Сейсенбі, 24 Ақпан 2026
Жаңалықтар 169 0 пікір 23 Ақпан, 2026 сағат 23:11

Жалпыұлттық коалиция белсенділері үгіт-насихат жұмыстарын бастады

Сурет: Жалпыұлттық коалиция штабынан алынды.

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалиция белсенділері өңірлерде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру шараларын қолға алды.

Астана қаласынан бастау алған жұмыс, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкентте жалғасын тапты. Белсенділер  белгіленген орындарда үгіт-насихат плакаттарын ілумен қатар, ақпараттық-түсіндірме парақшаларын азаматтарға таратуда.     Сондай-ақ Халықтық штаб мүшелері мен белсенділер еліміз бойынша ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Жалпыұлттық коалиция штабының мүшесі, «Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ержан Хамитов науқанға еліміздің барлық өңірлерінен жастар белсенді қатысып жатқанын атап өтті.

«Коалиция жұмысы басталысымен 3 республикалық маңызы бар қала мен 17 облыста құрылған штабтар жанындағы белсенділер жүйелі іске кірісті. Бүгінде жастар офлайн форматта ақпараттық материалдарды таратып, азаматтарға Жаңа Конституцияның мазмұны мен 15 наурызда өтетін референдумның маңызын түсіндіруде. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер арқылы да кең аудиторияны қамтып, онлайн кеңістікте белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі мақсатымыз - қоғамға алдағы саяси науқанның мәні мен маңызын жан-жақты жеткізу», – деді ол.

Штаб өкілдерінің мәліметінше, ақпараттық шаралар облыс және қала орталықтарымен қатар, аудан мен ауылдық елді мекендерді де қамтып отыр. Алдағы уақытта «Есіктен есікке» акциясы ұйымдастырылып, тұрғындармен жеке форматта жүздесу жоспарланған. Бұл бастама аясында азаматтардың сұрақтарына нақты жауап беріліп, қосымша түсіндірме материалдары ұсынылады.

Бұдан бөлек, Халықтық штаб мүшелері республика көлемінде кездесулер ұйымдастырып, Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін кеңінен түсіндіруде. Тұрғындармен ашық пікір алмасу форматында кездесулер өткізіліп, азаматтардың сауалдарына жауап беріліп, ұсыныстары ескерілуде.

Айта кету керек, жетекші қоғамдық-саяси күштер «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалиция аясында бірікті. Оның құрамына саяси партиялардың орталық және өңірлік құрылымдары, республикалық қоғамдық бірлестіктер, Парламент пен мәслихат депутаттары, ғылыми-сарапшылық қауым өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, кәсіподақ ұйымдары, салалық қауымдастықтар мен жастар ұйымдары енген.

Қазіргі уақытта коалиция мүшелері аймақтардағы түсіндіру іс-шараларын жалғастыруда. Референдум қарсаңында еңбек ұжымдарымен, сарапшылармен және тұрғындармен кездесулер өткізу арқылы ашық диалог алаңдарын кеңейту көзделіп отыр. Негізгі басымдық азаматтардың саналы әрі жауапты түрде шешім қабылдауына жағдай жасау.

Abai.kz

0 пікір