Бейсенбі, 26 Ақпан 2026
Жаңалықтар 87 0 пікір 26 Ақпан, 2026 сағат 14:39

Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 26 трлн теңгеден асты 

Сурет: EGOV.KZ сайтынан алынды

Соңғы 12 айда жинақ көлемі 3,74 трлн теңгеге немесе 16,5%-ға ұлғайған.

2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының көлемі 26,36 трлн теңгеден асты. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мәлімдеді. Соңғы 12 айда жинақ көлемі 3,74 трлн теңгеге немесе 16,5%-ға ұлғайған.

Қай жарналар өсті?

Жинақтың негізгі бөлігін міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) құрайды – 24,81 трлн теңге. Бір жылда бұл көрсеткіш 14,4%-ға артты. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) 736,07 млрд теңгеге жетіп, 13,2%-ға өсті.

Ең жоғары өсім ерікті зейнетақы жарналарында тіркелді – 23,6%. Олардың көлемі 9,89 млрд теңге болды.

2024 жылдың 1 қаңтарынан енгізілген жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) бойынша шоттарда 807,75 млрд теңге жинақталған.

Қанша қаржы түсті және қанша төленді?

2026 жылдың қаңтар айында жеке және шартты зейнетақы шоттарына 264,65 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп.

Қаңтар айындағы қордан төлемдер мен аударымдар көлемі 124,27 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде:

  • жасына байланысты төлемдер – 17,30 млрд теңге;
  • тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге арналған біржолғы төлемдер – 47,88 млрд теңге;
  • мұрагерлік бойынша – 17,80 млрд теңге;
  • шетелге тұрақты тұруға кетуіне байланысты – 3,09 млрд теңге;
  • сақтандыру ұйымдарына аударымдар – 36,99 млрд теңге.

Зейнет жасына байланысты кесте бойынша орташа ай сайынғы төлем 38 312 теңгені құрады.

Шоттар саны артты

2026 жылғы 1 ақпанда зейнетақы жүйесінде 18,28 млн шот тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғыдан 1,04 млн-ға көп. Оның ішінде 12,73 млн – жеке зейнетақы шоттары, ал 5,55 млн – жұмыс берушілердің міндетті жарналары есептелетін шартты шоттар.

Abai.kz

0 пікір