Қытай тағлымы және «Әділетті Қазақстан»
Қытайдың ерте заман тарих жылнамасында хатталған, бүгінде Қытайдың Білім бағдарламаларына енген «Шаңяңның заңға өзгеріс енгізуі» деп аталатын тарихи оқиға бар.
Шин бектігі (жаңа эрадан бұрынғы төртінші ғасырда Қытай орта жазығында өмір сүрген) қуатын күшейту үшін талай мәрте заңға өзгеріс енгізеді. Бірақ нәтиже болмайды. Бұқара өзгеріске сенімсіздік таныта бастайды. Бұл жағдайға ширыққан Шин бектінің ханы Шин Шяугуң Шаңяң деген адамның асқан парасаттылығын естіп, оған қолқа салып көндіріп, бас уәзірлікке тағайындап, заңға өзгеріс енгізуді міндеттейді.
Шаңяң халықты алаңға жинап жаңа заң мәтінін жариялайды. Жарлық оқылып болған соң алаңда саналарын сенімсіздік билеп, немқұрайды пиғылда тұрған халықты көрген Шаңяң: «Кімде кім мына алаңның солтүстігінде тұрған бөренені көтеріп алаңның оңтүстігіне жеткізсе, сол адамға алты ділдә алтын беремін», – деп тосын ұсыныс жасайды. Жеңіл бөренені кімде кім болса да көтеріп бара алушы еді. Бірақ осындай жеңіл жұмысқа соншалықты қымбат құн төленетіндігіне ешкім сенбейді. Халық арасынан әлдебіреу «нем кетті» деген оймен бөренені көтеріп айтқан жерге жеткізеді. Шаңяң табанда оған алты ділдә алтынды қолына ұстатқызады. Халық сонда ғана Шаңяңның айтқанын орындайтынын, шын ниетпен заңға өзгеріс енгізбекші екенін түсінеді. Халық сенеді, қолдайды. Заңға өзгеріс енгізу сәтті болады. Шин бектігі күшейеді.
Президент Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құруды бастағанына биыл төрт жыл болады. Қоғамда сұрақ көп. «Қаңтар оқиғасынан» кейін отыз жылда Қазақстанның байлығын 160 олигархтар иелеп алғанын айтып ел көңіліне әділдікке деген үміт ұялатып еді. Өкініштісі Шаңяң сияқты алдымен шын ниетін әйгілейтіндей қажетті әрекетке бара алмаған сыңайлы. Байларға мүмкіндік берген, бас болған басты фигурантты халық алдында, заң алдында ашық жауап бергізуі керек еді. Сонымен бірге саяси реформалардың өзегі ретінде оппозициялық жаңа саяси партиялардың өмір сүруіне заң бойынша жол қойып, саяси партиялардың бәсекелестігіне жол ашып беруі керек еді. Сонда халық Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру бастамасын өздері-ақ алға жылжытатын еді.
Ағыбай Әкбарұлы
Abai.kz