Импортты алмастыратын 200 жоба іске қосылады
Қазақстанда импорттық ауыл шаруашылығы өнімдерін алмастыру үшін 200-ден астам жоба іске қосылады.
Президенттің экономикалық өсімнің жаңа моделіне көшу жөніндегі тапсырмалары шеңберінде Үкімет ішкі нарықты отандық тауарлармен толық қамтуға назар аударып отыр. Үкімет отырысында «терең қайта өңдеу» жобаларын іріктеу тетіктері туралы «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин баяндады.
Оның айтуынша, даму институттары ресурстарды 15-20 негізгі индустриялық алпауыттарды іске қосуға жұмылдырмақ, ал шағын бизнесті қолдау 7 млрд теңгеге дейінгі мемлекеттік кепілдікпен екінші деңгейдегі банктерге өтеді. Бұл мемлекетке металлургия, химия және АӨК импорттарын алмастыра алатын зауыттар жобасын тезірек қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге басты назар аударылуда.
Салалық министрлікпен бірлесіп ет комбинаттары мен сүт зауыттарынан бастап тері мен жүнді қайта өңдеу цехтарына дейін 2,3 трлн теңге сомасына 208 жоба іріктелді. Индустриялық блок бойынша металлургияда 3,9 трлн теңгеге 23 жоба жөніндегі жұмыстар жалғасуда, оның ішінде кальцийленген және каустикалық сода шығаруды қоса алғандағы, химия өнеркәсібін дамыту жобалары бар.
«Қазіргі уақытта 3,4 трлн теңге сомасына 449 инвестициялық жобаның тізбесі қалыптастырылды. Негізгі басымдық – қосылған құны жоғары өнімді шығаруға көшу. Атап айтқанда, Қазақстан Даму банкі шикізаттық емес экспортты қолдауға 2 трлн теңге бағыттайды, ал Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы тамақ өнеркәсібі жобаларын 1 трлн теңгеге қаржыландыруды қамтамасыз етеді», — деді Рустам Қарағойшин.
Abai.kz