанның белгілі бір қаласына гастрольдік сапармен келгісі келді делік. Механизм мынадай еді: оның промоутері немесе продюсері, не болмаса жұмыс істейтін ұйымы ешқандай келісімшарт жасамастан билет сатуды бастап кететін. Егер билеттер сатылса, содан кейін ғана келісімшарт жасалып, тиісінше әкімдікпен жұмыс басталатын, – деп түсіндірді Евгений Кочетов Сенатта өткен баспасөз мәслихатында берген сұхбатында.
Оның айтуынша, соның салдарынан жергілікті билік пен министрлік кейбір орындаушылардың жоспарынан бейхабар болып қалуы мүмкін еді.
– Біздің ойымызша, бұл – онша дұрыс емес, өйткені әлемдік тәжірибе мүлде басқаша. Енді механизм мынадай болады: белгілі бір қалада тур жоспарлана салысымен, ең алдымен келісімшарт жасалуы және әкімдікпен жұмыс басталуға тиіс. Келісімшартта әртістің орындауға міндетті талаптары көрсетіледі, әрі ол талаптарды бұзбауы керек. Бұл міндеттемелер, ең алдымен, орындайтын әндеріне қатысты болады: олар еліміздің ұлттық құрылымына нұқсан келтірмеуі, порнографияны, есірткі қолдануды насихаттамауы тиіс, яғни заңға қайшы контенттің бүкіл тізімі қамтылады. Егер бәрі талапқа сай болса, әртіс белгілі бір қалада өнер көрсетуге құқылы. Біздіңше, мұның бәрі қисынды әрі дұрыс, – деді Кочетов.
Журналистер: "Егер орындаушының шығармашылығында тыйым салынған тақырыптар болса, оның Қазақстанға келуі мүмкін бе, жоқ па?" деген сұрақты нақтылады.
– Біз ондай музыкалық композицияларды орындамауға кеңес береміз, – деп түсіндірді Евгений Кочетов.
Abai.kz