Бейсенбі, 19 Ақпан 2026
Алаң 171 0 пікір 19 Ақпан, 2026 сағат 11:32

Қөші-қон қайта қиындады...

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» басымдарына берген сұхбатында: «Шетелдегі қандастарымызды Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру - біздің парызымыз» деген еді.

Сондай-ақ 2023 жылы 11 қазанда «Отандастар» форумына қатысушыларға үндеу жолдап «Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән береміз. Олардың Атажұртқа қоныс аударуына барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді» деген еді.

Бірақ ісжүзінде жеңілдеді ме? бізше ауырлап бара жатқан сияқты.

16 ақпаннан бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтары шетелден келген азаматтардан «сотталмағаны туралы» анықтаманы және «тіркеуден шыққаны туралы» құжатты, сондай-ақ азаматтық куәлігін апостильден өткізіп әкелуді талап етуде. Сонымен қатар, Қазақстанға оқуға келгісі келетін талапкерлерден жергілікті оқу-ағарту мекемесінің «Қазақстаннан оқуына болады» деген рұқсат қағазын да апостильдетіп әкелу міндеттеліп отыр. Көші-қон органдары аталған құжаттарсыз азаматтыққа қабылдау жүргізілмейтінін айтуда.

Бұл талаптар Қытайдағы қандастарға ауыр салмақ түсіріп отыр. Бұған дейін негізгі құжаттарды апостильден өткізу үшін бір азамат шамамен 400 мың теңгеге жуық қаражат жұмсаса, енді қосымша үш құжаттың енгізілуі бір адамға кететін шығынды 600 мың теңгеге дейін арттырады. Қазақстанға келгеннен кейін құжаттарды аудару және заңдастыру шығындарын қоса есептегенде, бір отбасы үшін бұл сома 1 миллион теңгеден асып түседі. Бұл — тарихи Отанына оралған отбасы үшін едәуір ауыр жүк.

Мәселе тек қаржыда емес. Ең бастысы — Қытай тарапы «сотталмағаны» және «оқуға рұқсат етілгені» туралы анықтамаларды қазақ ұлты өкілдеріне оңайлықпен бермейді. Ал тіркеуден шығу үшін азамат бұрынғы барлық мүлкінен бас тартуы, түрлі дәлелдер ұсынуы, тіпті жалға берілген жері немесе өтелмеген аз қарызы болса, одан толық құтылуы талап етіледі. Сонымен қатар, «неге көшесің?» деген сұрақ арқылы саяси сипаттағы қысым көрсету тәуекелі де бар. Бұл жағдай қандастарды қиын әрі қауіпті таңдауға мәжбүрлейді.

Тәуелсіздік алғаннан бері көші-қон саясатының салыстырмалы түрде қолайлы кезеңдерінде атажұртқа 1,5 миллионға жуық қандас оралып, ел демографиясына, еңбек нарығына және ұлттық бірегейлікке елеулі үлес қосты. Ал соңғы өзгерістер көші-қон үдерісін күрделендіріп, тарихи Отанына оралғысы келетін азаматтардың жолына үлкен кедергілер қойып отыр.

Соңғы 30 жылда Қазақстанға Қытайдан қоныс аударған қандастардың басым бөлігі көші-қон бағдарламасы аясында емес, жеке сапармен келіп, осында азаматтық алғаны белгілі. Егер бүгінгі талаптар бұрын қолданылғанда, олардың көпшілігі елге орала алмас еді. Қазірде Қытайдан көшіп келіп жатқан ағайындар жеке сапармен келіп, Қазақстан азаматтығын алып жатыр. Ал көші-қон арқылы келіп жатқандардың үлесі біз білгенде 1 пайыз төңірегінде.

Қандастар мәселесі — тек көші-қон мәселесі емес, ол — демография, ұлттық қауіпсіздік және тарихи жауапкершілік мәселесі. Сондықтан бұл бағыттағы шешімдер барынша сарабдал, жан-жақты және ұлттық мүддеге сай қабылданғаны дұрыс. Халықаралық талап деп Ұлттық саясатта көрші елдің ығына жығыла беру, оның ішкі әкімшілік рәсімдерін сол күйінде қабылдай салу — егемен елдің ұстанымына сай келмейді. Әсіресе, тарихи Отанына оралғысы келетін этникалық қазақтарға қатысты мәселеде мемлекет мүддесі мен ұлт мүддесі басымдыққа ие болуы тиіс.

Осы ретте, Қытай тарапынан түрлі себептермен күрделендірілетін анықтамалар мен тіркеуден шығу талаптарын бұлжытпай негізге алу қандастардың жағдайын одан әрі қиындатады. Мұндай жағдайда Қазақстан тарапы жеңілдетілген, баламалы немесе ішкі тексеру тетіктерін қарастыруы қажет деп санаймыз. Өйткені мәселе жай ғана құжат рәсімдеу емес — бұл адамдардың тағдыры, ұлттың болашағы.

«Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан» деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Қазақстан күллі ҚАЗАҚТЫҢ тарихи отаны! Атажұртқа оралу олардың жеке және тарихи құқығы.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» заңында «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды» деп анық жазылған.

Ендеше осы заңды негізге, ұлттық мұддені басшылққа алмай, келем деген ағайынға «ана құжатты әкел, мына құжатты әкел» деп кеудесінен итеру қаншалық заңды? Онысыз да қазақ тілді мектептер жабылып, балалары ана тілден ажырап бара жатқан қандастарға құжат арқылы тосқауыл қоюдың аяғы Қытайдағы 2 миллион қандасыздан тірідей айырылуға апарып соқпай ма?!

Ұлт тағдырына бейжай қарамайтын азамат ретінде бұл мәселе Мемлекет тарапынан жан-жақты қаралып, әділетті шешім қабылданады деп сенемін.

Қалиакбар Үсемханұлы

Abai.kz

0 пікір