Дүйсенбі, 16 Ақпан 2026
Азамат 150 0 пікір 16 Ақпан, 2026 сағат 12:46

Адамзаттың айбыны

Сурет: nur.kz сайтынан алынды.

Олжас Сүлейменов - 90 жыл!

Махат Садыққа

Адамзатты апаттан, қасыреттен құтқаратын сөзі өтетін, ойы жететін жеке тұлғалар. Олар билікке, қоғамға ой тастайды, ақылды билік, жасампаз қоғам оны түсініп, қабылдап, іске асырады. Әрине, керемет ойлар айтылғанымен кейде олар да іске аспай қалады.

Қазақтың маңдайына біткен бірегей тұлға Олжас Сүлейменов өзінің ойын іске асырып келеді. Оның харекеті де ірі – бүкіл адамзаттың тағдырын қамтыған; Сөзі де ірі – бүкіл адамзаттың ақыл-ойына сәуле түсірген; Өзі де ірі – қазақтың нар тұлғасы; Барлық ірілік бір басына тоғысқан оны барша қазақ қана емес, Әлем жұртшылығы мақтан тұтады десек артық емес.

Олжас Сүлейменовтың есімі алғаш рет «Адамға табын, Жер енді» поэмасымен жарқ етті. Ғарышқа адам ұшуына байланысты шығарылған поэма ақынның өзін де ғарыштық деңгейге көтерді. Бұрын жыр сүйер қауым ғана жақсы білетін жас ақынның үні Адамзаттың құлағына жетті. Адам жердің тартылыс күшін жеңгеніне ол алғаш рет назар аударып, оның Адамзат тарихындағы ең ғажап оқиға екенін жеріне жеткізіп білімді ақынның білгір тілімен айтып берді. Тақырыбы ғарыштық болған жас жігіттің ақындық қуаты да ғарыштық еді. Оның қуатты үні поэзиялық көркемдікпен, философиялық ауқымдықпен, тапқырлықпен, шешендік шебер тілмен әрленіп, сөз буындары адамның жүйесін босатып, арғы-бергіні ойлатып, ақыры жеткен жеңісті көкірегі сезімді адамның жүрегіне терең орната білді. Көре білуі шексіз, білімі ұшан теңіз ақын жердің қасиетін, тарихын, бүгінгі тірлігін айтумен қатар өмірдің ғажаптығын, адамның «махаббатпен жаратылған» сұлулығын да жырлап өтеді. Сонымен бірге Жерді таптаған нешетүрлі залымдар мен зұлымдардың болғанын да еске алады. Ақынның ұшқыр ойы, ғаламдық үні   - Мағжанның Шығыстан туатын ақ таңға үміт артуымен үндес. Ғарыш кемесінің «Восток» атануынан ол осындай ой ұшқындарын шашып кетеді. Ақынның үнін әлем таныды, ғарышпен бірге туған ғажап үн еді ол. Ол Жерге тұтастықпен қарап, енді оған өзі тудырған Адамзат  қамқорлыққа алуын қалады.

***

1975 жыл. Баяғы патша заманында берік орнаған, Ленин біраз ауыздықтаған, Сталин билікке ыңғайлы болған соң қайта жаңғыртқан, Хрущев ағалаған, Суслов алқалаған, ақыры аспанға шығарылып, ресми саясаттың басына барған ұлыорыстық шовинизмнің шарықтап тұрған шағы. Барлық өнерге, әдебиетке орыс мәдениеті ықпал еткен, бәрі соның арқасында жұлдызы жанған деген аңыздар андыздап тұрған мезгіл, желбіремеген жері жоқ. Еуропоцентризммен ұштасып, басқаның бәрін көзге ілмеген ақындар мен жазушылар жақсы дүниенің бәрін баурап, отын лаулатып жатты. Шектен шыққан бір ғалымсымақ-шовинисттің қызды-қыздымен орыс мәдениеті Гомер мен Фердоусиге де әсер еткен дегенді жазып жібергені де бар... Орыс қалыптаспай тұрғанда жазған ақындар сөйтіп тумаған мәдениеттен «үлгі» алған екен. Осындай ойлар оғаш деп те саналмады.

Міне, нақ осындай кезде адамзат аспанын бұлтсыз күнгі жасындай жарқылдатып, Олжас Сүлейменов деген қазақ ақыны «Аз и Я»-сымен жарқ етті. Бүкіл әлем селк етті. Енді ше... Ақын орыс мәдениетінің атасы, «бісмілла» деп сөз бастайтын тұнығы, тұңғыш жазбасы деп имандай ұйып жүрген «Слово о полку Игореве»-ні (СПИ) дұрыс оқылмаған, мағынасы өзгертілген, қоспасы көп, әсіресе түркілерден енген сөздер теріс түсіндірілген деп тас-талқанын шығарып, сынап тастады. Сынының бәрі шын, терең біліктілік пен ұшан-теңіз білімділіктен туған бұлтартпайтын дәлелдер. Көңіл аудармай тастауға, көзге ілмей, елемей, ескермей кетуге болмайтын солқылдатқан соққылар, ауыр артиллерия. Орыс қоласты мұндайды кейде ескермеушілікпен үнсіз өлтіретін әдетіне басайын десе шетелдік академиялық орта андыздап тұр.

Түу... Кетті содан. Шовинистер жер-аспанды тұтастырған байбаламға басты. Айғай-ұйғай... Негізгі нысана  «Кто такой этот казах. Как он посмел»  дегенге саятын кеуделеген өркөкіректік... Әйтпесе талқылап, түсінуге тырысып, қызығып жатқандар шамалы. Академиялық орта бірігіп, кезінде осы шығарманы зерттеумен сыйлық алып, күпініп жүрген, есімдері сынға ұшыраған ғалымдар барлық күшін тұтастырып, жан-жақтан соққы беруге тырысып жатты. Алайда олардың көптеген басылымдарда көрініп жатқан байбаламдары «Аз и Я»-ның танымалдығын арттыра түсіп, тегін жарнама болды. Шовинизмге ататын оқтары болмай жүрген барлық ұлттық республикалардың мәдениет өкілдері, әділетті адамдар, шыншыл ғалымдар мен шынайы әдебиетшілер, тарихшылар бұл кітапқа қатты қызығып, іздеп жүріп оқыды.

Қазақстанның бір түкпірінде, сонау Солтүстіктің бір қиырында жатқан Тауағаш деген қазақ ауылының тоғызыншы сыныпта оқитын баласына да бұл дүрмек сол жылы жетті. Немере ағам коммунист болғандықтан Мәскеуден шығатын орталық басылымдарды жаздырып алатын. Соның бірінен тосын жаңалықты естіп, облыс орталығындағы интернатта оқып жүрген маған кездессе «Азияны» сатып алуды тапсырды. Олжас Сүлейменовтың ерлігіне өзі де қуанып тұр. Мақаланы оқып, орыс мәдениетінің шаңырағын шайқалтқан екен деп біз де ақын ағамызға жапа-тармағай риза болдық, өз білгенімізді айтып, қызу талқыға салдық. Өйткені... Мәскеуден шыққан шовинизм идеясы жергілікті жерлерде де қанатын молынан жайып, орысты өзгелерден артық санауды, «ұлы» деп айтуды саналарға еріксіз сіңіруге тырысып бағатын. Бірақ ақылсыз да, өркөкірек те, ішкіш те, бұзық та, ұры да, төбелескіш те көбінесе орыстар арасынан шығатынын күнделікті өмірде көріп жүрген біздер бұл сөздерге ішімізден қарсы болып, өтірікке иланғымыз келмейтін... Сондықтан бала болсақ та біздің де намысымыз қозып, бәлем біліңдер, ешкімнен ешкім артық емес, адамның бәрін Алла бірдей қылып жаратқан деп көтеріліп қалдық...

Әрине, біз кітапты көрмегендіктен Олжас ақын Азия құрлығын айтып, соны жақтап, оның шовинизмнен қорланған халқын ақтап, жерімізді қолдап тұр екен деп түсіндік. Ескі славян әліпбиінің алғашқы әрпі «Аз», ең соңғысы «Я» болғандықтан кітаптың атын «Аз и Я» деп аталғанын да білмедік. Біздің есіл-дертіміз  - Азия, қаланың кітап дүкендерін қол боста кезіп жүріп, «Азияны» іздейміз.

Бір кезде оның сатылымнан алынып, жойылуға жіберілгенін де естідік. «Қорыған жердің жемісі тәтті» демекші бұл да халықтың кітапқа деген қызығушылығын арттыра түсті. Сол кезде... ғайыптан тайып, менің қолыма да тиді-ау бұл кітап. Кәдімгі қызыл түсті, ақынның аты-жөнін көрсеткен жазуы күмістелген ең алғашқы басылымы.

Оқып шықпақ болып, жата қалып жабысқаныммен ішін алдырмады. Тілді терең білмеймін, білімім де тайыз екен, әйтеуір тісім батпады. Бірақ өмірдің біліми, тәжірбиелік, танымдық, көзқарастық сатыларына көтерілген сайын «Аз и Я»-ны да бір ашып, тануға тырыстым. Енді сол жолда түйгендерімді айтайын.

Өзінің анасына арнап жазған бір өлеңінде Олжас ақын былай дегені бар:

«...Мое крыло полмира отмахало

и в реку Лимпопо перо макало,

и в пряный ветер из цейлонских кущ.

О чем эта дорога?

Если прав,

Будь с гордым горд:

Он не отец пророка,

Будь с робким робок:

Он тебе не раб.

Я так и поступал, клянусь дорога»,  - дегендей ол ешқандай ғұламаға алаңдамай, беделдіге тоқырамай шындыққа ғана жүгініп, тереңге қол сермеп, «басқа шауып төске өрлеген».

Біздіңше Олжекеңнің ғалымдық, ақындық, пәлсапашылдық терең түйсігі «СПИ»-ді өз заман абызының қуатты поэтикалық шығармасы деп таныған, алайда көптеген түркілік (қыпшақтық), ескі славяндық сөздерін түсінбеген переписчиктердің бүлдіруінен ол қарабайыр дүниеге айналып, тарихи маңызын ғана сақтап, поэзиялық қуатынан айрылғанын бірден сезген. Сонымен бірге ақынды СПИ-дің тереңіне тартқан ұлттық, түркілік намыс сияқты. XVI ғасырдағы алғашқы көшірілген нұсқасында болған ескі түркі сөздерін кейінгі переписчиктер озбырлықпен теріс айналдырып, кейбірін тіпті жоғалтуға тырысқанын көрген соң оның намысқой жүрегі өре түрегеліп, қарсы тұрған. Мысалы, кәдімгі «Көшшіні» (көштің басын ұстаған адам) «Кощей бессмертныйға» айналдырғанына, қыздардың шаш «өрімін» айтқан жолдарды сол жерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «Римге» қосақтағандары және т.б. әйтеуір түркіліктің араласуын жоқ қылуға тырысқан шовинистік өркөкіректік екенін көзі көрген, таныған. Сосын бұл жырды жазған адам көне орыс тілімен қатар көне түркі тілін де білген, сол заманда екі тілдің сөздері қатар қолданылған деген бағдарды бетке ұстап, ақыры бар әлемді дүр сілкіндірген кітабын жазып шықты ғой...

Бұл сапардың өзіне соққы болып тиетінін де ақын білген. Ол аңқалаңдап барып, азапқа ұрынатын ақылсыз емес, шовинистік саясаттың күннен күнге өрістеп бара жатқанына қарсылығы қарыштай түскен сұңғыла. Сондықтан жүрегіндегі намыс оты оны шындық жолындағы ерлікке итермелеген. Ақын  бірде батыр Бауыржаннан батальонды шабуылға көтергенде қандай ойда болатынын сұрайды. Б.Момышұлы оған жаудың алдында тізе бүкпес үшін шабуылға шығу керектігін ойлайтынын айтқанын есіне сақтап, өзінің «Пора» деген өлеңін жазғанын еске алады. «Аз и Я»-ны жазғанда да ол тізе бүге беруден арылу үшін «Пора» деп шабуылға көтерілдім деген ой ұшқынын тастайды. Әрине, мәскеулік кейбір залымдар мұны ұқпай қалған жоқ, сондықтан да ақынға қатты өшікті...

Өзінің СПИ-ге алғаш қалай қадам басқанын еске алғанда ақын Мәскеудің әдебиет институтында оқып жүргенінде осы шығарма туралы курстық жұмыс жазбақ болғанын айтады. Бес-алты беттен тұратын курстық жұмысты оп-оңай жазып тастамақ болып Ленин атындағы кітапханаға барса, СПИ туралы зерттеулер өте көп екен. Бірақ барлық зерттеушілердің мақсаты жырдың оқиғасын өзгертуге тырысып, орысты түркілерден үзіп әкетіп, Еуропаға телуге тырысқандығы бірден көзге ұрады. Ал намысты ақын өз тегінің сол заманда орыстармен қатар жүріп, тең тұрғанын, тіпті биігірек болғанын жақсы білгендіктен, түпнұсқаны тірілтпекке бел буған. Ол үшін шығармадағы түркі сөздерінің мағынасын ашып, олардың мәтінге үйлесімді екенін дәлелдеп, әрі кейінгі бүлдірулер мен қоспалардан таразыламаққа отырған. Әрине, қамсау категорияға құрсанып, бастарына астамшыл, шовинистік рух сіңіріліп қалған орта бұған қатты шамданып, қарсы шыққаны белгілі...

Бірақ шындық бәрібір жеңіп шықты, шовинистік саясаттың мойнына бұғалық түсіп, «Аз и Я»-ның да бағы аспанға ұшты. Қазір барлық әлемнің әдебиетпен, тарихпен, философиямен айналысатын топтары, жалпы көзі қарақты жандары оны өздеріне үлгі тұтады, шыншылдығына бас ұрады.

***

Олжас Сүлейменовтың ғалам халқын риза қылған үшінші ерлігі  Семейдің ядролық қаруды сынау полигонының қызметін тоқтатуы. Кеңес одағының ең жоғарғы мінберінен Семей полигонында заряды Хиросима бомбасынан 2,5 мың есе артық жарылыс болғанын, содан бері халықтың арасында радиациялық сәуледен болатын кесел қаптап кеткенін, бірде-бір аурухана түгіл фельдшерлік бекет салынбағанын, КСРО Денсаулық сақтау министрлігі адамдардың денсаулығын зерттеген деректерді халықтан жасырып, құпия ұстайтынын, жарылыс әлі де жалғасуда екенін тұңғыш рет жайып салып, бүкіл әлемнің назарын аударды. Одан «Невада» деп басталған қоғамдық қозғалысты «Невада-Семейге» ұластырып, соңынан 2 миллиондай халықты ертіп, (соның ішінде 130 мыңдай Қарағандының шахтері бар), ядролық сынақты тоқтатуды талап еткен жер тітіретердей 28 дүмпу (митинг) өткізіп, империяның есігін солқылдатқандай болып, Қазақ жерінің жүрегін жаралаған аждаһаны 1989 жылдан бері тоқтатты. Қырық жыл бойы алдымен жер үстінде, одан жер астында болған Жер жаһанды солқылдататын жарылыстар тоқтады. Ал екі жылдан кейін, ТЖМК (Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия) оқиғасы аяқталған соң, тамыздың 29-да Қазақстан Президенті оны арнайы Жарлығымен ресми түрде жапты. КСРО-ның бастамасын басқа да, кейбір, елдер қолдап, өздерінің полигондарының жұмысын тоқтатты. Адамзат бұл оқиғаның маңызы мен  бағасын жақсы түсінді, 29 тамыз әлемдік антиядролық күн деп БҰҰ-да белгіленді.

Әрине, Олжекеңнің барлық өмірі ерлік. Ол ерлік үшін жаратылған жан. Оның барлық Адамзат үшін жасаған ерліктерін айтпағанда ел үшін, жер үшін, халықтың қалғыған санасын оятып, ерлікке, өрлікке, ғылымға, жасампаздыққа  бастаған ойларын жеткізген өтімді жырлары қаншама? 1970 жылы Лениннің туғанына поэма жазсаң лениндік сыйлық әпереміз деген партия басшыларының сөзін жыр демей дәл сол кезеңде «Қыш кітабын» жазып шықты. Ол да бір өшпес ерлік.

Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі ретінде Адамзатты тұтастыратын идеялар қозғап, оларды бүкіл әлемге мойындатты. 20 ғасырда өмір сүрген ең үздік 10 ақынның қатарына еніп, өз халқының атағын тағы да аспанға шығарды... Қазақ топырағы түгіл бүкіл әлемде мұндай ғаламат тұлға сирек болған десек артық емес. Сондықтан да ол барша Адамзаттың айбыны.

Жақсыбай Самрат

Abai.kz

0 пікір