Сәрсенбі, 18 Ақпан 2026
Ақмылтық 229 0 пікір 18 Ақпан, 2026 сағат 17:14

Күштінің арты дирімен тартса, әлсіздер не істемек?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Немесе ЕАЭО ішіндегі дипломатиялық емес дау-дамай туралы

Сонымен, Еуразиялық одақта (ЕАЭО) сауда соғысы басталған сықылды.

Былтыр Мәскеу Қазақстанда құрастырылып, Ресейде сатылатын автокөліктердің кеден салығын күрт көтеріп жіберген. Ол болса, ЕАЭО шеңберіндегі келісімдерге томпақ келеді.

Міне, жаңаша тарихымызда алғаш рет мінез танытып, Қазақстан жағы одақтас һәм көрші тарапынан орын алып отырған мұндай менменшілдікке әбден орынды һәм лайықты жауап беріп отыр.

ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан жағы да Ресейден біздің елге келетін автокөдіктерге салынатын салықты 40 есе көтермек.

Қазақ мүндайда «Ә» дегенге «Мә!», - деді», - деп» айтады.

Дұрыс болған екен!

«Елдік эгоизм» деген құбылыс бар. Өз басым оны құптаймын, өйткені кез келген мемлекет халықаралық деңгейде белгілі бір шешім қабылдағанда, ең алдымен, өзінің ұлттық мақсат-мүддесіне басшылыққа алуы тиіс. Ол - бұлжытпай орындалуы тиіс аксиома.

Алайда, мемлекет басқа мемлекеттермен ортақ келісімге келіп, ынтымақтасуға уағдаласқанда өзінің экономикалық егемендігінің белгілі бір бөлігімен өз еркімен қоштасуға мәжбүр әрі міндетті. Әйтпесе, ол қандай ұйым?

Өз басым осынау мүдделер қақтығысының жария алаңға шыгуында жаңаша, бөлек мән бар деп санаймын. Осынау жалқы жайттан жалпы проблема һәм тенденция бой көрсетіп қалады. Оның аты – ЕАЭО секілді құрылымның экономикалық, саяси және моральдық дағдарысының одан сайын ұлғая түсуі.

Ойымды таратып, түсіндіріп көрейін.

Біріншіден, экономикалық дағдарысқа келсек, ЕАЭО-ға мүше елдердің өздерінің түпкілікті де түбегейлі мүдделерін қорғау ниеті біртіндеп күшейе бермек. Әйтпесе, болмайды. Біреу біреудің жоғын өлең айтып жүріп іздейді, ол мәтел ЕАЭО секілді ұйымға тікелей қатысты.

Сол себепті «егеменді эгоизм» үдей, екпіндей бермек, ол болса, кез келген интеграциялық қозғалысқа өз салқынын тигізеді.

Екіншіден, саяси дағдарысқа келсек,  төрткүл дүниенің астаң-кестеңін шығарып, әлемді бұрын-соңды болмаған әбігерге салып, басқыншы атанған Ресей бүгінде – ЕЭАО-ның белді мүшесі, тіпті оны осы құрылымның іргетасы һәм ұстыны десек те болады. Ол қазір өркениетті дүниеден аластатылған, «токсичный» мемлекет. Сол себепті бір ұйымда бірге жүрген басқа мемлекеттерге осы жайттың салқыны тиіп жатқаны да рас. Ұжымдық Батыс санкцияларының өзі не тұрады?!

ЕАЭО осыдан он алты жыл бұрын құрылса, бүгінде «елу жылда ел жаңа» мәтелі «қарқындай», «үдей» түсті. Ол кезде ЕАЭО бастамашылары, оның құрамына енген елдер, постсоветтік кеңістікті қоршаған сыртқы дүние де мүлдем басқа еді.

Қазір болса, әлем – әлем-тапырық, ғаламдық архитектура мүлдем өзгерген, кешегі, мызғымас боп корінген құрылымдар мен құндылықтар құрдымға кеткелі жатыр. ЕАЭО құрамындағы елдер саяси «жер тартылыс күші» заңына сай Мәскеуден басқа да көрші, бауырлас, ниеттес әріптес һәм достар бар екенін біліп жатыр. Осындай жағдайда Ресей басшылығы өзінің неоимпериялық көзқарасынан арылуы тиіс.

Үшіншіден, ЕАЭО құрамындағы елдерде кешегі совет идеологиясы мен одан туындайтын шартты рефлекстерден мүлдем ада орта буын қалыптасты. Олар бүгінде өз елдерінде билік басына келіп жатыр. Олай болса, өз елдерінің кіммен одақтас болуы керек, соны анықтайтын сол ұрпақ болмақ. Өз басым ол көшбасшылардың Ресей секілді авторитар елге бүйрегі бұрып тұр деп айта алмаймын, олардың басшылыққа алатын құндылықтары өркениеттік деңгейде.

Міне, сырт көзге жалқы боп көрінетін ЕАЭО құрамындағы көліктерге қатысты бір шешім осындай, терең әрі алысқа бағыштайтын тұжырымдарға жетелейді.

Бір нәрсе анық: бүгінде Жаңа Конституция жобасын талқылап, оның мәтініне «халықаралық құқықтың ұлттық құқықтан басым болуы» секілді заңдық норманы қайта қарап жатқан Казақстан билігі, бәлкім, кезінде өзі қатысушы болған талай келісім-шарттың қатаң шеңберінен шыққысы келетін шығар. Оның үстіне Трамптың зауалды заманы орнағалы сол халықаралық уағдаластықтардың құны да құлдырап кетті емес пе?

Мүмкін, осы бір тарихи кезеңнің сәтін пайдаланып, бүгінде Тәуелсіз, геосаяси таңдауы баршылық мемлекет ретінде ЕАЭО секілді күмәнді де күдікті, Ресей секілді бір елге телініп қалған ұйымның құрамынан шығып кетеміз бе, қалай?..

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір