Дүйсенбі, 16 Ақпан 2026
Бетбұрыс 165 0 пікір 16 Ақпан, 2026 сағат 12:55

Конституцияға тіл туралы қандай өзгеріс керек?

Сурет: qazdauiri.kz сайтынан алынды.

Тәуелсіз елдің тағдыры оның Ата Заңымен тығыз байланысты. Конституция – мемлекеттің құқықтық қаңқасы ғана емес, рухани өзегі, тарихи жадтың заңды жалғасы. Әсіресе тіл проблемасы – тек коммуникация құралы демейік, ұлттық болмыс пен егемендіктің тірегі. Сондықтан да Ата Заңдағы тіл туралы бапқа енгізілетін кез келген өзгеріс жай техникалық түзету емес, ұлт болашағына қатысты стратегиялық шешім болып саналады.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені айқын жазылған. Сонымен бірге орыс тілі мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін басқару органдарында қазақ тілімен тең қолданылады деп көрсетілген. Бұл норма тарихи кезеңнің, өтпелі қоғамның, этнодемографиялық ахуалдың жемісі еді. Алайда уақыт алға жылжыды, мемлекет нығайды, ұлттық тілдің мәртебесін шынайы жүзеге асыру жағдайы күн тәртібінен түскен жоқ. Осы орайда орыс тілінің қолданылу аясын “қажет жағдайда ғана” деген нақтылау арқылы шектеу туралы ұсыныс – ойлануды қажет ететін бастама деп ойлаймыз.

Бұл жерде проблема орыс тіліне қарсы болуда деп түсінбеу керек. Кез келген тіл – мәдениет пен білімнің, өркениеттің негізгі бөлігі. Орыс тілі арқылы ғылымға, әдебиетке, халықаралық байланыстарға жол ашылғанын жоққа шығару – тарихи шындыққа қиянат. Бірақ мемлекеттік тілдің мәртебесі формальды ғана емес, нақты басымдыққа ие екендігінде болуы тиіс. Егер Конституцияда орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады деп жазылып тұрса, практикада мемлекеттік тілдің шынайы үстемдігі қалыптаса қоюы қиын.

“Қажет жағдайда ғана” деген тіркес – шектеу емес, құқықтық айқындау. Бұл формулировка мемлекеттік органдардың негізгі жұмыс тілі қазақ тілі болуы тиіс деген қағидатты нақтылай түседі. Ал орыс тілі қажеттілік туындағанда – мысалы, азаматтың құқығын қамтамасыз ету, халықаралық байланыс, этностық топтардың сұранысы – сол кезде қолданылуы мүмкін. Яғни орыс тілін толық ығыстырмай-ақ, оның конституциялық мәртебесін мемлекеттік тілге нұқсан келтірмейтін деңгейге түсіру ұсынылады.

Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, көптеген елдерде мемлекеттік тілдің басымдығы заң жүзінде нақты бекітілген. Мәселен, Франция Конституциясында француз тілі Республика тілі деп анық жазылған және мемлекеттік басқару толықтай осы тілде жүргізіледі. Сол сияқты Түркия Конституциясында мемлекеттік тіл – түрік тілі деп нақты белгіленген, өзге тілдерге ресми тең мәртебе берілмеген. Бұл елдерде өзге тілдерге тыйым салынбайды, бірақ мемлекеттік тілдің үстемдігі талқыланбайтын нормаға айналған.

Қазақстан жағдайында тарихи ерекшелік бар екені рас. Кеңестік кезеңде орыс тілі қоғамдық өмірдің барлық саласында үстем болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілгенімен, оның толыққанды іске асуы ұзақ әрі күрделі процесс болып шықты. Қалалық ортада, ірі бизнес пен жоғары технология саласында орыс тілінің басымдығы әлі де сезіледі. Мұндай жағдайда Конституциялық нормадағы “тең қолданылады” деген тіркес мемлекеттік тілдің бәсекеге түсуіне мәжбүрлейді.

“Қажет жағдайда ғана” деген сөз тіркесін қосу – саяси тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да салмақты қадам. Біріншіден, мемлекеттік тілдің үстемдігін айқындайды. Екіншіден, орыс тілін толықтай алып тастамай, қоғамдағы тілдік тепе-теңдікті сақтайды. Үшіншіден, мемлекеттік органдарды қазақ тілінде жұмыс істеуге нақты міндеттейді.

Алайда кез келген өзгеріс қоғамның келісіміне сүйенуі тиіс. Тіл – сезімтал тақырып. Әсіресе көпэтносты қоғамда асығыс шешімдер әлеуметтік шиеленіске әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай бастама кең қоғамдық талқылаудан, ғылыми сараптамадан өтуі қажет. Тіл саясаты – эмоция емес, стратегиялық есеп пен ұзақ мерзімді мүддеге негізделуі тиіс.

Тағы бір қыры – кадр даярлау. Егер мемлекеттік органдар толықтай қазақ тіліне көшсе, онда барлық қызметкердің тілдік құзыреті жоғары болуы шарт. Білім жүйесі, мемлекеттік қызметке қабылдау талаптары, іс жүргізу стандарттары – осы бағытта жетілдірілуі керек. Әйтпесе, Конституциядағы өзгеріс қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін.

Сонымен бірге “қажет жағдайда ғана” деген тіркестің өзі құқықтық тұрғыдан нақты түсіндірмеге мұқтаж. Қандай жағдайда қажет? Азаматтың өтініші бойынша ма? Халықаралық шарттарға байланысты ма? Егер бұл сұрақтарға заңнамалық деңгейде жауап берілмесе, норма әртүрлі түсіндіріліп, құқықтық дауларға себеп болуы ықтимал.

Дегенмен, мемлекеттік тілдің шынайы үстемдігін қамтамасыз етпейінше, ұлттық бірегейлік толық қалыптаспайды. Тіл – тек қарым-қатынас құралы десекте, ойлау жүйесі, дүниетаным, мәдени код. Қазақ тілі мемлекеттік басқарудың, ғылымның, технологияның, цифрлық трансформацияның тіліне айналмайынша, оның мәртебесі толық жүзеге асты деу қиын.

Осы тұрғыдан алғанда, Ата Заңға орыс тіліне қатысты “қажет жағдайда ғана” деген тіркесті қосу – символдық емес, мазмұндық өзгеріс. Бұл – мемлекеттік тілдің конституциялық басымдығын нақтылау, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру қадамы. Бірақ осы қадам қоғамды бөлмей, керісінше біріктіруі тиіс. Қазақ тілінің күшеюі – өзге тілдердің әлсіреуі емес, мемлекеттің нығаюы ретінде қабылдануы қажет.

Соңында айтарымыз: Конституция – уақыт талабына сай жаңарып отыратын тірі құжат. Бірақ оның әрбір сөзі ғасырлық салмаққа ие. “Қажет жағдайда ғана” деген сөз – болашақ ұрпақтың тілдік кеңістігін айқындайтын формулаға айналуы мүмкін. Ең бастысы – өзгеріс саяси ұран емес, саналы, салмақты, құқықтық тұрғыдан негізделген шешім болуы тиіс. Сонда ғана мемлекеттік тілдің мәртебесі шынайы биіктеп, Ата Заңның рухы мен әрпі үндестік табады.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір