Әлемнің ең бақуатты елдері: Қазақстан 58 орында
Адамдар өмір сүруге қолайлы, жұмыс істеуге жағдай жасалған дамыған елде тұруды қалайды. Сол үшін құрлық асып, бақуатты мемлекет іздеп жүргендер қаншама. Жақында Global Human Prosperity Index рейтингі шықты. Тізімде Қазақстан 9 сатыға төмендеп, 58 орынға ие болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ШВЕЙЦАРИЯ ЕҢ ЖАЙЛЫ ЕЛ
CEOWORLD Magazine жариялаған 2026 жылғы рейтинг бойынша, адам әл-ауқаты деңгейінен Швейцария бірінші орынға шықты. Одан кейін Исландия мен Австралия орналасқан. Жалпы зерттеуде 193 ел қамтылған. Индекс елдердің байлығын ғана емес, сол ресурстардың халықтың нақты өмір сапасына қалай әсер ететінін бағалайды. Атап айтқанда, өмір сүру ұзақтығы, білім деңгейі, жан басына шаққандағы табыс, саяси тұрақтылық және азаматтарға берілетін мүмкіндіктер ескеріледі. Осы көрсеткіштер негізінде елдер «өте жоғары әл-ауқат» пен «әлсіз әл-ауқат» аралығындағы санаттарға бөлінген.
Сарапшылардың айтуынша, бұл рейтинг – жай ғана статистикалық тізім емес. Ол қай елдерде өмір сапасы жоғары, қай жерде инвестиция қауіпсіз және ұзақ мерзімді жоспарлар жүзеге асуы ықтимал екенін көрсететін маңызды құрал. Рейтингте жоғары орын алған мемлекеттер тек экономикалық тұрғыда бай емес, сонымен қатар талантты тартатын, капиталды сақтайтын және тұрақты дамуға жағдай жасайтын орта қалыптастырып отыр.
ТОП-10 ҚАЙ МЕМЛЕКЕТТЕР?
Алғашқы ондыққа енген елдердің барлығы «өте жоғары әл-ауқат» санатына кірді. Рейтингте Батыс және Солтүстік Еуропа елдері, сондай-ақ Азияның жетекші қаржы және технологиялық орталықтары басымдыққа ие.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, адам әл-ауқаты деңгейі бойынша үздік он елдің қатарында Швейцария, Исландия, Австралия, Германия, Нидерланд, Норвегия, Швеция, Гонконг, Дания және Сингапур бар.
Сарапшылардың айтуынша, бұл елдер жоғары табыс деңгейімен қатар, тиімді мемлекеттік басқару жүйесімен, тұрақты әлеуметтік саясатымен және азаматтардың өмір сапасын қамтамасыз ететін қолайлы ортамен ерекшеленеді. Сонымен бірге, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдік те маңызды фактор ретінде бағаланған.
Мамандар бұл рейтингтің негізгі қорытындысы ретінде жаһандық бәсекенің бағыты өзгергенін атап өтеді. Яғни, мемлекеттер үшін енді тек экономикалық өсім емес, оның сапасы маңызды. Бұл - халықтың өмір сүру ұзақтығы, білім деңгейі, мүмкіндіктердің қолжетімділігі және жалпы тұрақтылық арқылы өлшенетін көрсеткіштер.
ҚАЗАҚСТАН НЕШІНШІ ОРЫНДА?
Бұл тізімде Қазақстан 58-орынға тұрақтады. Елдің индекс көрсеткіші – 79,53 балл, ал санаты – «өте жоғары әл-ауқат».
Бұл – алдыңғы нәтижемен салыстырғанда төмендеу. 2024 жылы Қазақстан 49-орында болған еді . Осылайша, екі жыл ішінде ел рейтингі шамамен 9 позицияға төмендеген.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан Орталық Азия өңірінде әлі де жетекші позициясын сақтап отыр. Дегенмен жаһандық рейтингтегі орынның төмендеуі елдегі әл-ауқат өсімі мен оның халық өміріне әсері арасындағы теңгерім әлі толық қалыптаспағанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, Қазақстан «өте жоғары әл-ауқат» тобына енгенімен, үздік елдер қатарына жақындау үшін әлеуметтік даму, институционалдық сапа және өмір сапасын арттыру бағытында қосымша ілгерілеу қажет.
Ал рейтингте көршілеріміз Өзбекстан 104, Қырығызстан 110, Қытай 72, Ресей 60 орында тұр.
Abai.kz