Сәрсенбі, 25 Ақпан 2026
Әдебиет 2340 0 пікір 25 Ақпан, 2026 сағат 13:41

Ересек һәм өрімтал оқырманға арнау

Коллаж: Abai.kz.

Жазушы, публицист, тарихшы-ғалым, қоғам қайраткері Бейбіт Қойшыбаевтың 1970 жылы алғаш рет жастардың жаңа басылымы «Жалын» альманағын жарнамалау сипатында «Лениншіл жаста», одан «Жалынның» сол жылғы 6-шы санында жария болған әңгімесі әділдікті, тәртіпті сүйетін, бұл ретте тіпті мұғалімнің де бұра тартуын кешпейтін, комсомолға қабылданғанына ерекше қуанып, ұстазына ғашық боп жүрген он төрт жасар жеткіншек жайында-тұғын. Содан бері балалар мен жасөспірімдер және жастар тақырыбына қаламгер «Ай нұры», «Алтын діңгек», «Жас қалам», «Жақсы көрем», «Өрімтал», «Өртең өскіндері»  сынды бірқатар  әңгімелер мен повестер жинақтарын,  «Дүние-кілт», «Киелі мұра» романдарын шығарды.

Қайта құру жылдары «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын құрушылар қатарында болып, Қоғам бағдарламасына сталиндік репрессиялармен қатар ашаршылық шындығын ашуға атсалысуды міндет етіп енгізді. Тарихтағы «ақтаңдақтарды», Алаш (қазақ) ұлт-азаттық қозғалысы тарихын, оның саяси репрессияға ұшыраған қайраткерлерінің өмір жолдарын зерттеумен шұғылданды. Оқырманға төрт томдық «Түнектен оралған есімдер» зерттеулер жинағын, «1905 жыл» роман-хроникасын, «Әлихан Бөкейханов», «Ұлт театры шаңырағын көтеруші» зерттеу туындыларын, «Бақытжан Қаратаев», «Сұлтанбек Қожанов», «Комиссар Жүргенов» романдарын ұсынды. Қоғамның 25 жылдығына – «Әділет» туымен ширек ғасыр», 30 жылдығына – «Ұлттық апатты тану», сондай-ақ советтік дәуірдегі және тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы күрестен сыр шерткен «Тіл-Ғұмыр», Желтоқсан көтерілісіне  көзқарасты әркімнің азаматтық көрсеткіші тәрізді қарастырған «Желтоқсан – Сын» публицистикалық хроникаларын жарыққа шығарды.

Осылар және басқа да солардай бірқатар еңбектерімен, сондай-ақ «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» тарихи очеркі, «Тәуелсіздік тамырлары» атты тарихи танымдық миниатюралар, зерттеулер, мақалалар, сұхбаттар жинағы, он дәптерден тұратын «Алашия» рисәләсімен жазушы өзінің шығармашылық концепциясына сәйкес жас ұрпақты тарих арқылы тәрбиелеуге елеулі үлес қосуды мақсат еткен. Бұлармен қоса ол «Шикула и К» баспасының Оқу министрлігінің қолдауымен әдебиетті балаларға арнап екі тілде  шығару бағдарламасына белсене атсалысып, орыс тілінде жазылған 19 балалар кітабын қазақ тіліне аударды.

Бейбіт Қойшыбаевтың балалар мен жасөспірімдер өмірінен жазылған әңгімелері, заманауи және фантастикалық хикаяттары енген «Ғажайып шақ» атты кітабы Мәдениет министрлігінің арнайы бағдарламасымен 2024 жылы Алматыдағы «Sardar G» баспасынан жарық көрді. Оқырманға арнауында автордың өзі атап айтқандай, кітапқа «бүгінгі мектеп оқушысының атасы мен әжесі балалық шағында бастан кешкен» оқиғалар арқау болған. Осынау белгілі бір тарихи кезеңде өмір сүрген балауса шәкірттердің қызықты әлемін елестететін туындылар топтамасында жас ұланның оқудағы, қоғамдық пайдалы еңбектердегі тағлымды іс-әрекеттері, ізденістері, өзара достық қарым-қатынастары суреттеледі. Ендігі сөз кезегін автордың өзіне берейік.

Бейбіт Қойшыбаев:

– Қымбатты жас достар, бұл кітаптан cіздер өздеріңіздің  ата-әжелеріңіздің балалық шағын арқау еткен  әңгімелер мен хикаяттарды оқи аласыздар. (Мен бұл сөзімді бүгінгі аға буынға, сіздердің ата-аналарыңызға да арнағым келіп тұр).

Cіздер, бүгінгі орталау және орта мектептердің шәкірттері – жеткіншектер мен жасөспірімдер – адам ғұмырының ең бір гүлбақшалы, көрікті, таңғажайып кезеңін бастан кешіп келесіздер. Сіздердің осынау бақытты балалықтарыңыз еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігі жағдайында өтіп келеді. Білесіздер ме, сіздер өмір сүріп жатқандай таңғажайып маусымды өздеріңіз секілді бала болған сіздердің әке-шеше, қарт ата-әжелеріңіз де бастан кешкен. Тек олардың балғын, балдәурен шағы тәуелділік дәуірде, советтік заманда өтті. Әр ұрпақ өмірінің өзіндік көктемі болады, олар да өздеріне сол совет дәуірінде тап келген өз көктемінде гүлдеді. Сосын есейді, ер жетті, талайы тәуелсіздікті тақалтуға үлес қосты, көбі бүгінгі жаңа, тәуелсіз өмірді замана талабына сай құруға атсалысып келеді.

Қазір енді, міне, олардың сол кеңестік дәуірде бастан кешкендеріне немерелері, сіздер, бүгінгі тамаша ұлбалалар мен қызбалалар, осы кітап арқылы, сөз жоқ, қызыға көз саласыздар. Қызыға қарайсыздар да, бұдан жарты ғасыр, тіпті одан да көп уақыт бұрын сол заманғы құрбы-құрдастарыңызды қандай сауалдар толғантқанын көресіздер.

Мәселен, бүгінгі ересек ұрпақ (өздеріңіздің ата-ана, қарт ата-әжелеріңіз) балғын балалық шақтарын қалай өткізді? Нені жақсы көрді, нені ұнатпады? Қалай оқыды? Оқудан бос уақыттарында қандай қоғамдық-пайдалы жұмыстармен шұғылданды?  Каникулдарын қалай өткізді? Қандай қиялдарға, армандарға берілді? Ересек буынмен қарым-қатынастары қалай болды, нені үйренді, неден жиренді? Әділдікті, адалдықты қалай түсінді? Шындық үшін күресіп байқады ма? Достық сезімдері қайтіп шарықтады? Келешек дербес өмір сүру кезеңіне қалай әзірленді, болашаққа қандай жоспарлар құрды?

Осының бәрі жайында жинақтағы туындылардан жауап таба аласыздар және, міндетті түрде, оқығандарыңызды іштей өз өмірлеріңізбен, өздеріңіздің болашақ жоспарларыңызбен салыстырасыздар.

Кітапқа енген әңгімелер мен хикаяттар негізінен бас кейіпкердің  аузымен, бірінші жақтан баяндалады. Әр туындының бас кейіпкері өзінің жас ерекшелігіне, албырт көңіл-күйіне, дүниетанымына, өмірге көзқарасына сәйкес сөйлейді. Құрбы-құрдастарымен бірге өткеріп келе жатқан өз тыныс-тіршілігінен өзінше сөз саптауымен, өзіндік тіл қолданысымен жеңіл юмор араластыра отырып сыр шертеді. Және қай шығармада болсын, айтып берген үлкенді-кішілі оқиғасынан әлдебір тағылымды ой түюді оқырманның өзіне қалдырады.

Не керек, cіздердің алыс замандағы  құрбы-құрдастарыңыз, ал олар – өздеріңіздің бүгінгі ата-әжелеріңіз, қымбатты жас достар, сіздерге өздерінің жеткіншек және жасөспірім шақтарынан қызықты да танымды әңгіме айтып береді. Және олары сіздерді небір тартымды жаңалыққа кенелтеріне күмән жоқ.

Кітаптағы хикаяттар мен әңгімелер негізгі кейіпкерлердің жастарын, қозғайтын тақырыптарын ескеріп, алты шағын бөлімге жіктелген.

Алғашқы бөлімдегі туындылардың бірінде жеткіншек шәкірттердің білім айдынындағы ізденістері әңгімеленеді. Келесісінен шығармашыл оқушының  анасына қандай өзіндік тосынсый әзірлегенін білеміз. Сондай-ақ  сондағы шым-шытырық оқиғаға құрылған шығарманың кейіпкері өзін заманға лайық озық оқушы қатарында санағанымен, ертеректегі ересектерше әсіресаясилыққа бой алдырған басты кемшілігін қалай ұққанын айтып береді.

Келесі бөлімдегі бір хикаят ізденімпаз, білімқұмар, әділетшіл балалардың  саналы еңбек етуге деген құштарлықтарын, мектеп қабырғасында жасаған ғылыми тәжірибелерін, қоян өсірудің заманауи тәсілін қалай игергендерін баяндайды. Екінші хикаятта тағы бір мазасыз жеткіншектердің мәдени жайылым деп аталатын екпе шөп телімдерін жасап, қозы-лақ өсіруге кірісуі, сол әрекеттерінің негізінде малды ескі әдіспен бағатын атасының еңбегін жеңілдетуді көздейтін ұсыныс қорытуы әңгімеленеді.

Үшінші бөлімде қиялшыл балалардың жазғы демалыс лагерьлерінде бастан кешкендері тілге тиек болған. Алғашқы хикаятта алыс планетадан келген өзара дұшпандық қарым-қатынастағы тіршілік иелерімен тосын жағдайда кездесулері, келесісінде оқу озаттарының арнайы жолдамамен ғарыштағы лагерьге сапар шегуі, фантастикалық космос лифтімен Көк аспан лагеріне саяхат жасауы, астроқалашықта зұлымдық әрекет жасаушылармен ұшырасуы әңгіме болады. Алыс заманғы құрбы-құрдастарыңыздың ғылыми-техникалық фантастика көкжиегінде самғаған қиялдарымен танысу сіздерді де бей-жай қалдырмас деп ойлаймын.

Төртінші бөлімде әртүрлі мінезді балалар өздері жайында қызықты сыр шертеді. Алғашқы әңгімеші оқырманға әжесінің ертегілерін тыңдауға құмар  бала мен роботқа бағдарлама жасап жүрген интектуал сыныптасын таныстыра келе, солардың қайсысы өзінің нағыз досы  деген сұрақты елеусіз алға тартады. Одан кейінгі туындылардың қилы сюжеті астарларында да осы сауал бой көрсетеді. Меніңше, бүгінгі ұлан бұған жайбарақат қарамаса керек.

Бесінші, алтыншы бөлімдердегі әңгімелер мен хикаяттарға  ауыл және қала мектептері шәкірттерінің қызықты бастан кешкендері, баршасына ортақ достық сезім, жасөспірімдердің дүние танулары, арман-қиялдары, болашаққа деген жоспарлары арқау болған. Ертедегі өскелең ұрпақтың әлемді ересектерше тануға тырысуы, келешек тіршілікке өздерінше дайындалуы олардың қазіргі таңдағы құрбыларына да таңсық емес.  Сөз жоқ ойлантады, өйткені шығармалар жеткіншек, жасөспірім көңіліне жақын, қызықты, тартымды, өрімталдарға жарасымды ойнақы, жеңіл тілмен жазылған.

Кітапты оқуға бел буған қымбатты жас достар, сіздерді алдарыңызда осындай таңғажайып әлеммен кездесу тосып тұр. Аға  ұрпақтың балалық кезеңін суреттейтін «Ғажайып шақ» жинағынан жақсы әсер, танымды мағлұмат алып, болашақ зиялы азаматқа аса қажет қасиеттерді тани түсулеріңізге, сөйтіп өздеріңіз бойға сіңіріп келе жатқан отансүйгіштік сезімдеріңізді, мектепте алып жүрген білімге құмарлық, әділеттілік, адамгершілік сабағын байыта берулеріңізге тілектестігімді білдіремін. Ал ересек буын, ұстаздар мен тәрбиешілер балаң шәкірттерінің кітаптан рухани ләззат алып оқуына ақылшы, жәрдемші болар деп үміттенемін.

Abai.kz

0 пікір